Басты бет Саясат Достық пен татулықты ту еттік

Достық пен татулықты ту еттік

0
171

    Астана қаласында Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары бас қосты. Бұл кеңестің маңыздылығын келген қонақтардың салмағынан байқауға болады. Алып держава саналатын мемлекеттің Пррезиденттері біздің Ақордаға табан тіреді. Отырыс басталарда делегация басшылары Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды. Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде баяндады. Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды.

– Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті айтылған барлық ұсыныс ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ игі мақсаттарға қол жеткізуге барынша үлес қосуға деген шынайы ниеттен туындағанын атап өтті.

Көршіңмен тату болсаң берекең кіреді, араз болсаң мазаң кетеді. Бұл кеңестің мақсаты көрші мемлекеттермен татулық орнатып, достық қарым-қатынасты әрі қарай жандандыру. Ойлаған ойымыз бен жоспарымыз бейбітшілікті ту ету, жақсы өмірді қалыптастыру.

Қалабай МЕРЕЙІМОВ,

зейнеткер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…