Өткендегі жер сілкінісі бәріміздің үрейімізді ұшырғаны рас. Одан қорытынды шығару үшін тиісті органдар қосымша шаралар қарастырып, кез келген оқыс оқиғалардың алдын алу үшін көптеген жұмыстар қолға алынуда. Қыс айларының қиындықтарынан шығып, енді көктем айлары жақындаған сайын су тасқыны, қар көшкіні сияқты табиғаттан келетін оқыс оқиғалардың алдын алу үшін республика деңгейінде оқу-жаттығу өтті. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін жетілдіру, басқару органдарын, күштер мен құралдарды алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында ағымдағы жылдың 8-9 ақпан аралығында «Көктем-2024» республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығуы аудан орталығы Шонжыда болды.
Алматы облысы төтенше жағдай бөлімінен келіп түскен дабыл негізінде аудандық ТЖБ мен Шонжы №06 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы дереу жиналып, саптық тексеруден өткізілді. Сонан соң өздеріне төтенше жағдайда туындаған оқиғаларға жедел түрде әрекет етіп, зардаптарды жою, бүлінген жерлерді қалпына келтіру, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, адамдарды қауіпті жерлерден алыстату барысы бойынша шаралар жүзеге асырылды. Су тасқыны кезінде жұмылдырылатын күштер мен құралдардың апаттық құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына талдау жасалып, жеке құрамға қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезіндегі жауапкершілік жұмыстары түсіндірілді. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен жол қызметтерінің дайындығын тексеру мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінің көктем кезеңіндегі түрлі сипаттағы төтенше жағдайларға тәжірибе түрінде әрекет ету жұмыстары да пысықталды. Осының бәрі құры баяндау немесе сөз арқылы емес іс жүзінде қалай болуы керектігін дәлелдедік. Алғашқы дабыл естілісімен құрам сапқа тұрып, өздерінің дайын екендіктерін айтты.Аудан әкімінің орынбасары А.Хусуровқа әр мекеме, кәсіпорын өздеріндегі техникалар мен құрал-саймандары, адамдары жайлы рапорт берді. Өз кезегінде оқу-жаттығуға қатысқан мекемелер өрт сөндіруге, су тасқынына қарсы қолданатын құралдарын көрсетті. Техникаларының сапалары да айтылды.
Жаттығу барысында Шонжы ауылының шығыс жағында Сағынай мөлтекауыл арасында арық каналдың арнасын тазарту, су жайылып кетпеу үшін жағалауын күшейту жұмыстары жүзеге асырылды. Жаттығуға барлығы 128 адам, 40 дана техника жұмылдырылды.
Қайнар НҮСЕЖАН,
аудандық ТЖБ аға инженері