Басты бет Басты ақпарат ЕЛ АМАНАТЫ – АУЫР ЖҮК

ЕЛ АМАНАТЫ – АУЫР ЖҮК

0
7,842

Татулығы жарасқан, халқы еңбекқор, табиғаты тамаша, жері құнарлы қасиетті Қарадаланың дамуы қарқынды. Әрине, әлі де өңірде шешілуі тиісті өзекті мәселелер де шаш етектен. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев ауданға жасаған кезекті сапарында айтты.

Марат Елеусізұлы іссапарын әрбір ауылдық округтегі шаруа қожалық төрағаларымен кездесуден бастады. Жер жыртып, егін егіп, бау-бақша өсіріп, нәпақасын тауып, тауып қана қоймай, мемлекеттің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген шаруа қожалықтардың жағдайларын тыңдады. Ауылдағы шаруалардың шешілмей жүрген түйінді мәселелеріне қанық болды. Жылдар бойы тұралап қалған проблемаларымен танысты. Шарын ауылдық округіндегі «Ғайрат» шаруа қожалығы төрағасы биыл жүздеген гектарға отырғызылған жүгеріні өткізетін орын таппай сабылғандарын жасырмады. Ала жаздай еткен еңбек күн суытса еш кететінін айтты. Ауданда өндірілген өнімдердің сапасын анықтап, сертификат беретін арнайы зертхананың жоқтығы, жемістерді сақтайтын сыйымдылығы үлкен қойманың тапшылығы, малдың жүні мен терісін қабылдайтын  орынның жоқтығы, бау-бақша өнімінің су тапшылығы салдарынан төмендеп бара жатқандығы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтардың төмендетілген пайызбен несие ала алмайтындығы, шаруашылыққа жер, кәсібін дамытуға несие алудағы бұра тартулар мен ұдайы алдыңнан шығатын кедергілер жайында  облыс басшысына шаруа қожалық төрағалары сұрақтарын қойып, толғандырған мәселелерін толық жеткізді. Өңір басшысы әрбір проблеманы мұқият тыңдап, Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасына, аудан әкіміне тиісті шаралар қабылдап, жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Марат Елеусізұлы келесі кезекте аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Әуелгі баяндаманы аудан әкімі Бота Серікқызы Елеусізова жасады. Ауданның аграрлық секторындағы бірқатар проблемалармен сөз бастаған аудан әкімі биыл 32,2 млрд. теңгеге ауылшаруашылық өнімі өндірілгенін, бұл 2022 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 4,6 млрд. теңгеге аз екендігін, өнеркәсіп өнімдері  де 18,4 млрд. теңгеге өндіріліп, былтырғыдан 5,7 млрд. теңгеге азайғанын айтты. Мұның басты себебі  «Отан Грин Фуд» құс фабрикасының 5 ай ішінде ветеринарлы-профилактикалық жұмыстарын жүргізуіне байланысты, 7 000  тонна ет былтырғыдан кем өндірілген.

Ұйғыр ауданы алма, өрігімен танымал. Қарадаланың абрикос, шабдалы, алмасына деген сұраныс елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де өте көп. Ауданда бүгінде жалпы көлемі 4 131 га бақ бар. Оның 36 гектары биыл отырғызылды. Бірақ табиғаттың «тосын сыйы» салдарынан биыл өнімділік тағы да төмен болар отыр.

Шаруасын дөңгелетіп отырған шаруалар шаш етектен. Мемлекеттің әрбір көмегі мен қамқорлығын тиімді пайдаланып, жұмысын дамытқан жандар саны да жыл санап артуда. Биыл «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстары үшін 4 шаруа қожалығы 49,2 млн. теңге несие алған. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 55 кәсіпкердің өтінімі мақұлданып, 391,5 млн. теңге несие алған. Сондай-ақ аудан әкімі Бота Серікқызы облыс басшысы Марат Елеусізұлынан ауданның ауылшаруашылық техникасы паркін жаңарту мақсатында биыл құрылған 13 кооперативтің қаржыландыруына ықпал етуін сұрады.

Ауылдағы шаруалардың басты мәселесі – су. Жыл сайын су тапшылығы салдарынан жүздеген гектар жерлер пайдаланудан қалып жатыр. Құлазыған ен далаға айналуда. Осындай қиындықтан шығу жолы – ауылдарға тоспа салу мәселесі болатын. Бұл проблема жылдар бойы көтеріліп келеді. Дабыл қаққан шаруалар өнімнің сапасы да, көлемі де азайып, шығынның өтелмей жатқанын айтып талай мінбеде зар қаққан еді. Осы сең енді бұзылғандай. Мемлекет шаруалардың жанайқайын тыңдап, су мәселесін шешу жолына кіріскен. Биыл Тиірмен және Сұңқар ауылдарында шағын су қоймаларының құрылысын жобалауға қаражат бөлінген.  Сүмбе, Қырғызсай, Ават, Шошанай ауылдарына тоспа салуға техникалық экономикалық негіздеме жасатуға қаржы қарастырылған. Бұл жобалардың іске асырылуы келешекте қосымша 8 300 га жерді айналымға енгізуге мүмкіндік туғызады екен. Сондай-ақ, ауданда сыйымдылығы 5,4 млн. текше метрді құрайтын апаттық жағдайда тұрған 5 тоспа бар. Тоспалардың жұмыс жасамау себебінен 2 990 га жерді суару мүмкін болмай отыр. Осы проблеманы алдағы уақытта шешу мәселесі қарастырылуы тиіс.

Қасиетті Қарадаладан аққан шипалы арасан сулары ауданда туризмның дамуына зор ықпал етуде. Бірақ сол демалыс орындарынан шыққан ағын сулар ауылшаруашылық жерлерін зақымдауда.  Сондықтан да келешекте суларды жинақтап, суғару жүйесіне пайдалану жолдарын қарастыру қажеттілігі туындауда.

Осылайша аудан әкімі Бота Серікқызы ауыз су, халықты тұрғын үймен қамту, жолдардың жөнделуі, халықты газбен қамтамасыз ету бойынша орындалған, орындалатын жұмыстар легін жіпке тізді. Білім, денсаулық салаларындағы жетістіктердідежелпіне жеткізді. Денсаулық, мәденет салаларындағы кемшіліктерді айтып, есіктеріне қара құлпы салынған мәдениет үйлерінің жайын айтты. Жылдар бойы жөндеу көрмеген нысандардың бүгінде қабырғалары қақыраған. Ауылдағы бірден-бір мәдеинет ошағы болып отырған клубтардың мүшкіл халі де сөз болды.

Сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев та жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды. Облыс аумағындағы ірі жобалармен таныстырды. Қонаев қаласының бас жоспары жайында да хабардар етті халықты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірге жұмыс сапары барысында индустриялық аймақтардың инфрақұрылымдарын (су, жол, электр қуаты) қаржыландыруды, «G4 City» жобасын жеке қала ретінде бөлуді зерделеуді, еліміздің ұлттық компанияларына облыстың ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы кәсіпорындармен офтейк-келісімшарт жасауды тапсырғанын айтқан өңір басшысы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайына да тоқталды.

Мал ашруашылығы саласында асыл тұқымды малды көбейту жайын екшеп айтқан облыс басшысы Ұйғыр ауданында да бұл қолға алынып, биылғы жылы «Қонаев» ӘКК АҚ арқылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы аясында Сүмбе аулдық округінен «Мирас» шаруа қожалығы жалпы көлемі 8,4 млн. теңгеге 20 бас асыл тұқымды ірі қара мал  алу үшін жеңілдетілген несие алғанын тілге тиек етті. «Аудан халқының негізгі кәсібі етті-сүтті мал, тауық өсіру болғандықтан, қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тартуды ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін өнімдерді Алматы қаласының сауда желілері мен азық-түлік базарларына бірігіп жеткізуді ұйымдастыру қажет», – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ суды үнемі пайдаланудың, өнімділікті арттырудың бір жолы – тамшылатып суару әдісіне көшуді тапсырған Марат Елеусізұлы бұл бағытта Қарадаланың қарқыны әлі баяу екенін айтты. «Облыстағы 263,8 мың гектар суармалы жерлердің 9,6 мың гектары, яғни 3,6% тамшылатып суарылады. Аудандағы 20,6 мың гектар суармалы жердің тек 637 гектары, 3,1%-ы ғана тамшылата суарылады», – деген облыс басшысы осы бағыттағы жұмыстарды жандандырудытапсырды. Пайдаланылмай жатқан жерлердің қайтарылуында аудан алғашқы орындарда тұр  екен. Осындай әр бағыттағы жетістіктер мен кемшіліктерді сөз еткен Марат Сұлтанғазиев халықтың көкейіндегі көп сауалға да жауап берді.

Ават ауылындағы тозығы жеткен аурухананың жайы, су тапшылығы салдарынан мал азығын дайындаудағы қиындықтар, аудан орталығындағы көп қабатты үйлерге әлі күнге газдың тартылмауы, «бармақ басты, көз қыстылықпен» жер ала алмай жүрмін деген тұрғындардың назы, тұрғын үй кезегінде жылдар бойы тұрса да, баспанаға қол жеткізе алмай жүрген жандардың жанайқайы да осы жиында айтылды. Өңір басшысы әр мәселе бойынша мұқият жауап беріп, құзырлы орындарға әр сұрақ бойынша жұмыс істелуін тапсырды.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Шонжы ауылындағы №3 Илья Молутов атындағы орта мектепте жалғасты. 1975 жылы салынған, әлі күнге күрделі жөндеу көрмеген мектептің жайын көрді. Ескірген ғимараттың жай-жапсарымен танысты. Осы жерде аудан әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев төменгі аймақтың суару желілерінің, арасан учаскесінде пайда болатын ағынды сулардың проблемаларымен, каптаж мәселелері, дренаждық желілерді тазарту бойынша жұмысты жалғастыру, тау аймақтарында шағын су қоймаларын салу, «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміндегі суару арналарын «Алматы водхоз» мекемесінің теңгеріміне өткізу сынды өзекті мәселелерді хабарлап, облыс басшысынан осы проблемаларды шешуде қолдау көрсетуін сұрады.

Аудандағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен мәдениет үйі Шарын ауылында орналасқан. Одақ кезінде миллионер колхоз атанған Свордловта ауданда жоқ  мәдениет үйі салынған еді. Бұл ауылдан социалистік еңбек ері де шыққан. Бүгінгі күнде де бұл ауыл шаруашылығы дамыған, ең мықты округтердің қатарында. Десе де мәдениет үйінің жайы жылдар бойы шешілмей келеді. 2010 жылы күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. Бірақ мердігердің жауапсыздығы салдарынан жұмыс аяқсыз қалған. Облыс басшысы дәл осы мәдениет үйіне барып, танысты. 600 орынды мәдениет үйі жөндеу көрмей, жетім баланың күйін кешкен. Ауылдағы 6 бірдей мәдениет қызметкері аядай бөлмеде отыр. Осының бәрін көзімен көрген Марат Елеусізұлы мәселенің оң шешілуіне қолдау көрсететінін айтты. Мұнан соң Шарын ауылындағы Хамраев атындағы орта мектепке атбасын бұрды. Бір жақ ғимараты сызат беріп, қабырғалары жарылып, іргетасы отырған мектептің мәселесн де шешу – кезек күттірмейтін жайт. Күніге 25-30 адамға дейін қабылдап, ем-дом жасап отырған ауылдағы аурухананың жайы да мүшкіл. Күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ жасалған. Құны 2,4 млрд. Бұл өте қомақты қаражат. Бөлінуі де екіталай. Сондықтан ескірген ғимаратты жөндеп, жамап-жасқағаннан жаңа заманауи ғимарат салу ісі қолға алынса деген ұсынысты айтты Шарын ауылының ақ халаттылары облыс әкімінің ауылдық ауруханаға сапарында. Аурухананың жайымен де жіті танысқан облыс әкімі бұл мәселенің де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ауылдағы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барынша қолдау көрететінін, мәселенің оң шешілуіне ықпал етітінін айтты.

Қарадалаға келген жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев халықтың өтініш-пікірін, ұсыныстарын, аманатын арқалап қайтты. Елдің ішіндегі бүкпесіз шындығын тыңдады. Шаруалардың жанайқайын естіді. Жұрттың өзіне деген ыстық ықыласын да сезінді. «Әкім болу – халыққа жақын болу» екенін ұғынған өңір басшысы әлі де халықпен ашық кездесулер өткізіп, арқалатқан аманаттарының орындалуына есеп беретінін айтып, халықпен қош айтысты. Әкімнің еңбегі – халықтың аманатымен өлшенсе керек-ті. Ендеше Қарадаланың халқы облыс басшысының да аманатқа адалдығын асыға күтпек.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…