Басты бет Мәдениет және руханият ТАРИХТЫҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ

ТАРИХТЫҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ

0
282

Осы қағылған тарихтың қазығы қайдан шыққанын және тарқатылар тақырып Сізге түсінікті болуы үшін тарихтың мына үзіндісімен танысып алыңыз!

XV ғасырдан  бастау алған жоңғарлардың мемлекеттері қазақтармен әрқашан көршілес болған ел. «Шорос», «Хошоут», «Дурвэд», «Хойт» тайпаларынан құралған Жоңғар хандығы Тәуекел хан тұсында Қазақ Хандығына бағынып, салық төлеп тұрған. Бірақ, 1635 жылы «Байғабыс» пен «Шорос» тайпалары бірігіп, Ойрат мемлекетін құрды. Осы тұста батыр Қонтайшы билікке келіп, қолөнер және сауда қатынасының дамуына ықпал етті. Бұл кезде Жоңғар хандығы едәуір күшейіп, адам санын 1 миллионға жеткізген шағы болатын. Арасында қазақ ауылдарын шауып, жұрттың мазасын алып жүрген жоңғарлармен қатынас бұзылып, Тарих жылнамасында жазылғандай, Қазақ хандығы ойрат-жоңғар шапқыншылығына қарсы екі жүз жылға жуық ерлікпен күрес жүргізді. Ендігі айтылар әңгіме осы үзіліссіз жалғасқан екі жүз жыл бойғы қанды қырғынның ішіндегі ірі шайқастардың бірі Қарадала өңіріндегі болған соғыс турасында болмақ.

Осынау киелі жердің кешегі тарихын тағы бір жаңғырттық. Ұрпақ алдындағы аталық борышымыз болсын деп бүгінгі буын саяси-идеологиялық астары айқын рухани бай дүниені қалың елдің назарына ұсындық. Ол күнікеше дәл осы қасиетті өлкеде өткен “Қарадала шайқасы” тарихи қойылымы. Естіген елдің құлағын елең еткізер атауының өзі көпшілікті талай күн бойы қызығушылықтың әуресіне салып қойды. Жалып бұл шара облыстық ауқымды жобаның бір бөлігі. Алматы облысының ішкі саясат басқармасы жанындағы “Қоғамдық келісім және даму орталығы” мекемесі мұрындық болған тарихи қойылым «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары» жобасының үшінші кезеңі. Бірінші кезеңде ұлы даланың мәдени – тарихи құндылықтарын, ежелгі дәуірдегі археологиялық ескерткіштерді зерделеу мақсатында арнайы тарихи экспедиция ұйымдастырылып, Қарадала өлкесі мен көршілес Кегеннің кең даласында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Екінші кезеңде Кеген ауданында облыстық дәрежеде халықаралық ғылыми конференциясы өткізілген болатын.

Іс-шара «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретті кезеңінің 300 жылдығына орай ұйымдастырылған. Ауқымды шараның болатын күнін асыға күткен аудан тұрғындары 31 қазан күні таңның атысынан-ақ спорт мектебінің орталық алаңына қарай ағыла беттеді. Келген көпшілікті әуеліде ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі қарсы алды. Түрлі әшекей мен көздің жауын алар ұлттық баскиімдер, сөмкелер сынды ұсақ-түйек қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі келген қонақтарды өзіне тартып тұрды. Одан кейінгі үлкен киіз үйдің маңында қыз-келіншектер берекелі қазанға жаңа піскен ыстық бауырсақты ілтипатпен ұсынып тұрды. Дәмді бауырсақтарымер көпшіліктің көңілін тапқан Шонжы политехникалық колледжінің ұжымы осы тойда қазан қайнатып, майдың иісін шығарып, тойдың сәнін кіргізді. Боз кілемде білек күшін сынасқан балуандардың қазақ күресі және басқа да спорт ойындарынан жарыстар өткізіліп, шараны толықтырып тұрды. Құмайтазы ерткен жігіттер мен қыран бүркіт ұстаған құсбегілер жігіттің бес қаруына айналған ұлттық салт-сананы  келушілерге көрсетті. Шараның негізгі бөлігі орталық алаңда, көгалдың үстінде ашылды. Ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзін Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы сөйледі. Мұндай ауқымды тарихи шара — ауданның өткені мен ертеңі үшін ең айтулы күн, ұмытылмас дата болатындығын айтып, елге ауызбіршілік пен тұрақтылық тіледі. Екінші болып сахна төріне тарихшы, Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы шақырылды. Осы шараның басы-қасында жүрген тарихшы өз сөзін кешегі тарихымыздан тартып, осы күнге дейінгі сүрлеу-соқпағымызды түгендеп бергендей болды. Артынша облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы сөз алып, барша аудан жұрртшылығы мен қонақтарды құттықтады. Осындай шараның өтуіне мұрындық болған облыс әкіміне жергілікті тұрғындардың шынайы алғысын жеткізді. Құттықтау сөздерден кейін көпшілік асыға күткен тарихи қойылым да басталды. Қойылымды тамашалауға екі мыңнан астам халық жиналды. Голливудка әйгілі “Kazakh Union Action Team” каскадерлік тобы және Қазақстанның танымал кино-актерлар қатысып, 80-ге жуық адам бір сағат көлемінде тарихи кезеңді суреттеп, көрермендер назарына ұсынды.  Сахналандырылған қойылым негізгі үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде жаугершілік замандардағы қазақ ауылдарына оқтын оқтын жасалған жоңғарлардың кезекті шабуылы көрсетілді. Бейбіт күн кешкен көшпелі елді тайлы тұяғымен қынадай қырған жоңғар тайпаларының жауыздығы мен қазақтың еңбектеген баладан еңкейген қартына дейін жаужүрек болғаны осы көріністе суреттелді. Екінші кезеңде жиі шабуылдап берекені кетіріп, шаңырақты ортаға түсірген ата жауға тойтарыс беру үшін ойдағы мен қырдағы қазақтың жиналып, қолбасшы тағайындау сәті көрсетілді. Жоңғарлар ХV-ХVI ғасырларда бас көтеріп, қазақ жеріне оқтын шабуыл жасап, Оңтүстік Қазақстан жерін өздеріне қосып алу саясатын жүргізді. 1680 жылы Жетісудың оңсүстік-шығысына қарасты барлық рубасылары мен батырлар бас қосып, бір ымыраға келіп, үлкен ұрысқа Жаншық уәзірдің баласы Әлмеректі қолбасшы қылып сайлайды. Жасынан өз елі мен жерін ерекше қадірлейтін Әлмерек 16 жасында Албан елінен жасақ құрып, жоңғарларға қарсы партизандық соғыс жүргізіп отырған кезі болатын. Ел мен жердің аманатын арқалаған батыр барша еркеккіндіктіге атқа қонуды тапсырады. Осылайша жауға қарсы соққы беруге үлкен жорыққа аттанады. Бұл хабарды естіген Жоңғарлар Орбұлақ шайқасынан кейін қайта қол жинап, кезекті шабуылға дайындалып, әскерді басқаруға Шонжы батырларын сайлайды.

