Басты бет Денсаулық ДӘРІГЕР ҮШІН ЕҢ ҮЛКЕН АТАҚ – КӨПТІҢ БАТАСЫ

ДӘРІГЕР ҮШІН ЕҢ ҮЛКЕН АТАҚ – КӨПТІҢ БАТАСЫ

0
291

Бүгінгі қоғам қызық өзі. Мүмкін бұрындары да солай болған болар. Өз жұмысын жоғары деңгейде біліп, еліне, жұртына адал қызмет атқарып, бірақ ол еңбегін ешқашан ешкімге бұлдамай қарапайым күй кешсең, елеусіз қалып қоя бересің. Сенің табиғатың, мінез-құлқың біреудің алдына барып марапат сұрауға, атақ сұрауға келмейді. Оны ұят санайсың. Бірақ темпеңдеп өзіңе жүктелген жұмысыңды жоғары деңгейде атқарасың. Ол сенің – арың.  Тек қана анда-санда өзіңнен кейінгілер әртүрлі құрметті атақтарды арқалап, кеуделеріне түрлі сөлкебайларды қадағанда жүрегің шым ете қалатыны да өтірік емес. Бұл әңгімені неге айтып тұрмын. Осы жақында өзім көптен жақсы танитын, жарты ғасырға жуық адам саулығының сақшысы болып жүрген ақ халатты абзал жанмен кездестім. Шын мәнінде ауылдық ауруханада еңбек еткеніне тура жарты ғасыр болыпты. Бірақ ешқандай атаққа да, марапатқа да ие бола қоймапты. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы адам туралы қалам тербегім келді.

Бүгінгі менің кейіпкерім – Тиірмен ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Шолпан Мәжитқызы Исламова. Зейнетте жүрсе де науқастарды емдеуден шаршаған емес. Сона-а-а-ау 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оның педиатрия факультетін табысты аяқтап, адам жанына араша болам деген асыл арманымен Алматыдағы облыстық клиникалық ауруханасына дәрігер болып еңбек жолын бастайды. Шонжы ауылында дүниеге келгендіктен туған жеріне оралып, Шарын ауылындағы ауруханасында педиатр болып жұмысқа тұрады. 1982-1991 жылдары Ават ауылдық амбулаториясының меңгерушісі болады. 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін Тиірмен ауылындағы амбулаториясында меңгеруші. Өмірлік жолын кейінге ысырып, балалық шағына саяхат жасадық. «Өзім қызық адам болуым керек, мектепті бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін бір төрт алмауым керек, – деген принциппен оқыдым. Солай болды да. Түсінбеген сабақтарымды жаттап алатынмын. Мемлекеттік емтиханда неге екені белгісіз аттестатыма ұйғыр тілінен төрт емес үш деген баға қойылады да, алтын медаль емес озат деген атқа да ілікпей қалдым. Мектепті аяқтағалы тұрған түлек үшін бұл өте үлкен соққы болды. Бірақ оны кім, не үшін істеді деген сұраққа әлі күнге дейін жауап таппай жүрмін» – дегенін естігенде шыны керек қамығып қалдым. Бізде осындай кереғарлықтар не үшін болып тұратынын түсіне алмадым. Белі бекімеген балаға да жамандық жасай алатынымызға күйіндім. Бірақ бұл оқиға Шолпан Мәжитқызының жігерін құм етпей, керісінше оның намысын қайрай түседі. Өз білімімен жоғары медицина институтына еш қиындықсыз түседі. Ол замандарда ақшамен немесе аға-көкемен шешілетін мәселелер жоқтың қасы болатын. Қолына қалпақтай дипломын алып, туған жерге туын тігіп, тұрғындардың саулығының күзетінде әлі күнге тынбай еңбектеніп келеді. Еңбек жолының алғашқы жылдары дәрігерлердің жағдайы мәз болды деп айта алмаймыз. Жедел жәрдем көлігі тек аудан орталығында ғана. Ауылдарда такси, жолаушы тасымалдайтын көлік дегендеріңіздің өзі саусақпен санарлықтай. Ал сырқат күндіз немесе түнге қарамайды. Сондай сәттерде аурудың жанында жанын шүберекке түйіп алып, бар білімі мен тәжірибесін пайдаланған жанға алғыстан басқа не айтуға болады. «45 жылдық еңбек өтілімде бір сырқатты өлтірмеппін», – деген сөзіне мәз болдым. Төрт ауылдың арасында күндіз-түні шабуылдап, сырқаттарға ем-домын жасап, «Біздің Шолпан доқтыр» деген ықыласқа ие болды. Өз жұмысыма берілгендігім соншалықты дүниеге әкелген үш баламның тамағына да, сабағына да дұрыстап қарай алмадым, –  деп ағынан жарылған сұхбаттасымның шынайы болмысы мені іштей қуантты.

Биыл институт бітіргендеріне 50 жыл толады екен. Соған курстастарымен кездесуге дайындалып жатқан сәтінің үстінен түсіппін. Мені көріп қатты қуанғанымен көзінде бір мұң қылт ете қалғандай болды. Елдің алғысын арқалап, халқының ықыласына бөленіп, әлі жұмыстан қол үзбей жүрген ақ халатты абзал жанның мұнысын онша түсініккіремедім. Курстастарым денсаулық саласының үздігі, Құрмет орденінің иегері, аудандарының құрметті азаматтары деген көптеген атақтарға ие екен. Кездесуге баруға жүрексініп тұрғаным. Менде атақ та, даңқ та, тіпті құрмет грамотасы да жоқ екен, – дегенде шыны керек мен де таңданысымды жасыра алмадым. Бүкіл саналы ғұмырын денсаулық күзетіне арнаған жанның ешқандай марапатқа қол жеткізбегені біртүрлі көрінді. Бірақ арғы дүниемде сол атақтардың не керегі бар деген сұрақ тағы қылаң берді. Әлде адамның жасы келгенде, аға буын атанғанда марапаттың бағасы тым биік көрініп кете ме? Шамамның келгенінше жұбатуға тырыстым. Өзімнің сүйікті жазушым Зейнеп Ахметованың ақшаға сатылатын, сатып алуға болатын, бағасы мен құны төмендеген атақтың түкке де керегі жоқ, Бауыржанның келінім деген атақ бүкіл өміріме жетеді. Сондай атақтарды алмағаныма қуанамын, – деген ойын жеткізіп, «біздің Шолпан доқтыр» деген тұрғындарыңыздың жылы сөзінен артық қандай атақ керек сізге, – деп мақтанбайтын, менмендігі жоқ, кісілігі мен кішілігі бүкіл болмысынан көрініп тұрған дәрігерге тілім жеткен бар жақсы сөздерімді арнағандай болдым. Кездесуге көтеріңкі көңіл-күймен барсын деген ниетпен.

Шынында нағыз мамандар ескерусіз қалып, ұшып-қонып жүрген алаөкпелдер даңққа бөленетін бұл өзі қандай заман деген ой жетегіне еріксіз түсе бердім. Бәріне топырақ шашудан аулақпын. Дей тұрғанмен өз ісіне берілген адамдардың кейде елеусіз қалып жататындары өтірік емес. Шолпан Мәжитқызы ауылға да керекпін деген мақсатпен тер төкті. Ол еңбегі жанды да. Ұлы – заңгер, бір қызы – ұстаз, екінші қызы – медицина саласының маманы. Олардан немере сүйіп отырған бақытты ана. Жан жары Марат Омарбакиев екеуі шылқыған байлыққа оранбаса да, адами бақытқа кенелген жандар. Адамға бұдан артық не керек? Ал атақ, даңқ – ол бір сәттік мақтаныш, дақпырт болар. Дәрігер үшін ең үлкен атақ – көптің батасы. Батаға батқан адам бақытсыз болуы мүмкін емес.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…