Басты бет Мәдениет және руханият ӘЛМЕРЕК БАТЫР ТҰЛҒАСЫ МЕН ШОНЖЫ АТАУЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

ӘЛМЕРЕК БАТЫР ТҰЛҒАСЫ МЕН ШОНЖЫ АТАУЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

0
257

Ұлы тұлғалар өздерінің мәдени-ғылыми, рухани-әлеуметтік басымдылықтары арқылы тарихтың сан алуан белестерінде ел мен жердің қажеттіліктерін анағұрлым толық қанағаттандырып, оның дамуына айтарлықтай үлес қосқан, атқарған қызметі өз өлкесінің аясынан шығып, әртүрлі тарихи дәуірлер мен кезендерде бүкіл қазақ даласына танымал болған адамдар. Сондықтан кез келген тарихынан сабақ алатын мемлекет ұлы тұлғаларын әспеттеген, себебі өткеннің осы тұлғалардың қызметі арқылы зерделенеді, өйткені қоғам тарихында басты рөлді ұлы тұлғалар атқарады. Тарихтан белгілі әрбір халық үшін өзінің дана, отан сүйгіш, елжанды, өр мінезді, алып тұлғалы перзенттерінің үлгісі маңызды. Халықтың халық болуы, мемлекеттілігі, тарихы мен мәдениеті, өнері мен өнегесі озық көшбасшылардың қызметінің арқасында қалыптасады.

Жуық арада Әлмерек абызға арналған ескерткіш пен аллеясы ашылмақ, осыған байланысты көптеген сұрақтардың, соның ішінде оның тұлғалық деңгейі мен өмір тарихы, не себепті Шонжы ауылына орнатылып жатыр деген сұрақтардың туындауы қалыпты нәрсе. Дегенімен, осы сұрақтарға жауап боларлық ойларымызды қысқа тұжырымдап негіздеп беруге тырысайық.

Бірнеше жыл бұрын Алматы қаласында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Ұлы даланың ұлы есімдері: зерттеудің методологиялық әдістері» атты Республикалық дөңгелек үстел өткен еді. Дөңгелек үстел мақсаты «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын орындау шеңберінде ғылыми зерттеулерді жүзеге асырудың жалпы әдіснамалық тәсілдерін әзірлеу, «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасының Жобасын және ғалымдар қауымдастығы мақұлдаған әрі жалпыұлттық мүдделерге сай келетін, ғылыми тұрғыдан қалыптастырылған «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімін талқылау болды.

Енді осы жобаға кеңірек тоқтала кетейік. Қазақстан Республикасының Президенті атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашудың негізгі мақсаты ретінде Қазақ халқының ұлттық бірегейлігін нығайту болып табылатынын атап көрсеткен еді. Бұдан басқа, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің өзекті галереясын жасауды қолға алу, сондай-ақ «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет делінді.

Ал, бұл үшін Қазақстан Республикасының тиісті ұйымдастырушылық, зияткерлік және нормативтіқ-құқықтық базасының бар болуы «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябағы жобасын іске асыруға мүмкіндік беретінін атап кеткеніміз жөн. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңында (1992 жылғы 2 шілде), ерекше термин: «жаңадан тұрғызылған монументальдық өнер туындылары» деген бар, оның мәні, ұлы тұлғалар мен аса маңызды тарихи оқиғаларды мәңгілік есте қалдыру үшін салынған монументальдық өнер туындылары (ескерткіштер, стеллалар, бюстілер) қолданысқа түседі.

Міне осылай, тарихтың белгілі кезеңдерінде әртүрлі мемлекеттер тұтастай ансамбльдер мен мемориалдық кешендерді салғандарын көріп отырмыз, олардың мақсаты кезінде мемлекеттіліктің қалыптасуына ерекше үлес қосқан атақты қайраткерлерін, ұлттық қаһармандарын мәңгі есте сақтау.

Қазақстан туралы айтатын болсақ, қазақтың әскери, қоғамдық, мемлекеттік, сондай-ақ мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған көптеген ескерткіштер бар, бірақ олар, әдеттегідей, ортақ тақырыптағы ансамбльдер мен мүсіндік ескерткіштер тобын құра алмаған, міне сондықтан да оқу- ағартушылық энциклопедиялық саябақты құрудың қажеттілігі туындап отыр.

Жобаны жасау барысында анықталғаны, қазіргі кезде аталған мәселе бойынша кешенді қамтылған іргелі зерттеулер іс жүзінде жоқ деп айтуға болады, Ұлы дала аумағындағы тұлғалардың тарихи үрдістерге тигізген әсері мен қосқан үлесінің ғылыми негізделген критерилері нақтыланбаған. Сондықтан да, Қазақстан тарихындағы ұлы есімдерді, тым әсірелемей тұтастай ала, жанды образын жасай отырып зерттеу мен танымалдандыру қажет. Ұлы дала аумағындағы тұлғалардың тарихи үрдістердегі орнын «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағын құру оқу-ағарту энциклопедиясын жасауға, ұлы ойшылдар, ақындар мен өткенің ұлы билеушілерінің бейнесін жасайтын галереясын қазіргі әдебиетте, театрда, музыкада және көркем суретте жекелеген Интернет ресурстарында орналастыруға ғылыми нұсқаулық болатын ұсыныстар дайындау қажет.

Әрине, жоба барысында күтілетін нәтижелер көп, дегенімен солардың негізгі дегендеріне тоқтала кететін болсақ, бұл ең алдымен «Ұлы Даланың Ұлы есімдерінің» өмірі мен қызметі туралы ғылыми деректерді және материалдары айналымға тартылады. Сонымен қатар, «Ұлы Даланың Ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедия-саябағы интерактивті картасын жасау арқылы геоақпараттық технологияларды пайдалана отырып мультимедиялық қосымшалар арқылы қазақ халқының ұлы тұлғаларының өмірі мен қызметімен танысу мүмкіндігіне қол жеткізіледі. Ал, халықаралық аренада Қазақстан мен қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын танымал етудің тиімді тетіктері әзірленіп, жүзеге асыру мақсаты да қойылған. Туристік кластерді қалыптастыру, экскурсиялар және білім беру мақсаттарына арналған басқа да іс-шаралар үшін «Ұлы Даланың Ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедия- саябағы мүсіндік ескерткіштерін пайдалану жүзеге асырылады. Отандық, аймақтық және халықаралық деңгейде қазақ халқының Ұлттық тарихи мұраларын насихатталады. Қазақ халқының бірегейлігін нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге де қосар үлесі болмақ. «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала Елі» идеялары негізінде қазақ халқының нығайтылады.

Жаһандану тартылу үрдісіне барысында құндылықтардың жойылу қауіпі мен еуропалық ұстанымдар үлгісінің басымдылық көрсетіп бара жатқанын айтпасак болмайды. Бұл әсіресе тәуелсіздігін енді қалыптастыра бастаған елдер үшін аса қауіпті. Сырттан ағылып, ентелеп еніп жаткан ақпараттар тасқыны санасы толық жетіліп болмаған жастарымыз үшін сол күйінде, ой елегінен өткізіп жатуға мұрша берместен қабылдануда. Нәтижесінде Батыстық құндылықтар (жеке тұлға мүддесінің үстемдігі, тек өзі үшін ғана өмір сүру, қандай жолмен болсын пайда табу, және т.б.) үстемдік құрып, ата салтымыз бен отбасылық құндылықтарымызға нұқсан келтіріп, мүлдем ұлтымызға тән емес жат пиғылдар мен теріс діни ағымдардың мысқылдап еніп жатқанына куә болып отырмыз. Міне осыған қарсы тұрарлық идеалогиялық негіздеме ретінде жоғарыда аталған бағдарламалық жобаны атап өтуіміз керек. Соның ішіндегі аса маңыздыларының бірі Қазақстан азаматтарының бойындағы Отан сүйгіштік қасиетін одан әрі нығайтуға бағытталған «Туған жер» бағдарламасы. Бұл біздің қауіпсіздігіміздің стратегиялық негізі, тәуелсіздігіміздің кепілдігі мен тұғырлық тірегі. Олай дейтін себебіміз, ата бабамыздан бері қалыптасқан дәстүр бойынша кіндік қаны тамған жерін, туған үйін (мейлі ол, «Ат байласа тұрғысыз», қу дала, тақыр болса да) тастап кетпей «киелі мекен», «ата-бабамның» жерленген аруақты жері деп қастерлеп, тапжылмай отыруы нәтижесінде, бастарынан қаншама қайғы-қасірет өткенімен, жойылып кетпей, сол зұлматтардан аман шығып, осыншама ұланғайыр территорияны аман алып қалды.

Жоғарыда айтылған жобаға тікелей қатысы бар тұлғалардың бірі Әлмерек Жаншықұлы. Ол жауға тізесін бүкпеген батыр, соғыс өнерін шебер меңгерген қолбасшы, сөз қадірін ұғынған шешен, ақылман-абыз, батагөй дана және қасиет дарыған тарихи тұлға. Сондықтан да оның есімі ел жадында сақталғандығын айқындайтын мүсіндік ескерткішінің салынуы аса қажет деген ойдамыз. Енді осы айтқанымызға негіздеме боларлық, тұлғаның шежірелік тарихына тоқталайық.

Әлмерек Жаншықұлы (1658 – 1754 жж.) – халық батыры, шешен, абыз. Негізгі мәліметтер халық ауыз әдебиеттерінде, батырлық жырларда жақсы сақталған. Энциклопедиялық еңбектерде Әлмерек Жаншықұлы туған жылы бірдей көрсетілгенімен, мысалы «Айбын» энциклопедиясында: (Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. — 880 бет.) «1658 ж. қазіргі Алматы қаласындағы «Әлмерек тоған» (бұрынғы Гагарин аулы) деген жерде туған. 1756 ж. қайтыс болған» деп көрсетсе, Жетісу энциклопедиясында: «Әлмерек Жаншықұлы 1658, Әулиеата маңайында дүниеге келген (қаз. Жамбыл облысы) 1754 жылы  айтыс болған, Алматы өзені жағасы (қаз. Әлмерек ауылы) батыр, шешен, көріпкел» деп көрсеткен (Жетісу энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. 712 бет). Әлмерек Абыз Қазақ-Жоңғар соғысына басынан аяғына дейін қатысқан батыр. Соғыс ақырына қарай қартая бастағанда әскерге сарбаз жаттықтырумен айналысады. Шәкірттерінен атақты Райымбек батыр, өзнемересі Саурық батыр шыққан. М. Әуезовтың «Қилы заманында» айтылған Ұзақ батыр да осы кісінің тікелей ұрпағы.

Сонымен қатар жаратылысынан бойына сіңген қасиетін пайдаланып әскерге емшілік жасау, халықтық емшілік, билік, имамдық, мұсылманша бала оқыту кәсіптерімен шұғылданған. Күші басым дұшпанды көзбайлау арқылы жекпе-жекте сөзсіз жеңу әдісін қолданған және шәкірттеріне үйреткен. Раймбек батыр күші басым жау мен жекпе-жек шыққанда осы әдісті қолданып, ешбір жағдайда жекпе-жекте жеңілмей кеткен. Бейбіт заманда билі кайтып, ел басқарған. Қазақ балаларын мұсылманша оқытып, Жетісу жеріне ислам дінін таратуға еңбек сіңірген.

Қазақ-жоңғар соғысы біткеннен кейін батыс, солтүстік, оңтүстіктен келген қазақ сарбаздарын жергілікті қыздарға үйлендіріп шекараға жақын жерге қазақтардың жиі қоныстануын ұйымдастырған.

Албан, Суантай паларының ішінде Дулат, Адайт. бруларда болатын кішірулар жиі кездеседі. Ол кісіден 12 ұрпақ тараған. 12 рулы ел Құрман деген Әлмеректің бір баласының атымен аталады. Әлмерек ұрпағы Құрмандар албанның ішіндегі ең көп тараған (Қабырға жетпес қара Құрман) руға жатады.

Қытайдағы қазақтардың мәліметі мен деректері негізінде жазылған Әскер Тойғанбектің «Қайран елім» деген деректік романында (Тойғанбек Әскер. Қайран елім: 3 томдық роман/ Әскер Тойғанбек. – Алматы: «Хан тәңірі» баспасы, 2016. Т.1. – 2016. — 342 б.) жан жақты тұлғалық портреті жасалып, Жоңғар қонтайшысы Ғалдан Бошктудың Шығыс Жетісу жеріндегі қазақтарды бағындыруға 10 мың қолмен жіберген бас қолбасшы батыры Шонжымен болған шайқас пен жекпе-жекте Әлмеректің жеңіске жетіп Шонжының басын алғандығы баяндалған. Бұл мәліметтерді бүкіл өмірін Әлмерек баба мен Д.А. Қонаевтың тұлғалық тарихын жазуға арнаған Ораз Қауғабай да өз кітабында растайды (Қауғабай Ораз. Әлмеректің бес баласы және Еділ- Жайық. Эссе-хикая, тарихи-таным. – Алматы: 2014.-304 бет.). Сонымен қатар, Төлен Қаупынбайұлының «Бабалар аманаты» (Қаупынбайұлы Т. Бабалар аманаты: Тарихи эсселер, аңыздар, очерктер. – Алматы. 1996. – 256 б.) және «Суарылған семсерлер» (Қаупынбайұлы Т.Суарылған семсерлер. Эсселер, тарихи очерктер, толғамдар, аңыздар. – Алматы: «Толғанай Т», – 1999. – 240 б.) кітаптарында ауыл тұрғындарының жазба деректерін (Айтуған Шәйімов Кеген ауылы; Оразалы Батырбеков Шыбышы ауылы және т.б.) пайдалана отырып Әлмеректің және т.б. тарихи бейнесін жасаған. Бұдан да басқа Әлмерек Жаншықұлына қатысты көптеген мақалалар мен баяндамалар түрлі ғылыми-тәжрибелік конференциялар жинақтарында берілген. 1643 жылдан бастап «Орбұлақ» шайқасындағы жеңістен кейінгі, ірі ұрыс Қарадала алқабындағы 1683 жылғы Жоңғар – Қазақ шайқасы. Себебі, жоңғар батыры Шонжының 10 мың әскерін Әлмерек батыр қолбасшылық еткен 6 мың әскердің ойсыратуы тарихта жазылмаған тарихи жеңіс еді. Әлмеректің жанында мыңбасылар, жүзбасылар Албан Хангелді, Шапырашты Түрікпен, Дулат Өтеғұл, Биеке, Байсейіт, інісі Олжай батырлармен бас қосып, жоңғарлардың 10 мың қолын тоз-тозын шығарып, жерімізден түре қуып тастады. Ереуіл атымен егеулі найзасы қолынан түспей Алматы маңы, Қорам, Шелек, Сөгеті, Бұғыты, Көкпек, Торайғыр, Қулық, Қату, Сарыбастау, Жабыр маңында қалмақтарға ойсырата соққы беріп, өзінің үрім-бұтағын қоныстандырған.

Әлмеректен бес бала тараған: Жәнібек, Баба, Құрман, Тоған, Қаракісі. Ұрпақтарының ішінен елге сыйлы батырлар, би- шешендер шыққан. Жетісу өңіріндегі 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісінің басшыларының бірі Ұзақ батыр, атақты күйші Қожеке Назарұлы, жазушы Б.Соқпақбаев Құрманнан тараса, ал қалмақтарға қарсы күрескен Байсейіт батыр, Пұсырман би, орыс отаршылдығына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір сияқты тұлғалар Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпақтары. Әлмеректің екінші баласы Бабадан Қашаған, Тұрысбек, Тоқаннан Баржық батыр, Адыр шешен, кенжесі Қаракісіден Қорам және Бекбау сияқты батырлар шыққан. Әлмерек ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. Халықтың жадында Әлмеректің шығарған даналық сөздері, қара өлең шумақтары сақталған. Іле ауданындағы бұрынғы Гагарин станциясы 2000 жылдан бері Әлмеректің есімімен аталады. Қазір мұнда кешенді кесене, мешіт, мейманхана жұмыс істеп тұр. («Қазақстан». Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ә. Нысанбаев. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 720 бет.).

Ескерткіштің неге Шонжы ауылының кіре берісіне салынуы туралы ойымызды негіздейтін болсақ, осы Әлмерек туралы шежірелерде жекпе-жек барысында басын алған Шонжы атауының шығу тарихына тоқталғанымыз жөн. Шонжы атауы туралы деректер мардымсыз, тіпті жоқ деуге болады, оның басты себебі тарихи беделі мен атқарған қызметі және көзге түсерлік немесе есте қаларлық батырлық әрекеті болмағандықтан ел аузында, шежірелер мен естеліктерде сақталмағандығы.

Шонжы атауы – Жоңғар-Қазақ шайқасынан кейінгі жоңғар батыры жекпе-жекте қазақ батыры Әлмеректен жеңіліп, сол жер «Шонжы өлген» болып аталғаннан бастап айтыла бастайды. Келе-келе «өлгені» түсіп, Шонжы аталып кете барған. Бұл тарихи дәлелді дерек. Оған дейін бұл алқап «Әлмерек жайы», жайлауға көшер, тыныстар, әскерін жаттықтырып жоңғарлармен соғысқа дайындалатын жайлауы, «жайы» делінген. Ел ақсақалдарының айтуында, аңыз әңгімелерінде, әуелі сонау үйсін дәуірінде, Жібек жолы кезінде моңғол татар Шыңғысхан дәуірінде бұл аймақ «Қарадала» сауда жолының бір тармағы болған. Одан кейінгі кезең жоңғар отарлауы, орыс патшалығының отарлауы (Ресей империясы), кеңестік кезеңінде Шонжы атауы – Чунжа, Чунджа аталып келген. Бүгінде қазақшалап Шонжы деп алған жайымыз бар. Түріктанушы С.Е. Маловтың: «Шонжы сөзі «кең, жай, танап» мәніндегі сөз тіркесі» деген пікірін басқа ғалымдар да мақұлдайды. Анық мағынасы мен шығу төркіні қытай жазбаларында да белгісіз. Негізінде Шонжы жалқы есім ретінде жазушы Әскер Тойғанбекұлы «Қайран елім 3 томдық кітабындағы бірінші томында «Әлмерек батыр» бөлімінде жан- жақты толық суреттеліп жазылған. Шонжы жоңғар-ойрат есімі (Дәулет Күнекеев, Аман Дәулетов мақаласы. 2018 ж.), Әлімғазы Дәулетхан мақаласында («Ұйғыр авази» газетінің 2018 ж. 19 сәуірінде жарияланған А.Самсақовтың «Ұйғырчэ йер-су намлери һаққидә» деген мақаласына жауабы) Шонжыны-Чоңжай деген ұйғыр аудармасымен келіспейтіндігін айтып, Шонжы атауын Нәпіл Базылханның «Цонж» алысты қарауылдайтын биік жартас, қорған, бекініс деген мағынаны береді дейді. Шонжы елді мекені орналасқан жер мидай жазық дала, ол жерден жартасты қайдан табамыз немесе көне бекініс орны да табылмаған, олай болса монғолдық аударма бұл жерде орынсыз.

Шындығында тарихи деректерде тек Жоңғар-Қазақ соғысынан кейін ғана сирек кездесетін бұл жер атауы, XVII ғ. соңындағы карталарда кездеспейді мысалы швед Ренаттың (Записки А.И. Макшеева и А.М. Позднеев о монгольском подлиннике карты Рената в «Известиях И.Р. географического общества», 1891 г. вып.1.), Крафтың (Описания средней орды киргис- кайсаков…, собранное 1785 г. капитаном Андреевым) және т.б. Орыс деректерінде мүлдем Шонжы аты аталмайды (Кеген тайшы (Аристов Н.А. Усуни и киргизы или кара-киргизы: Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шаня и исследования по его исторической географии. – Б.: Илим, 2001. -582 с.), Сүмбе зайсан (Материалы для истории Сибири, М., 1867. стр. 101) — деген аттар кездескенімен). XVII-XVIII ғасырлардағы жазба деректер мен ойраттар фольклорындағы Қазақстан территориясындағы жер-су аттары, соның ішінде бекіністер «шибэ (šibë) (сүм)» деген атаулармен берілген.

XVIII ғасырдың ортасы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қытайдың тарихи-географиялық шығармалары авторларының Жоңғар хандығына арналған («Циньдин ханьюй Сиюй тучжи», «Ци Шии Сиюй цзунчжи» және т.б.) еңбектерінде «калуня» деп атаған (И.В. Ерофеева, Б.Ж. Аубакеров, А.Е. Рогожинский и др. Аныракайский треугольник: историко- географический ареал хроника И.В. великого сражения / Ерофеева, Б.Ж. Аубакеров, Α.Ε. Рогожинский, Б.Н. Калдыбеков, Б.Т. Жанаев, Л.Л. Кузекцов, Р.Д. Сала, С.А. Нигматова, Ж.-М.П. Деом. — Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 276 с.). Ал, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақтардың тарихи шежірелерінде көбінесе «қамал» деп аталса (Құрбанғали Халид. Тауарих хамса: (Бес тарих). Алматы, 1992. 105 б.), археологтардың бұл төбелердің үйінділеріне берген атауы «қорғандар» болып табылады (Абрамов Н.А. Древние курганы и укрепления в Семипалатинской и Семиреченской областях. СПб., — 1863. – С.5.).

Міне, қазақ жеріндегі ойраттар бекіністерінің атауының шығу тегін зерттей келе, оның себептеріне тоқталғанымыз жөн. Қытай елшісі (барлаушысы) Боочжу 1714 жылы жоңғар қонтайшысы Цэбан-Рабдан көш-қонысына барғаны кезінде байқағандарын қытай императоры Кансиге ойрат қарауылдарының сөзі арқылы жеткізген: «Біз жан-жағымыздан дұшпандармен қоршалғанбыз: бір жағынан қазақтар, екінші жағынан қырғыздар, сондықтан жыл сайын қарауыл қоюға көптеген жасақтар керек» делінген. Осылай XVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап ойрат қарауыл жасақтары Жоңғар хандығының солтүстік және солтүстік батыс бөлігінде орналастырылды. Аталған қарауылдар орналасқан жерлердің атауы жөніндегі дерек ретінде жалғыз айғақ деп айтуға болатын ел аузындағы топонимдер: Қалмаққорған, Қалмақтөбе, Қарауылтөбе, Қарауыл шоқы, Қарауылтау, Қарауылтал, Қарауылшеттау кейіннен Қалмаққырған, Шүршітқырған, Сүмқайты және т.б. Әрине бұл қазақтардың өздері берген атауы, ойрат-қалмақ атаулары бұл кезде кездесе бермейді. Қалдан Бошакту хан әскерінің Очирту-Цэцен ханды 1678 жылы талқандағанға дейін хошеуіттердің басым бөлігі өздері иемденіп алған Жетісу жерінде чоростармен кезектесе отырып Іленің оң және сол жағалауында көшіп жүрген еді. Галдамбы тайшы (1635-1667) кезінде чоростарды кезек-кезек жоңғар хандары: Батур, Сэнге және Галдан басқарса, хошеуттарды: Очитру Цецен хан және оның туған інісі Абылай тайшы билеген болатын. Жоңғар қосындарының (ургэ) тұрақты жазғы жайлаулары тау етектері мен Ұзынқара (қазір Кетпен деп жүрген Үйсін тауы) тау жотасының күнгейі, Темірлік тау етегі мен Кеген, Қарқара, Түп, Жырғалаң, Текес, Сүмбе, Шәлкөде (Албан, Албан-Шібір, Албанбас) өзендерін бойлап, Текестің оң ағысымен Мұзарт асуынан Халықтау (Шыңжан, ҚХР) тауларына дейін көшіп жүрген (Ренаттың картасын қараңыз-1-2) (Аристов Н.А. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы: Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шаня и исследования по его исторической географии. Б.: Илим, 2001. с.). Міне дәл осы кезеңдегі деректер арасында Шонжы атауы кездеспейді. Үлкен дерек көзі ретінде карталар қарастырылды, сондағы үмітіміз Шонжы атауы кездесіп қалама дегеніміз.

1716 1733 жылдары жоңғарлар тұтқынында болған швед әскери тұтқыны И.Г. Ренат (1682-1744) жасады делінетін екі «қалмақ карталары». Бұл карталардың жасалу тарихы, ақпараттық және ғылыми мазмұнының маңызы туралы неғұрлым толықтау мәліметтер ХІХ-ХХ ғасырда дайындалған және баспада жарық көрген орыс географы және тарихшысы А.И. Макшеев, Кеңестік ғалымдар В.И. Греков және В.И. Волобуев талдамаларында көрсетілген (Макшеев А.И. Карта Джунгарии, составленная шведом Ренатом во время его пребывания в плену у калмыков с 1716 по1733 г. СПб.; Греков В.И. Очерки из истории русских географических исследований. М., 1960. С. 226-231; Волобуев В.И. Некоторые итоги реконструкции карты Джунгарии И. Рената // Известия НАН РК. Серия обществ. наук. 1993. № 6. С. 11- 16). Зерттеулердің мәліметіне жүгінер болсақ, бұл карталардың біреуі белгісіз бір еуропалықтың көмегімен 1711-1716 жылдар аралығында жоңғар ханы Қалдан-Цереннің өзі жасаған болуы керек, кейіннен XVIII ғасырдың 20 жылдарының соңына таман түп нұсқадан ойраттар көшіріп алған секілді. И.Г. Ренаттың айтуы бойынша картаның ойраттық көшірмесін оған ургэде (Ордада) Қалдан-Цереннің өзі сыйға берген. Жетісудің жер қыртыстары мен атаулары бұл картада атақты ағартушы Зая Пандит Намхой — Джамцо ойлап тапқан және ойрат ақсүйектері арасына қолданысқа енгізген «айқын жазу» үлгісімен берілген. Орыс тіліне картаны 1742 жылы қолжазбалық көшірмесін жасай отырып Семен Старых аударған болатын. Жоғарыдағы картаның екінші түзетілген түрін XVIII ғасырдың 30 жылдарының ортасына таман И.Г. Ренаттың өзі дайындаған болатын. Қазақстан ғалымдары И.Г. Ренаттың картасының нашар жасалған көшірмесімен (Ресейде 1881, Германияда 1911) ғана таныс. Ал картаның түп нұсқасы Упсала (Швеция) қаласындағы университет кітапханасының карталар мен баспалар бөлімінде сақтаулы тұр (И.В. Ерофеева, Б.Ж. Аубакеров, А.Е. Рогожинский и др. Аныракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого сражения / И.В. Ерофеева, Б.Ж. Аубакеров, А.Е. Рогожинский, Б.Н. Калдыбеков, Б.Т. Жанаев, Л.Л. Кузекцов, Р.Д. Сала, С.А. Нигматова, Ж.-М.П. Деом. – Алматы: Дайк- Пресс, 2008. 276 с.). Бұл картадағы бізді қызықтырғаны Жетісу өлкесіне қатысты жер су атаулары, мысалы Іле өзенінің солтүстік ағысы Алматы (Almatu) деп көрсетілген, сонымен қатар Күрті (Kotön Kurtü), Талғар (Talgar), Шелек (Silick), Түрген (Turgen) өзендері, тау аттары: Хаштагин-Дабан (Chastagin Daban), Жамбыл (Sambal), Хантау (Chan), Аңырақай (Ahin-Kädo). Картадағы ұсақ елді-мекендер, қазақтардың жайылымдары мен қыстаулары ескерусіз қалған секілді, жоңғар картасы оларды көрсетуге мүдделі болмаған. Ресей патшасы Петрдің жоңғарларға жіберген елшісі И. Унковскидің жолжазбалары мен картасында (1722-1724 жж.) Жетісу жеріндегі өзен-сулар мен таулардың аттары берілген (Шарын, Темірлік, Кеген, Қарқара, Түп, Жырғалаң, Текес, Іле, Күрті) (Посольство к зюнгарскому хунь-тайчжи Цэван-Рабтану капитана от артиллерии Ивана Унковского и путевой журнал его за 1722-1724 г., в «Записках ИРГО по отд. Этнографии, т.Х, вып. 2. 1887 года, стр. 187.)

Шонжы туралы дерек пен карта сақталған «Сиюй тучжи» кітабы. «Сиюй тучжи» чжи» // 西域图志» («Батыс өлке қарталары мен сипаттамалары» толық аты «Циндин хуан юй си юй ту чжи» //«<钦定环奥西域图志》(«Патша бекіткен Батыс өлке карталары мен сипаттамалары») деп аталған. Еңбек 1756 жылы патша жарлығы бойынша жаза бастаған. 1761 жылы Лю Тоншүн, Хэ Гозоң қатарлы авторлардың алғашқы нұсқасы дайын болған. Нақты жұмыс бөлісі кезінде Лю Тоншүн еңбек мәтінін жазуға, Хэ Гозоң ара қашықтықтарды өлшеу және карталарды сызу жұмысымен айналысқан. Кейін келе басқа да авторлар қатысты мазмұндарды жетілдірген, ең соңғы нұсқа 1782 жылы дайын болып ресми түрде баспадан шыққан.

Кітаптың атауға қатысты тарауында «Шонжы» туралы нақты дерек сақталған және карталар бөлімінде оның нақты орны сол маңдағы жерлермен қоса көрсетілген. Еңбектегі дерек мәтіні: Чұнжи, Іледен (Құлжа?) оңтүстік батысқа қарай 300 ли (150 шақырым) жерде. Сол жерден оңтүстік батысқа қарай тағы 60 ли (30 шақырым) жүргенде Та му ха (Тамға?) деген жер бар. Сол жерден оңтүстік батысқа тағы 100 ли (50 шақырым) жүргенде Тему-эр ли кэ (Темірлік). Одан оңтүстікке тағы 30 ли (15 шақырым) Гэгэнге (Кеген) жетесің. Одан (Кегеннен) оңтүстікке тағы 40 ли (20 шақырым) жүргенде Хутукэбай. Одан оңтүстікке қарай тағы 20 ли (10 шақырым) жүргенде Э-эр ху чжу эр (Орқашар?). Одан оңтүстікке тағы 40 ли жер жүргенде Ха-эр чи-ла (Қарқара). Тізбектелген таулар мен терең аңғарлар бар, онда қарауылдар орнатылған. Бұл Іленің оңтүстік батыс жақ шекарасы еді. Одан әрі оңтүстікке жүріп таулардан асқанда хуэйбулардың (сарттардың) Сайламу шекарасына жетуге болады («Сиюй тучжи» («Батыс өлке қарталары мен сипаттамалары») түсініктемелер мен ескертпелер. Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 2002 ж.-223 бет. («西域图志校注》,钟兴麒,王豪,韩 慧校注。新疆人民出版社, 2002年.).

Міне сонымен, бұл карталардың Шонжы өлген соң 90-100 жыл өткеннен кейін жасалғанын ескерер болсақ, болары болып, бояуы сіңген соң жер атауы ретінде қытай картасына түскен және Үрімшідегі, Іле Қазақ облысының Нылқы ауданындағы және Қазақстандағы Ұйғыр ауданындағы Шонжы елді мекенінің атауын тікелей Жоңғарларға қатысты болуы әбден мүмкін, ал оны монғол немесе ұйғыр тілінен тарату мүлдем қисынға келмейді деп айта аламыз. Бұл мәселе мұрағаттардан әлі де болса іздестіріп зерттеуді қажет етеді. Жетісу жерін жарты ғасырдай ойран салып билеген жоңғарлар дәстүрі бойынша, жекпе-жек шайқаста мерт болған батырының қаны тамған жерін соның атымен атау қалыптасқан. Бұның астарында әрине біріншіден батырларын рухтандыру, марапаттау жатса екіншіден, Жоңғар билігі үстемдігін қазақтар санасына сіңірудің тағы бір жолы болды деп айтуға болады. Сондықтан да Шонжы атауы түркілік емес сырттан таңылған, тілімізге де ділімізге де жат ауыстыруды, жадымызды құлдық санадан тазартуды қажет ететін елді мекен атауларының бірі.

Сонымен қорыта айтсақ, Әлмерек батыр жас ұрпаққа үлгі боларлық, тәуелсіз елдің ертеңінің қорғаны болар патриоттарға рух беретін, өзінің қасиетті тұрпатымен ерекше тұлғалық қасиетке ие дей аламыз.

Шашаев Әуезхан Қадіржанұлы,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және э

тнология институтының аға сарапшысы,

жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…