Қойылымның соңғы ең негізгі қорытынды көрінісінде қазақ даласындағы қанды соғыстардың бірі – Қарадала шайқасының қалай болғандығы көрерменнің алдында барыншы шынайы суреттелді. Қазақ даласы 1683 жыл, жоңғар қонтайшысы Цэван Рабдан ойраттармен білресіп, қазақ ауылдарын шапқыншылыққа ұшыратып Сайрам мен Ташкентке ат басын бұрғаны туралы хабар Тәуке ханға жетіп,  Жоңғарлардың жоспарларын алдын-ала білген Тәуке хан Әлмерек батырға Қарадала алқабына дереу жетуіне бұйрық беріп, Әлмерек батыр алты мың қол жасағымен Шарын өзенінің маңында жоңғарларды күтіп тұрады.   Жетісудің шығыс қақпасында Әлмеректің жанында мыңбасылар, жүзбасылар Албан Хангелді, Шапырашты Түрікпен, Дулат Өтеғұл, Биеке Байсейіт інісі Олжай батырлармен бас қосып, жоңғарлардың 10 мың қолын тоз-тозын шығаруға Қарадалада жаумен беттесті. Осы жерде Әлмерек батыр мен жоңғардың қолбасшысы Шонжының жекпе-жегі кәсіби каскадерлардың асқан шеберлігімен көрсетіліп, Әлмерек абыздың батырлығы, жаужүректігі паш етіліп, Шонжының басын алған сәті қалың көрерменнің назарына ұсынылды. Шонжы өлген жердің атауы да тарихта Шонжы өлген болып қалып, ел аузында ұзақ жылдар бойы «Шонжы өлген» аталып, бертін келе «Шонжы» болып қысқартылып айтылып қалыптасқандығын мыңдаған жұрт көзімен көріп, құлағымен естіді. Рухты оятып, көзімізге жас, көкірегімізге рухани жарық сәуле түсірген қойылымның қорытынды әні ретінде осы қасиетті өлкенің перзенті, әнші, талантты актер Әсет Есжан тұлпардың үстінде арқаланып отырып, қолына қамшысын ұстап «Дүр қамшысын» шырқап шықты. Тарихи қойылым мен Әсеттің әніне қалың ел ұзақ уақыт бойы тоқтамай қошемет көрсетіп, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Осылайша ел мен жердің тарихы ұрпақ санасында жаңғырып, өткенімізге бір көз жүгіртіп, бабалар рухына тағзым еттік.

Қойнауына тарихтың мұңы мен зарын жасырған, кеудесіне бабамның қаны мен анамның жасы сіңген, тұлпарлардың дүбірі қалған, қас қолбасшы, дуылғалы әйгілі Әлмеректің қызғыштай қорыған қасиетті мекені, боз жусаны бұрқыраған бұл менің Қарадалам! Бұл өлкеге өткен тарихтың қазығы мықтап қағылды.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдар…