Басты бет Мәдениет және руханият БАЛА ПУШКИН АТАНҒАН ҚАЙРАН ІНІМ

БАЛА ПУШКИН АТАНҒАН ҚАЙРАН ІНІМ

0
248

Сыпатаев Сәбетай Бәтжанұлы,

Жырының ерекше еді от жалыны.

Көңілін көкжиекке өрістеткен,

Алатау биігінен қоныс тепкен,

Ақ отаулы ақын ол ақ шатырлы.

Тағына сөз патшасын қоя білген,

Жырының соған лайық патша тілі.

2018- де өтті өмірден

Жаратқанның жұлдызды жақсы ақыны.

Қасиетті Қарадала төріндегі

Ақтам дейтін ауылдың асқақ ұлы.

Биыл отты ақын Сәбетайдың туғанына 60 жыл толды. Аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып жүргенімде 1983 жылдың аяғына таман Ақтамның бұрынғы автоклуб меңгерушісі  болып Сәбетай келген еді. Ол кезде Сәбетайдың жиырмадағы бозбала шағы, шашы бұйра, ірі тұлғалы, бойшаң, иманжүзді, үлкенге деген кішілік ізетімен айрықша көзге түскен болатын. Өте сабырлы, салмақты, сөздерінен бір ерекшелікті байқағанмын. Бір күні Сәбетай: «Өлең жазып едім, аға, соған қарап жібересіз бе?», – деді. Ол өлеңін өзі оқыды. Мен таңғалғанымнан «өзің жаздың ба?» деппін. «Иә, өзім жаздым. Бұдан да жақсы тақырыптар толғандырып жүр» деді. Сәбетайдың нағыз ақын екенін сол алғашқы өлеңінен байқаған болатынмын.

Алғашқы өлеңіне таңғалып, оған өте жоғары баға бергенім үшін мені ұстаз ақын ретінде құрметтеп жүрді. Атам қазақтың «бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озыпты» деген тәмсілі бар. Сәбетай кейін шықса да мүйізі қарағайдай сан-салалы ақын боп шықты. Біз сол Сәбетайдың ғажайып жырларын тыңдайтын құлақ болып қалғандаймыз. 1988 жылға дейін мінберлерде Сәбетаймен қатарласып өлең оқып жүрдік. 1988 жылдың аяғы Сәбетай мәдениет бөлімінен босап, өз ауылына кетті.

1990  жыл 1 қаңтардан бастап ұйғыр тіліндегі «Или вадиси» газетімен қатар аралас ана тіліміздегі газет «Іле шұғыласы» атауымен жарық көрді. Бұл кезеңде жаңа газеттің әдебиет бөлімін басқаратын кадр тапшылығы байқалды. Содан сол кездегі қазақ тілі қоғамының жігіттері Құдайберген Жылқыбаев, Кәдірбек Оңайбаев, Қуанышбек Қожахметов, Мұқанбек Оразбевтар ақылдаса келе Сәбетайды сол орынға лайық деп, оған барып қолқа салуды маған тапсырды. Ол кезде қазіргідей ағылған көлік, қалта телефон дегендер болмаған. Сенбі күнгі кешкі автобуспен Ақтамға Сәбетайдың үйіне баруға жолға шықтым. Үйін сұрастырып барғанымда Сәбетай Іле бойына қамыс оруға кетіпті. Анасы Мейрамқан, інісі Қуатбек бар екен. Мен келген шаруамды айттым. Сәбетай жаңа шыққан Іле шұғыласы газетінің әдебиет бөліміне тілші болып орналасып, өзінің қуатты қаламымен газеттің мәртебесін биікке көтеретініне сенген қаламдас әріптестерінің сәлемін жеткіздім. Осы арада ақынның анасы Мейрамқан анамыздың ақтарыла айтқан  мына бір әңгімесі есімде қалыпты: «Сәбетай төртінші сыныптан бастап өлең жазып, әкесі Бәтжанға жазғандарын сынататын еді. Әкесі Бәтжан қария жас кезінде айтыскер ақын болған. «Ой, мына менің бұйра шаш баламнан мықты ақын шығатын тәрізді» деп марқайып қалатын. «Орыстың әлгі бұйрабас мықты ақыны кім еді, Пушкин ба еді?! Менің мына балам қазақтан шыққан бала Пушкин атанып, алғыр ақын болатын сияқты» десе, «Құдай соған жеткізсін, әумин» деп дос жарандары тілеулестік танытатын еді», – деп Мейрамқан ана баласынан зор үміт күткенін байқатқан. Мейрамқан анамыз әңгіме арасында Сәбетай мен әкесі Бәтжанның арасындағы әзіл-өлеңмен айтысқандарын айтып берді. Сәбетай алтыншы сыныпта оқып жүрген жылы Бәтжан қария ауланың шарбағын көшеге қарай тағы да кеңейтеміз, көше жақта он-он бес соты жер бос жатыр, іске кірісейік дейді. Осы арада Сәбетай әкесіне бір шумақ өлең жаздым, тыңдайсыз ба дейді. Әкесі айт дейді.

