Басты бет Заң және қоғам СЫБАЙЛАСТЫҚТАН САҚТАНАЙЫҚ

СЫБАЙЛАСТЫҚТАН САҚТАНАЙЫҚ

0
527

Қоғамның ілгері дамуына кедергі келтіретін жемқорлық туралы үлкен мінберлерден, мемлекет басшысының аузынан, аузы дуалы атақты адамдардан күнделікті естіп жатамыз. Оның өте жаман екендігін де жан дүниемізбен ұғамыз. Бірақ одан құтыла алмауға не кедергі екендігін әлі толық түсіне алмай келеміз. Жемқорлық деген жаман аттың кесірінен үлкен лауазымды тұлғалардан бастап есепшілерге дейін құрықталып жатқандығын ақпарат құралдарынан, теледидардан көріп жағамызды ұстап, адамдар осындай қадамға неліктен барады екен сұрақты өзімізге сан қоямыз. Тиісті жалақы алып отырған соң шүкіршілік етуден неге алыстап кеттік деген сұрақтар да мазалайды. Қаржы қашанда жетпейді, бірақ қанағат деген нәрсе болуы керек қой. Сыбайлас жемқорлық індеті заманмен бірге ілесіп, мол қаражат қайда болса, сол жерге тамыр жайып келетін сияқты. Тез байып кету, қарынның қамы, мүмкіндікті пайдалану деген сияқты қасиеттен арылып, ардың, қолдың тазалығына бет бұратын уақыт әлдеқашан келді. Бірақ бәрібір жымқырып алғысы, пайда көргісі келіп тұратын жаман әдеттен арыла алмай-ақ қойдық. Біздің аудандық қазынашылық басқармасы басқарма қызметкерлері қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесі арқылы нормативтік құқықтық заң талаптарын сақтай отырып, функционалды міндеттеме шеңберінде мемлекеттік мекемелерден келіп түскен қаржылық құжаттарды өткізу жұмысын жоғары деңгейде атқарып келеді. Ең алдымен біздің мамандар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қоғамымызда туындамауына, жол берілмеуіне ат салысып келеді. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 2 мекемені, 5 облыстық бюджеттен, 12 жергілікті бюджеттен, 14 ауылдық округ пен 1 квазимемлекеттік сектор  субъектісіне қызмет көрсетеміз. Қаржының тиісті орнына мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз.

Қазақстан – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы мемлекет. Сыбайлас жемқорлық қыл­мыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әре­кеттер мемлекетіміздің басқару жүйе­сін тұншықтырып, өзге маңызды сала­лардың дамуына нұқсан келтіріп жатыр. Шын мәнінде адал қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың арқасында ғана еліміздің экономикалық дамуы тұрақты болатыны анық. Заң қабылданғалы бері де бірталай жылдар өтті, аталған мәселеге деген талаптар күшейе түсті. Нәтижесінде аталған заңнама алдыңғы қатарлы мемлекеттердің заман талабына сәйкестендірілген тәжірибелеріне сүйене отырып қайта жаңғыртылды.  Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.

Сыбайлас  жемқорлықтың алдын-алу шарасын қатаңдатуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде баса айтты. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресте бүкіл қоғамның белсене ат салысып, жемқорлық жағдайларына жалпыға ортақ төзбеушілік қоғамын қалыптастыру маңызды екенін жеткізді. Жалпы, жемқорлық қайдан туады? Ол адамдар арасындағы қарым-қатынастан басталады. Қоғамда өмір сүрудің заңды жолдары сақталса, яғни заңдар басшылыққа алынса, жемқорлық болмайды. Бармақ басты, көз қысты әрекеттермен кез келген жұмысты тезірек бітіріп алсақ деген пиғылмен кейде өзіміз теріс қимылдар жасап қоямыз. Бұл дұрыс емес. Қазір құжаттандыру, басқа да рәсімдеу жұмыстары тез арада заң аясында жасалатындығын біле тұра бұра тартатынымыз бар.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті» деп тайға таңба басқандай етіп жазылып қойылған. Заңның осы және басқа да талаптары сақталатын болса, аза­маттардың заңға деген құрметі мей­лінше арта түссе, онда жемқор­лықтың ауыздықталатыны сөзсіз.   «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды»- деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткендей, бір жұдырықтай болып сыбайлас жемқорлықпен күресуде бар күш жігерімізді салуға шақырамын.

Зайтуням РОЗИЕВА,

аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…