Биыл қазақ халқы үшін өлшеусіз еңбек жасаған музыка зерттеушісі, этнограф, Қазақ ССР-інің халық әртісі Александр Затаевичтің туғанына 155 жыл толып отыр. Қазақ ән әлемін өмір бойы зерттеп-зерделей жүріп, «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», деп тебіренген Александр Затаевичтің ұлттық музыка өнеріне сіңірген еңбегі теңдессіз. «Өнерде ұлт болмайды» деген тәмсіл рас-ау. Қазақ даласының ән салып тұрғанын ұлты бөлек болса да жанымен түсінген композиторға бас игеннен басқа айтарымыз жоқ. Қиын-қыстау, соғыспен бірге әртүрлі жұқпалы аурулар жайлаған дәуірде өзінің өмірін халық музыкасына арнаған Александр Затаевич туралы оқырманға мағлұмат бергіміз келді.
Саналы ғұмырының елеулі бөлігін қазақтың ән-күйлерін жинап, нотаға түсіріп, өңдеуге арнаған композитор зерттеушінің ұлттық руханиятымызда алар орны ерекше. Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» және «Песни разных народов» атты этнографиялық еңбектері арқылы қазақ музыкасын әлемге танытты. Яғни қазақтың әуенін, музыкасын, күйін ол дәл өзі қабылдағандай етіп, әлемге таратты. Өзгеше нақышын, ерекше әуезін жан жүрегімен түсінді.
Александр Викторович Затаевич 1869 жылы 20 наурызда Патшалық Ресейдің Орёл облысы, Болхов қаласында жер аударылған поляк отбасында дүниеге келді. Алдымен Орёл кадет корпусына түсіп, 1886 жылы бітіріп шығады. Алғашқы музыкалық білім әліппесін осы білім ордасында алады.
1920 жылы А.В. Затаевич Орынбор қаласына қоныс аударады. Орынборға келген соң қазақ жастарының ән салғанын естіп, осы уақытқа дейін қазақ әндері тек ауызша айтылып жүргенін, бұрын-соңды нотаға түспегенін, ғылыми айналымға енбегенін байқайды. Орынбордың театрында қырғыз (қазақ) музыкасының кеші болатыны туралы хабарламаны оқиды. Қазақ музыкасының кешіне барған соң қазақ халқының музыка өнеріне таңғалып, тамсанған Александр Затаевич «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын» деген батыл шешімге келеді. А. Затаевич тек жинақтаушы ғана емес, қазақтың кәсіби фортепиано музыкасының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Александр Затаевич қазақ әндері мен күйлерін 500-дей адамнан жазып алған. Этнографке көмектескен, жол көрсетіп отырған қазақтың ұлы тұлғаларын «Затаевичтің корреспонденттері» деп атаған. Олар Қазақстанның әр аймағынан Орынбор, Ақмола, Семей, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Торғай, Түркістан аймақтарының тұрғындары. Олар өздері туып-өскен өлкенің ән-күйлерінің ерекшеліктері туралы көп мағлұматтар берген. Олардың қатарында Жаяу Мұса Байжанұлы, Үкілі Ыбырай, Майра Шамсудинова, Қали Байжанов, Әміре Қашаубайұлы, алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Алма Оразбайқызы, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шанин, Жанбике Шанина, Әлкей Марғұлан, Ғани Мұратбайұлы, Иса Байзақов, Ғаббас Айтбаев, Қаныш Сәтбайұлы, Ғабит Мүсірепов, Қазақстанның халық әртістері Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, тағы басқалар болды.
Затаевичтің қазақ елін аралап шығармашылық жұмыспен шұғылдануына күш-көлік, қыруар қаражат керек еді. 1923 жылғы 22 тамызда Қазақстан Халық комиссарлары кеңесі отырысында А.В.Затаевичке қазақ халқының әндерін бастырып шығаруға қаражат бөлу мәселесі қаралған. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин отырысты қорыта келе: «А.В. Затаевичке 2 280 рубль алтындай бөлінсін және оның шығармасын редакциялауға 200 рубль, барлығы 2 480 рубль Наркомпрос қаражатынан берілсін» деген қаулыға қол қойған. Астына өгіз, жанына аудармашы берген. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» атты еңбегі 1925 жылы Орынбор қаласындағы Қырғыз Мемлекеттік баспасында басылып шықты. 402 беттен тұратын еңбек 1500 таралыммен басылды. Расымен де А. Затаевичтің осынау жанкешті еңбегі болмағанда, қазақ халқының сан ғасырлық музыкалық қазынасының қаншама мұрасынан мәңгілікке көз жазып қаларымызды кім білсін? Бұл арада жоғарыда аталғанындай, Сәкен Сейфуллиндей қайраткер тұлғаның ұлт мүддесін ойлаған еңбегі жатқаны да анық.
Затаевич жинаған дүниелердің кем-кетігі туралы әңгімелер айтылып жатады. Әрине, кемшіліксіз дүние жоқ. Бұл жерде ең бастысы, ұлттық музыкамыздың мәйегі, өзегі бар бояуымен болмаса да, негізгі сорабы кәсіби түрде қағазға түсіп, мәңгілікке қалғандығы. Александр Затаевичтің қазақ халқын, оның музыка өнерін жақсы көріп, шынайы құрметпен еңбек еткені туралы оның көзін көрген көптеген адамдардың жазбаларынан анық сезінеміз. Қазақ музыкасын жаңа белеске шығарған төлтума зерттеуші, академик Ахмет Жұбанов 1931 жылдың жазында Александр Затаевичті іздеп жүріп кезіккен сәтін былай деп жазады: «Александр Викторович алдын ала таныстырусыз-ақ құшағына алып, менің Жұбанов екенімді де біліп қойды. Әкелік бір нұр төккен қамқор көңілмен оқуда қол жеткен табыстарымды сұрастырып, балаша қуанды».
«А.Затаевич ұлт музыкасының ішкі болмысын түсініп, халықтың түпсанасын тереңнен зерделеген, сол арқылы қазақ музыкасына тұңғыш ғылыми сипаттама берген қажырлы жан. Ғалым кез келген уақытта, орайы келген жерде қазақ әндерін жазып алуға қатты құмартып, аз да болса саз өнерінен хабары бар адамдарға да немқұрайды қарамай, солардың ұсынған дүниелерін де керегіне жарата білді. Оның есімі ұлттық өнеріміздің биігінен орын алғаны анық», дейді композитор Бейбіт Дәлденбай.
Александр Затаевич қазақ жастарының ішінде үш әншінің даусын сүйіп тыңдаған. Олар: Қали Байжанұлы, Ғаббас Айтбайұлы, Әміре Қашаубайұлы. Композитор Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, «Балқадиша», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы басқа әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағында жариялады. Зерттеуші Затаевич қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтан Жаяу Мұсаның орындауындағы «Баянауыл», «Екі жирен», «Іңкәр» халық әндерін, Біржан салдың «Мақпалын» тағы басқа 25-ке жуық халық әндерін жазып алған. Қаныш Имантайұлы өзі ұсынған әндердің ноталарын жаздыртып, кітапқа енуін өтінген. Ол өзі де жасөспірім шағында шекті аспаптар оркестрінің құрамында бірінші скрипкада ойнаған. Болашақ академик домбыра, мандолин, гитара аспаптарын да меңгерген. Ғалымның өнерден де құралақан еместігін байқауға болады.
А.В. Затаевич атақты француз композиторы, Нобель сыйлығының иегері Ромен Ролланмен жақын араласқан. «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегін Ромен Ролланға туған күніне сыйға тартқан және үнемі хат жазысып отырған. Ромен Роллан А.В. Затаевичке: «Жұмысыңыздың ғаламат нәтижесі алдында басымды иемін және Сіздің аштық пен эпидемияның соншалықты ауыр жағдайына қарамастан, істі аяғына жеткізгеніңізге қуаныштымын» деп жылы лебізін білдірген.
А.В.Затаевич тек қазақ халқының емес, сол кезде елімізде өмір сүрген басқа ұлт өкілдерінің де халық музыкасын қағаз бетіне түсірген. Затаевичтің еңбектерінде қалмақ, бурят, якут, тубин және басқа біздің жерімізде мекендеген халықтардың әуені бар.
Атақты композитор Александр Затаевич 1936 жылы Мәскеуде өмірден өтті. Ресей астанасындағы Новодевичье зиратында, әйгілі жазушы Антон Чеховпен қатар жерленген. Қазақ халқының атынан қойылған кеуде мүсіннің ақ мәрмәр постаментінде домбыра шертіп отырған қазақ бедерленген. «Жігіттер, достарым менің, сендерге өздеріңмен бірге жасаған жұмысымның жемісін арнаймын және тапсырып бермекпін. Мен өз жұмысымды бар сүйіспеншілігіммен және өзімнің қолымнан келгенше жанкештілікпен жасап шықтым. Бұл жұмыста халық жанының сезім пернелерімен іштей үндесімі болмаса, бірде бір қадам алға баспаған болар едік, осы үндесімнің арқасында, кездейсоқ келген мен талантты қазақ халқына мәңгілік сүйіспеншілігім қалыптасты», – деп өзі жүрекжарды сөзін арнаған қазақ халқы Александр Затаевичтің ұлт алдындағы еңбегін ешқашан ұмытпайды. Қазақ халқы үшін өлшеусіз еңбек жасаған музыка зерттеуші, Қазақстанның тұңғыш Халық әртісі Александр Затаевичтің есімі тек музыка әлемінде ғана емес, бүкіл қазақ руханиятында мәңгілікке қалады.
Баспасөз беттерінен әзірлеген Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