Басты бет Басты ақпарат АНТЫҢА АДАЛ БОЛ, ЖАС САРБАЗ!

АНТЫҢА АДАЛ БОЛ, ЖАС САРБАЗ!

0
7,202

Отан қорғау – абыройлы іс. Бірақ сол абыройлы істің жауапкершілігін сезінбей, әскер қатарынан жалтарып, Отан алдындағы әскери борышын өтеуден қашатын жастарды көргенде күйінесің. Күні кешегі бабалар салған сара жол – батырлықтың өткен күн еншісінде қалғанына көкірегің қарыс айырылады. «Абылайлап» атойлап, атқа қонып, ұлтарақтай жерін жауға таптатпауға жанын берген батырлардың, бертіндегі Ұлы Отан соғысындағы Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов сынды қаһармандардың ұрпағы біз бе деп ессіз ашынасың. Бауыржан Момышұлы: “Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір аза­маттың асыл парызы, ардақты бо­рышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес”, – деген еді. Осы бір ауыз ұлағатты сөз өскелең ұрпаққа елжанды, отаншыл болу міндетін жүктейді.

Ер азамат ретінде артылған жүктің ауырлығын сезініп, Отан алдындағы борышын өтеуге барған жас жауынгерлердің әскери Ант қабылдау рәсімі Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында ұлық мереке Республика күнімен тұспа-тұс келді. Аудан орталығында орналасқан әскери бөлімге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 467 сарбаз әскери ант қабылдады.
Жан-жақтан ағылған ата-ана. Облыстан, ауданнан келген қонақтар. Бәрі де жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімін тамашаламақ ниетпен әскери бөлімге келген. Аудан әкімі Бота Елеусізова да сарбаздарды құттықтауға арнайы атбасын бұрған.
Арнайы бұйрық беріліп, жас сарбаздар ант беру рәсімін бастап кетті. «Мен, Қазақстан Республи-касының азаматы, Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін!». Сап түзеген сарбаздардың жүрегінен шыққан осы бір жалынды сөздері дәтке қуат бергендей. Әрқайсысының жүзіндегі Отанға деген сүйіспеншілік көңілге медеу болғандай. Іштей қуаныш әрі толқыныс.
500-ге жуық жас сарбаз ант қабылдап болған соң құттықтау тілектерге кезек келді. ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша Департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюпов, аудан әкімі Бота Елеусізова, «Застава тарландары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы кеңесінің мүшесі запастағы полковник Дәулетқали Мамырханов, Гүлнар Стамбековалар жас сарбаздарға ізгі тілектерін арнап, Отан қорғау жауапкершілігі мол, абыройлы іс екенін ұғындырып, шекара шебінде борышын өтейтін әр жауынгерге, оларды нағыз азамат етіп тәрбиелеген ата-аналарына алғыстарын білдірді. Ата-аналар атынан Арқалық Тұрғынбеков, Әсем Тұрсыновалар сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Ізгі тілектерден соң Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл бөлімшесі жеке құрамының орындауындағы «Мемлекеттік шекара бұзушыларды ұстау» және «Қоян-қолтық ұрысының әдістері мен тәсілдері» көрінісі келген қонақтарға көрсетілді.
Бүгінгі таңда кей жастардың әс­керге баруға, Отан алдындағы қасиетті де қастерлі парызын өтеуге құ­лықсыздық танытуы патриоттық тәлім-тәрбиенің кемдігінен деп жатамыз. Бірақ біз шекара басқармасындағы жалынды жастарды, қайсар ұлдарды, елжанды сарбаздарды көргенде ел ертеңінің еңселі болатынына сендік. Лайым, ер қорғайтын ұландарымыз ұлттың қамын ойлайтын ұлдарымыз, антына адал сарбаздарымыз көп болғай!

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…