Басты бет Әлеумет АРҚАЛАҒАНЫ – АЛТЫН, ЖЕГЕНІ – ЖАНТАҚ

АРҚАЛАҒАНЫ – АЛТЫН, ЖЕГЕНІ – ЖАНТАҚ

0
195

Журналист деген мамандық бар. Оның көтерер жүгі мен атқарар міндеттерін айтар болсақ ойымыз жармақталып кетері ғажап емес. Өйткені ол біреуге қастерлі көрінгенімен, дәл сол журналистің терісінде болғанда басқаша пікір қалыптасуы мүмкін. Өте ауыр жұмыс. Кейде бір сөзден жаңсақ кетсең, басың дау-дамайға қалып, әңкі-тәңкің шығады. Керісінше біреу туралы жазған мақалаң ұнап, алғыс арқаласаң қанаттанып аспанға ұшып кетесің. Тағдыры қыл үстінде жүретін мамандықтардың қатарына жатқызуға болады.Тележүргізушілер көрерменнің көз алдында өзінің сөзге шеберлігін немесе тыңдаушыны ұйытып әкететін талантымен тәнті етуі мүмкін. Кейде керісінше бетінің әдемілігіне малынып, сөзінің қиюын қаштырып не айтып, не қойғанын түсіндіре алмайтындар да кездесіп жатады. Журналист дегенімізге Шерхан ағадан асырып баға берген ешкім жоқ-ау. «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп.

Шын мәнінде мамандығымызға сай әртүрлі шараларға барамыз, жақсысын асырып, жаманын жасыруға тырысамыз. Әр кәсіп иелерін мақтаймыз, мадақтаймыз. Бірақ өз мерекемізде өзімізді мақтауға арымыз жібермейді, біреуден құттықтау күту тағы ұят. Осындай сәтте қамығып қалатынымыз өтірік емес. Дей тұрғанмен өз көңілімізді өзіміз көтеріп, құттықтай келген адамдарға ризашылық сезімімізді ақтарып, арқа-жарқа бола қалатынымыз да өтірік емес. Әр газет, сайт, телеарнаның өзіндік асханасы, ішкі әлемі болады. Журналист ғаламда біреу ғана. Ол бөлшектенбейді. Дегенмен әркімнің өзіне лайықты, жылдар бойы қалыптастырған стилі, жазу әдісі болады. Өзін іздеп оқитын оқырманы барда журналист бақытты. Ал аудандық ақпарат айдынының жөні тым бөлек. Журналистиканың сардары, ұзақ жыл факультет деканы болған Темірбек Қожакеев ағамыз: «Аудандық газетте істеген журналист кез келген республикалық басылымда еш қиналмастан жұмыс істеп кетеді, ал еңбек жолын облыстан, республикадан бастаған адам аудандық газеттің жұмысына көндіге алмауы мүмкін», – деген қағиданы санамызға құйып отыратын. Оның шындығын аудандық газетке жұмысқа келгенде түсіндік. Қоғамның айнасы деген атаудың мағынасын тереңнен түсіндік. Күнделікті тіршілікте болып жатқан хабарларды журналист ой елегінен өткізіп, қалың бұқараға ұсынады. Соның нәтижесінде айналада орын алып жатқан күллі жәйттерден ел хабардар болады. Жалпы, сарапшылар журналистика 46 мамандықтың басында тұр деген пікірді айтады. Бұл басқалардан артық дегенді білдірмейді. Қайта тілшілер қосынының қалам тербемейтін саласы жоқ дегенді аңғартады.

Журналистика – біз бен сіз. Мұны жәй қарамау керек. Ұлттың рухани бағытын айқындауға пайдасы зор. Сонымен қатар, тағы бір қосып кететін мағынасы терең ой бар. Ол – ұлттық құндылық. Біз сөз майданының айналасында жүргеннен кейін, еліміздің, Отанымыздың патриоты болуымыз керек. Өз туған жеріміздің қадір-қасиетін терең сезінгенде ғана жақсы дүние жаза аламыз. Ал ондай сезім болмаса, шығарма жазу бекер. Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген еді. Бұл ұлағатты сөзді қазір тек басылымдарға ғана емес, барлық электронды ақпарат құралдарына, ақпарат агенттіктеріне қатысты қолдануға болады, – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Журналистика – қоғамның келбеті. Сол келбеттің сұлу, ажарлы, сәнді болуы біздің қолымызда. Олай болса, ең алдымен аудандық гаетте еңбек етіп жүрген қыз-жігіттерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Елдің жүрегіне айналып, көзіміз бен тіліміз жақұт болғай. Ежелгі Мысырда папирус парағына ақпарат жазылса, көне Римде хабарландырулар тақтайшаларға ілінді. Осылайша журналистиканың шежіресі басталды. Арада қаншама жылдар өтсе де, түпкі мағынасын сақтай отырып бүгінге жетті. Яғни тарихымыз тереңде. Сол тереңдіктің інжу-маржанын терейік. Мерекеміз құтты болсын!

Баян МАМЫРБАЕВА

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…