Біздің шарбақ көше жаққа көшеді,

Қорығымыз кеңейеді, өседі,

Шарбақ көшіп, қорық өсіп бір күні

Бөгеп тастап жүрмейміз бе көшені?! – дейді. Бәтжан қария бүгін шаршап тұр екенсің дейді де, ертесі Сәбетайға:

Сенің жазған өлеңіңе кешегі

Менің де айтар жауап сөзім осы еді:

Көше жақта қаншама жер бос еді,

Қазір оның жоқ қой ешбір есебі.

Бос жерменен кеңейтпесек қорықты

Бақшаң қалай өседі,

Малың қалай өседі? – деп қорықтарын көше жаққа кеңейткенін әңгімеледі. Сәбетайдың тұла бойы тұнған талант еді. Түйсігінің тілін сандуғаштай сайратып, адами сезімдерді түрлендіріп, құбылтып, өлеңдеріне ғажайып көркемдік сипат беріп отыратын. Сондықтан да Сәбетай өлеңдерін оқығанда санаңда өмірге деген құштарлық сезімдері пайда болатынын аңғарасың. Парасаттың биік шыңына шыққандай күй кешесің. Сәбетай қатардағы ақын емес, ол – қазақ еліндегі саусақпен санап аларлық үздік ақын. Олай дейтінім 2000 жыл қазақ радиосы «Ғасырлар тоғысы» атты мүшәйра жыр жарысын ұйымдастырған кезеңде сол жарыста Сәбетай Бәтжанұлы «Көкбөрім көкке ұлыған» атты поэмасымен бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Өміршең, керемет, ғажайып жырымен бүкіл елге танылған ақын еді.

Мен қазақпын, еркіндік үшін жаһанға келдім,

Жаратқан иемнің шаттығын бөлдім.

Дүние есігін Абай боп ашып,

Тағына қойдым патшасын сөздің.

Бұл жерде өлең сөздің патшасы деп Абай айтқандықтан, тағына қойдым патшасын сөздің деп Абайды меңзеп отыр. Жүлдегер ақынның поэмасын оқып шыққанда ризалық сезіммен «Қарадала тынысы» газетінде толғау-жырымды арнаған болатынмын. Соның бір шумағын жаза кеткім келді:

Ала бөтен бұл өзі ерен екпін,

Дүбірі ме дүлдүлдің елең еттім?!

Жаулағанын қарашы жүректерді

Лаулағанын қараша өлең-оттың.

Баурағанын қарашы бойыңды алып,

Кереметін айтыпты кереметтің.

Таңғажайып әлемге сапар шегіп,

Таңдай қағып оралдым, не демекпін?

Тәубе, тәубе Құдайға, шүкір  елім,

Жүйрігіңді сарыла күтіп едің.

Тіл-көзінен сақта деп Батыраштың

Тұлпарыңды үкіле, үкілегін.

Иә, ақынымыз үкіленді. Аудандағы барлық мектептерде ақынмен кездесулер өткізілді, өлеңдерін оқушылар жатқа айтып, сахнадан көрінді. Мектеп оқулықтарына да өлеңдері енгізілді. Ол кезде мен Сәбетаймен араласып тұратын едім. Ұлы Ғазизге, қызы Айданаға, жары Айгүлсімге арнаған өлеңдері де ерекше болатын. Кейінірек мен Тасқарасу ауылында диқаншылықпен айланысып, көп жылдар Сәбетаймен араласа алмадым.

