Адамның рухани әлемі үшін де, дене бітімі мен қозғалысы үшін де спорттың маңызы зор. Спортпен айналысқан адамның көңіл-күйі қашанда жоғары болады және қанайналым жүйесі жақсаратындығын бәріміз жақсы білеміз. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Дене жаттығулармен шұғылдануды әдетке, өмір салтына айналдыру керек. Өзім жастайымнан спортты жаныма серік еттім. Мықты спортшы бола алмасам да балаларға дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, оларды саламатты өмір салтына тәрбиелеуде тер төгіп келемін.
Дене тәрбиесі пәніне атүсті, немқұрайды қарайтын адамдарды түсінбеймін. Иә бір кездері бұл пән маңызды емес, негізгі емес деп даурыққандар да табылды. Бірақ уақыт оның қажеттілігін дәлелдеді. Партада тапжылмай, қимылсыз алты сағат отыру баланың дене бітіміне, омыртқа сүйектеріне зиян келтіруі әбден мүмкін. Сондықтан миды сергітіп, дене қимылдарын жасау аса қажеттілікті талап етеді. Сабақтың ең керектісі, жас буынға таптырмайтыны дер едім. Дене тәрбиесінен дәріс беріп келе жатқаныма жеті-сегіз жылдың жүзі болды. Осы мерзім ішінде талапты, спортқа өте бейім, қабілетті балалардың көбейіп келе жатқанының куәсімін. Қазіргі балалар әлжуаз, соткаға тәуелді деген сөздерді соңғы кезде көп еститін болғанбыз. Оған құлағымыз да, етіміз де үйреніп кеткендей. Бірақ спорт саласында жүргендіктен балалардың барлығын соткаға тәуелді дей алмаймын. Өзіме сабақтан тыс уақытта жаттығуға сұранатындар бар. Баскетболдан ұлдар мен қыздардың талпынысы қуантады. Спорттың бұл түрі ауданда кенжелеп тұрғанымен, оған деген қызығушылық басым. Қазір ауданда волейболға деген талпыныс бірінші орында екендігі жасырын емес.
2023 жылдың ақпан айында 2006-2007 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздардың арасында өткен облыстық чемпионатта ешкімге есе жібермей бірінші орынды қанжығамызға байлап қайттық. Биылғы жылдың қаңтар айында 2007-2008 жылы туған ұл-қыздардың арасындағы жарыста екінші орынға табан тіредік. Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңінде 9-10-11 сынып оқушылары арасында қыздарымыз біріншілікке қол жеткізді. Бұл жеңістер өзінен-өзі келе қалған жоқ. Күндіз-түні тынымсыз жаттығудың және ұл-қыздарымыздың намысшыл жігерінің арқасында дер едім. Қазіргі жастардың бойында намыс деген оттың жалыны лаулап тұр. Кез келген додада атойлап шығады. Осы нәрсе қатты қуантады. Балалармен спорттың кез келген түрімен айналысқан жаныма рахат сыйлайды. Қазір күн жылы болғандықтан сыртта, таза ауада жаттығамыз. Жеңіл атлетика, футбол, гимнастиканың түр-түрін жасаймыз. Мұның да өзіндік тиімді тұстары көп. Сабақтан шаршап шыққан оқушы қимыл-әрекет арқылы сергіп қалады, таза ауаны жұтып тынысы кеңейеді. Өмірдің өзі қозғалыс деп жатамыз. Яғни қозғалыс арқылы өмірімізді жақсарта түсеміз.
Дене тәрбиесі – коғамдағы жалпы мәдениеттің бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы деп түсінемін. Жастардың жан-жақты дамуын дене тәрбиесінсіз елестету мүмкін емес. Денесі жақсы дамыған балаға қызыға қараймыз. Өйткені дене тәрбиесінің негізі балалық және жеткіншектік жаста қаланады.Тек қана осы кезеңде дене жаттығуларымен айналысу кажеттілігі қалыптасады, дағдылар мен іскерліктер жинақталады, спортқа қызығушылық калыптасады.
Спорт – барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы – қозғалыс, ал қозғалыссыз тіршілік жоқ. Спорт сөзінің мағынасы кең. Спорт пен шұғылданған адамның денсаулығы мықты, зор болмақ. Бірінші байлық – денсаулық, ал сол денсаулықтың кепілі – спорт.
Әкежан ӨМІРЗАҚ,
Сүмбе орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі