Күллі Алаштың ардақтысы Мағжанның сенім артқан жастары бүгінгі елдің ертеңі үшін ерінбей еңбек етіп, жарқын болашақ үшін бар күш-жігерін салып, аталардың аманатын арқалап, бабалардың үкілеген үмітін ақтау үшін бәсекеге қабілетті, заманның ағымынан оза шапқан, қатарының алды, көшінің ілгерісі бола білуі шарт! Бүгінгі жас буынның жаманын жасырып, жақсылығын асырып, қолдарына ел тізгінін сеніп тапсыра алатындай сенімді ұрпақты қоғам тәрбиелеуі керек. Ол үшін алдыңғы аға буынның өкшесін басып, арбаның алдыңғы дөңгелегі жүрген ізбен ізгілікке қарай бағыт алуы тиіс. Қоғамнан алыстамай, болашақтың кетігін тауып, өз елінің бір кірпіші болып қалануы керек. Біздің жастар осы айтылған мақтаулар мен сипаттауларға әбден лайық деп айтуымызға болады. Жаманнан жиренетін тұстары да жоқ емес, әрине. Алайда жақсылыққа құмартып, ізгілікке ұмтылған тұстары одан басымырақ. Баршамызды сол қуантады.
Осындай жігерлі жастардың арасында ауданымызда тағы бір айтарлықтай шара өтті. Жуырда Қырғызсай ауылында тау бөктеріндегі тамаша табиғаттың аясында «Жалынды жастардың ынтымағы» тақырыбында аудандық жастар форумы болып өтті. Форумға әр ауылдық округтен жастар ісі нұсқаушылары мен белсенді әрі өнерлі жастар және әлеуметтік желі кеңістігіндегі белсенді жас блогерлер қатысты. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев, Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы директорының уақытша міндетін атқарушысы Балжан Досалы, Алматы облыстық жастар ісі жөніндегі басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушысы Талант Ахметов және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Әділханов Асылбек арнайы қатысты. Форумның басы ресми ашылумен басталды. Ашық аспан астында өткізілген шараның алғы сөзі аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаевқа ұсынылып, барша шараға жиналған жалынды жастарға осындай рухани сәттердің маңыздылығы берер тәлім-тәрбиесін егжей-тегжейлі баяндап өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығында және әр ауылдық округтің әкімдігінде жастар ісі нұсқаушысы ретінде аянбай тер төгіп жүрген мамандарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақжол Ташкенов табиғаттың баурайында тылсым сұлулықты қағаз бетіне түсірген жас қылқалам шеберлеріне да арнайы сыйлықтар үлестірді. Артынша форумның спикерлеріне сөз ұсынылды. Жас ауылдық округ әкімі, жас мемлекеттік қызметші ретінде Кіші Диқан ауылдық округінің әкімі Елдос Таубалдин жастардың алдында өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, еңбек жолындағы жеткен жетістіктері мен жолыққан қиындық-кедергілерін және оларды қалай еңсеріп, қалай қабылдағандығын әңгімелеп берді. Облыс орталығынан келген жастардың көшін бастап жүрген Балжан Ерболқызы да жас болса да осы уақытқа дейін бірқатар кәсіптің басын қайырып, алдыңа қойған мақсатқа қалай жету керектігін және ол үшін темірдей төзім мен ақыл, білім ұштасуы қажеттігін айтып, жастарды өзінің өмір жолымен және еңбекпен жеткен жемісті жетістіктерімен қызықтырды.
Шараның ресми бөлімінен соң қонақтар мен жастарға жайылған табиғат аясындағы дастарқаннан барлық қатысушылар дәм ауыз тиіп, тың тақырыптарды әңгімеге арқау етті. Форумның соңы қатысушы жастарға арналып, от жағылып, ашық аспан астында от-жалынды айнала жайғасқан жастар бір-бірімен ашық пікір алмасып, өнерден құралақан емес жастар әнін шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді. Суық табиғаттың ауа райына қарсы жанып, жанды жылытқан қызыл жалындай жастар да алаулап жанып, форумнан жандарына рухани азық алып, жігерленіп тарқасты.
Толғанай ҚАЙРАТҚЫЗЫ