Сәбетайдың жыры мен өмірінің арасындағы, отбасымен арақатынасының алшақтауы — ақынның түсініксіз бір күйзеліске ұшырап  жүрген кезінде ақынды серпіліске үміттендіреміз бе деген қаламдас достары сол кезеңдегі Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» бағдарламасына «Арба сүйреген ақын» көрсетілімін  ұсынған болатын. Ол көрсетілім дұрыс та шығар. Бірақ ақынды өте бейшара күйде, лашықта жатқан жерінен камераға түсіріп халыққа таратуы дұрыс болмады. Жығылған үстіне жұдырық болғандай болды. Оны көрген отбасы, ержетіп қалған ұлы Ғазиз, бойжетіп қалған қызы Айдананың қатты намыстанатынын ойламады ма екен достары?! Иә, Айгүлсім тілшілерді жолатпады. Анадай көріністен кейін не айта алады? Ақынның шын жанашыр белсенділері алдымен арба сүйреп жүрген жерінен сұхбат алса болар еді. Тағдырын талқыға салғандай етіп марқұм ақын Аманхан Әлімовтың «Сен ақын емессің» деп жер-жебіріне жетіп табалауы орынсыз болған сияқты. Жыры айшықты айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваға рақмет. Шын талант, нағыз талантты танитынын дәлелдеп, ақынға араша түсті. Уақыт өтер, жары Айгүлсім де, ұлы Ғазиз де, қызы Айдана да ақынды түсінер деп үміттенеміз.

Ақынның  «Жұлдыздардың бағыты өзгермейді», «Көкбөрім көкке ұлыған», «Тағына қойдым патшасын сөздің», соңғы салмақты кітабы «Жер салмағы» атты жыр жинақтары жарық көрген. Жарияланбаған өлеңдері бір төбе, інісі Қуатбек жинақтап жүр.

Ақынның қырық күндік сый асында оқылған дұға өлең:

Көктемі қырқа белге шашқан шуақ,

Қызыл гүлдей жырымен жаққан шырақ.

Ақын іңкәр болған сол қыз дүние-ай,

Жанарынан жатты  ма жас тамшылап.

 

Ертерек солғанымен арман гүлің,

Мәңгілікке жол алар тарлан жырың.

Кімге опа қылмақшы фәни жалған

Фәни жалған көрсетті-ау жалғандығын.

 

Қаламынан боратқан жыр дауылын,

Алапат ақын еді-ау бұл бауырым,

Нарық дейтін нансоғар уақыттың

Бұлбұлына қарашы бұлдануын.

 

Арманына асыққан  аңсау  барын,

Сұңқар жыры көрсеткен өр самғауын.

Әлемдік  тартылыста мекенінің

Білгісі келді ме ақын «Жер салмағын».

 

Дамылдап  рухыңа күш алуға,

Міндің бе келмес сапар ұшағына.

Жер анам салмақтырақ болса екен деп,

Кеттің бе сол ананың құшағына.

 

Рухыңа  қуат алып  ұлы күштен

Жырдағы алабөтен құбылыс па ең?!

Жан адам құпиямды  білмесін деп,

Тіс жармай кеттің бе екен тынып іштен.

 

Бақилық о дүниеге озғаныңда,

Сүйреген қалды арбаң мен вокзалың да.

Қай жерден мүлт кеттім деп өз уағында

Іштегі шер боп қатқан шемен ойлар

Мазалап жаза болды-ау көкжал ұлға.

 

Неге-неге болмады өз жанымда,

Бөтенсіп кетер ме деп өзге ауылда

Боталарын аңсаған боз жалғанның

Қосылып болдың  ба бір боздауында?!

Жазымыштан озмыш жоқ қой,

Бәрі-бәрі

Алланың пешенеге жазғанында.

 

Бірі еді-ау жайсаң мінез жайдарының

Рухыңа түсірсін ай жарығын.

Сен де  өттің-ау өмірден сонау жылы

Бала Пушкин атанған қайран  інім.

 

Тәлім ап жақсы әке мен жақсы анадан,

Ақын ең қолдан қалам тастамаған.

«Жұлдыздары бағытын» өзгертпейтін,

Жан рухын ап кетті ме басқа ғалам?

 

Мұңайды-ау Ақтам ауылың, аппақ анаң,

Келмеске кетті ұшып деп ақ шағалам.

Періште жырларыңмен пейіште бол,

Жаныңды жәннатта етсін Хақ Тағаллам!

Әбдіғали АСАНҒОЖАҰЛЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдар…