Басты бет Мәдениет және руханият АҚПАНДА АҚЫНЫН ЕСКЕ АЛДЫ

АҚПАНДА АҚЫНЫН ЕСКЕ АЛДЫ

0
2,149

“Ақ ұлпа жерді жапқанда, ағаштар сырға таққанда” ақынын есіне алған жұрттың қарасында шек жоқ. Аудандық мәдениет үйінің залында аяқ алып жүретін орын болмады. Ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевты еске алу кешіне билет алып, залдан орындарын тауып жайғасып, сахнаға телмірген кқпшіліктің көрінісі поэзияның әлеміне апарып келетін алып кемеде қазір ғана басталатын сапарды күтіп отырғандай күй кештіреді. Бұл – жырсүйер қауымның ақиық ақынына деген сарқылмаған сағынышы. Бұл – көпшіліктің әдебиетке, өнерге деген үлкен құрметі. Бұл – қасиетті Қарадаланың қалың жұртының киелі Қарасаздың перзентін еске алып жасаған әдеби шарасы.

Әйгілі Аспантаудың ақиығы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған “Есіңе мені алғайсың” атты еске алу шарасына жиналған жұрт сахнадан ақынның өзі шығатындай қойылымды асыға күтті. Аудандық мәдениет үйіндегі “Қарадала” халықтық театрының Мұқағалидың бүкіл өмірін көрерменнің көз алдына алып келген тамаша қойылымымен басталды.

Ақынның кейпіне кіріп, басты рөлді сомдаған театр жетекшісі Еркебұлан Жұмағалиұлы қалың көрерменге шынайы Мұқағалидың бояусыз бейнесі мен тәлкекті тағдырын, бұралаң өмірі мен қаймықпай айтқан бүкпесіз шындығын, шоқтығы биік поэзиясы мен азулы ақындығын айқын көрсетіп, жүректерге жеткізе алды. Еркебұланның актерлік шеберлігінің арқасында көрермен бір сәт Мұқағалимен бірге болғандай күй кешті. Портфелін құшақтап, кең иықтан төгіле суйретілген қара шапанымен әр қадамын сенімді серпіген ақынды қарыс жерден көріп шыққандай ерекше әсер алып шықты. Мәстектің рөлін сомдаған Ернат та, бала Мұқағалидың образындағы Арман да, ақынның музасы Сахаргүл де, емханадағы дәрігер Ақмарал да, ақсақал болып ақыл айтқан Қуаныш, ажал болып ақынды қара терге салған Әділет те бәрі бәрі жиылған жұртқа кештен ерекше сезіммен қайтатындай қойылым сыйлай алды. Сахналық қойылымды бастан аяқ әуенмен әрлеп, дыбысын реттеген Әділ Қызайбайдың еңбегін айтпай кетуге тағы болмайды.

Жалпы өнерпаз қыз жігіттер көзі қарақты көрерменді жарты сағаттық сахналандырылған қойылым барысында мұңайтып та, күрсіндіріп те, тіпті жылатып та алды. Ақынын сағынған ағайынға әттеген-айын да айтқызды.

Әсерлі қойылымнан кейін Тасқарасу ауылдық мәдениет үйінің директоры Данияр Бейсенбеков күмбірлеген домбырамен әуелеткен тамаша әнімен концерттік номерлер ұсынылды. “Жазерке” халықтық ұлт-аспаптар ансаблінің әншілері Қуаныш Құрманалиев, Гулзина Дәулетбай, Ақмарал Зиналқызы, Лаура Алипова, Айқынбек Айдарбек ақынның сөзіне жазылған халықтың құлағынан түспей жүрген ғұмырлы әндерді тағы бір жаңғыртты. Жас өнерпаздар өлең оқып, көпшіліктің көңілін поэзия әлеміне қарай жетеледі. Артынша сахнада өнер көрсеткен жас таланттардың бірігіп Мұқаңның “Күрең күзін” орындаған сәті жүректі тебірентіп, ақынға деген сағынышты тағы бір серпілтіп алды. Жалпы халықтың құрметіне бөленген тамаша кеш болды.

Аудан жұртшылығы кеше ғана тұсауы кесілген “Қарадала” халықтық театрының араға аз ғана уақыт салып осындай шеберлік дәрежесіне жеткеніне таң тамаша болып, тынымсыз еңбектің жемісін үзілмей соғылған шапалақтың үнімен бағалап, тікеден-тік тұрып құрмет көрсетті. Кешті аудан әкімі Бота Елеусізова өзінің түйінді сөзімен қорытындылап, елге рухани демалыс сыйлаған тамаша еске алу кеші үшін ауданның жалпы өнер ұжымдарына алғысын жаудырып, ықылас гүлімен ризашылығын білдірді. Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағалиды еске алуға арналған кештен жиылған жұрт, әсіресе жас буын үлкен рухани азық алып қайтты. Әр жылы ақпанда ақынын ардақтайтын елдің игі дәстүрі үзілмесін.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…