Басты бет Спорт САЛАМАТТЫ ӨМІР СПОРТТАН БАСТАЛАДЫ

САЛАМАТТЫ ӨМІР СПОРТТАН БАСТАЛАДЫ

0
2,300

Денсаулықтың ең бірінші баға жетпес байлық екендігін дана халқық тауып айтқан. Денсаулығымыздың ең жақын серігі салауатты өмір мен спорт екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Сондықтан бас ауырып, балтыр сыздамай тұрғанда, қарттық қасымызға келіп қоймай спортты жанымызға серік етуіміз керек. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Осы бағытта спортқа ден қою, барша бұқара халықтың спортпен шұғылдануына мүмкіндіктер жасау, халықты спортқа қызықтыру мақсатында түрлі шаралар өткізіліп, көшелер мен алаңдарға, аллеяларға спорттық жаттығулар жасайтын құрылғылар орнатылып, жан-жақты жағдайлар жасалып келеді. Осындай қоғамдық тамаша шараның бірі өткен аптаның сенбісінде болған аудан орталығындағы жүгіру марафоны. Мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары арасында өткізілген «Денсаулық – өмір негізгі» атты марафонына 450 адам белсенді қатысты. Аталмыш спорттық шара Шонжы ауылдық округінің орталық алаңында бастау алды. Игі шараның басын аудан әкімі Бота Серікқызы Елеусізова өз сөзімен ашып, спортқа деген қызығушылығын білдіріп, белсенділік танытып қатысуға келген барша тұрғындар мен мекеме қызметкерлеріне алғысын айтып, сәттілік тіледі. Жүгіру шарасының ережесіне сай ерлер жалпы қашықтығы 3 шақырым, ал әйелдер 2 шақырымға жүгіріп өту талап етілді.

Шонжының Раджибаев, Абай, Әл-Фараби, Таипов көшелерін айналып жүгірген ерлер арасында аудан орталығындағы шекара бөлімінің әскери қызметкері Ж.Оңайбай жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкері А.Мұхаметжанов 2 орынды еншіледі. Ал шекара бөлімінің тағы бір әскери қызметкері Е.Сұлтанов 3 орынға табан тіреді.

Ал Раджибаев, Искандеров, Әл-Фараби, Таипов көшелерімен айнала жүгіріп өткен әйелдер арасынан мәре сызығын бірінші аттаған Шонжы Политехникалық колледжінің оқытушысы Р.Русланова 1 орынды иеленді. Екінші орынды да дәл осы білім ордасының қызметкері М.Абилбекова еншілеп қайтты. Ал үшінші орынды  аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкері А.Шаяхмет иеленді. Жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен мадақтама ұсынылды. Топ жарған жүлдегерлерді аудан әкімі шараның қорытындысында өзі марапаттап, жылы лебізін айтып құттықтады. Сонымен қатар, осы бастаманы тоқтатпай, бұдан да ауқымды етіп жалғастыру керектігін, барша аудан тұрғындарын осындай салауатты өмір салтына бет бұруға шақыру керектігін алға тартты.

Жанды да, тәнді де сергіткен пайдасы мол спорттық шараға қатысқан көпшілік күнделікті күйбең тіршілікті бір сәтке ысырып қойып, денсаулыққа да мән беріп, спортты серік ету қажеттігін ұғынғандай жақсы әсер алып тарқасты.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ   

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

   Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту жән…