25 маусым күні Алаштың ардақтысы, ақын, жазушы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы. Мағжан Бекенұлы жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шақырған білімді қоғам қайраткері, аса зиялы жазушы. Бірақ солақай саясаттың құрбаны болды. Сондықтан біз оның өмірі мен шығармашылығымен тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана таныса алдық. Қазақ ұлты үшін ол құлыптаулы, айтылмауы керек тақырып еді. Қазақ поэзиясындағы жаңашылдықты Абай бастаса, оны әрі қарай дамыту, рухтандыра түсу Мағжанның маңдайына бұйырды. Оқуға, білімге құштарлығы биік болғандығы соншалықты ол төрт жасында мектепке барды.
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан.
Мағжан – философ ақын. Ақынның философиялық көзқарасы өз өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды шебер шендестіре білуінен байқалады. Ол дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде суреттейді. Табиғатсыз, жаратылыссыз адам жоқ. Ал табиғат адамсыз да күн көре береді. Бірақ сана оған бағынбайды, дене бағынса да сезім бағынбайды. Сондықтан ол бұлқынады, серпінеді, үстем болғысы келеді (“От” шығармасынан). Мағжанның ойынша ақын деген болжап білмес жолға сапар шеккен пір, кейде жын, кейде бала, сол сапарда ол қиындықты қайыспай көтеретін, не дүниені тәрк етіп, бәрінен безінетін жан (“Қиял құлы мен бір ақын” шығармасынан). Ақын “Қорқыт” поэмасында философиядағы мәңгілік тақырып – өмір мен өлім мәселесін Қорқыт пен ажалдың аңдысуы түрінде суреттейді. Ажал – хақ, сондықтан да өмір жібінің түйінінде өлімді болмай қоймайтын өмір ақиқаты ретінде қабылдау қажет деп санайды ол.
Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ол артына өшпес рухани мол мұра, өзіне өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырып кеткен рухты қаламгер. Жарты ғасырдан аса оның есімін де, шығармаларын да атай алмай келген халқы көп жылдардан кейін ғана ұлы ақынымен сағына қауышты. Зерек Мағжан төрт жасында мектеп есігін ашады, хат таниды, Шығыс әдебиетімен алғаш осы мектепте танысады. Қолына түскен қисса-дастандарды оқи бастайды. Ақын Шығыс әдебиеті даналары Фирдоуси, Сағди, Ғафиз,Омар Хаям дастандарын түпнұсқадан оқып-үйренеді. Оқуға зерек, білімге, білмекке ынталы Мағжанды әкесі Қызылжардағы медресеге оқуға түсіреді.Мұнда ол шығыс тілдерін үйренеді, сол тілдердегі әдебиеттерге ден қояды.Тап осы кездерде ақындық талантының бүрі де ашылады. Мағжан сол кездерде Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген өлеңдерін оқып, содан сусындайды. Ол Абайдың шығармаларынан шабыт алады. Осыған дейін қарасөз деген ұғым Абайға тиесілі болып келді. Шыны осы. Сөйтсек, бізде басқа да ақындар қарасөз жазып, айтар ойын ашып айтқан екен. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Былайғы жұрт ең алдымен Мағжан ақынды отты өлеңдерімен, сосын тартымды прозалық шығармалары арқылы жақсы біледі. Ал енді оның қарасөздегі шеберлігі мен тапқырлығын білу бізге шарт. Өлеңдері бір төбе, прозасы жүректің қылын тербейді. Ал енді қарасөзіне үңілік көрейік.
Мағжан Жұмабаевтың бірінші қарасөзі «Балапан қанат қақты» деп аталады. Мұны ол «Балапан» журналына арнап жазыпты. «Балапан қанат қақты… жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты. Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті. Ұшып орманға барып еді, күні кеше күбірлесіп, күлімдесіп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып еді, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалы ақ кебінін жамылып, тоғай тұрмады». Сонау қиын күндерде ақын бұл сөздерді «Балапан» журналына деп арнап жазғанымен, ұлтына деген көзқарас пен үмітті астарлап жеткізгені шындық. Әсіресе Мағжанның «Балапанды» «жас еді», «қанатын амалсыз қақты», «Ызғар өкпесіне жетті» деуі «Балапанның» емес, сол тұстағы Қазақ деген ұлттың басындағы жағдай емес пе? Ал «Солтүстіктің ызғары» дегенді ашып айтпаса да, түсінікті сөз.
Ол қарасөзін жалғастыра келе бүй дейді:
«Балапан қанат қақты…
Аштан өлетін болды. Ойды-қырды қар басқан. Бір қылтанақ таба алмады. Ойы – жан-дәрмен жылы жаққа кету, егіз Есіл-Нұраның тәтті суларынан ішіп, Аралдың ыстық құмын құшпақшы. Терең Балқаштың мөлдіріне шомылмақшы. Алтайдың етегінде «үһ» деп демін алып, Марқакөлдің қаймағында жүзбекші». Соңғы сөйлемдерде ақын өз ұлтының үмітін, арманын, ендігі жолын сөз сиқырына сыйдырып, дәлдеп жеткізіп отыр. Біз үшін «Балапанның» жылы жаққа ұшуы – қазақтың өз билігін өз қолына алып, дербес ел болуы. Кешегі кеселді күндерде ақын осындай ойы, көзқарасы бар екенін жасырмайды.
Мағжан ақынның екінші қара сөзі «Домбыра» деген тақырыпта. Ол бұл туындысын «Марқұм Ш-ға арнаймын» депті. «Домбыра кейде ағаш жапырақтарының дірілдеп күбірлегеніндей, кейде ауру адамның ыңырсығанындай болады. Ол қайғырады… зарланады… маған алыстан талып бір дауыс естіледі. Мұңды бір дауыс жақындап келеді. Нәзік, зарлы дауыспен біреу ақырын ғана өлең айтқандай… әйел даусы… «бізден сорлы жалғанда жан бар ма екен?». Жылап тұрған қазақ әйелі арқылы Мағжан қараңғы қоғам, теңсіздік пен әділетсіздікті сын тезіне алғысы келеді. «Маған жақындап келіп, менің көздеріме тура қарады. Көз қарауы әрі майда, әрі салқын. Кішкене күлімсіреп, қансыз ерінін қозғап, сөйлейін деп еді, жөтелді… ұзақ жөтелді… Ақырын ауыр жөтел». Мұнда ақынның «әйелдің маған жақындап келіп, көзіме қарады» дегені елдің сөзін бір айтса ақын айтар, мұңын ақын түсінер деген ізгі тілегінен туындаса керек. «Домбыра» қарасөзін ақын «Денем күйді… Жүрегім аузыма тығылды. Көзімнен ыстық жас төгілді… домбыра да күңіренеді, зарлайды, ақырын жассыз жылайды. Жыла, домбыра, жыла» деп аяқтайды. Ақын неге домбыраны жылатқысы келіп отыр, өйткені қазақтың мұң-қайғысы, қуаныш-жақсылығы тек домбыра үнімен, қос ішектің тілімен шаршы әлемге жетіп жататын. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен өлеңі жарты ғасырдан артық уақыт бойы айтылмады, насихатталмады дедік қой. Ақынның кітаптары тыйым салу кесірінен сарғайып, тозып, жоғалып жатты. Ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомбылық дәуірінің құрбаны болған ақын тағдыры аянышты еді. Бірақ айды алақанмен жабу мүмкін емес болатын. Бұл ақынның өз сөзі, өз түйіні.
Қарасөзден бөлек Мағжан әдебиетке жаңашылдық әкелген, шынайылықты орнықтырған талант иесі. Әттең оның шығармаларымен ертерек танысқанымызда рухани дүниемізде ілгерілеу болар ма еді, кім білсін. Бір өкініш, бір үміт. Жалпы көркемөнердегі, оның ішінде әдебиеттегі жаңашылдықты Абайдан тауып, данышпан қаламгердің қазақ әдебиетіне әкелген жаңалықтарын сөз етіп жүрміз. Абайдан кейін қазақ өлеңіне, жалпы ұлт әдебиетіне жаңалық әкелген Мағжан Жұмабаев екендігі ұлы ақынның көзі тірісінде оны жақтаушылар тарапынан да, идеясын желеу етіп даттаушылар тарапынан да айтылған және мойындалған. Мағжанның әдеби мұрасына тыйым салынып, халқынан ажыратылмағанда, шығармалары ең болмаса 1950 жылдар ішінде болған ақтау тұсында оқырманға жол ашылғанда қазақ поэзиясына оның ықпалы айтарлықтай болып, бүгінгі таңда ақын дәстүрі жайында келелі сөзіміз көбірек айтылар ма еді. Мағжан шығармаларының жаңашыл сипатын алдымен оның өзінен іздеген жөн-ау. Жаңашыл қаламгерді туғызатын қоғамдық орта. Қоғамдағы алуан саяси, әлеуметтік өзгерістер, әдебиетке жаңа идеялар, тың тақырыптар әкелді, яғни жаңаша мазмұн дарытты. Ақынның алғашқы шығармалары, шамамен 1915-16 жылдарға дейінгі жазғандары мазмұн жағынан келгенде сыншыл, ағартушылық реализм арнасында болды. Журналистикамен айналысып, білім саласында жұмыс істеген оның қай дүниесі де тұнып тұрған пәлсапа. 1922 жылы «Педагогика» деп аталатын еңбегін шығарады. Мағжан біраз уақыт Омбыда басылып шыққан «Бостандық туы» газетінің редакторы болып жұмыс істеп, 1921 жылдан бастап Петропавл қаласында тұрды.
Жұмабаев өмірінің ширыққан және шығармашылық жемісті кезеңі 1922 жылы Ташкентке көшуімен байланысты. Онда ақын «Батыр Баян» поэмасын, Түркістан туралы өлеңдер циклін, Ақан Сері, Бұхар Жырау, Әбубәкір Диваев туралы мақалалар жазды. Сондай-ақ, «Ақ жол» газетімен және «Шолпан» журналымен жұмыс істеді. Ташкентте, 1922-23 жылдары Қазанда арты-артынан Жұмабаевтың екі өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл жинақтарда ақын талантының ерекшеліктері айқын көрініс тапты.
Мағжанның өмірінде академик Григорий Николаевич Потанин, қазақтың көрнекті ұлы ақыны және ғалым Міржақып Дулатов және семинар директоры Александр Никитич Сидельников үлкен рөл атқарды. Потанин Мағжанмен алғаш кездескеннен кейін оның болашақта екінші Шоқан Уәлиханов болатынын болжады. Ұлы ғалымның болжауы орындалып, Мағжан қазақ халқының көрнекті ақыны, жарық жұлдызы болды. Кейінірек Мағжан Жұмабаев орыс классикалық мектебінің рухында педагог, ірі түрколог, тарихшы, тіл маманы, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығының, «Педагогика» кітабының авторы болды. Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиеті мен мәдениетіне еркін қаныққан Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келді. Әдебиетімізде түркі тақырыбын тұңғыш рет жеке дара көтерген де Мағжан еді.
Сол кезеңде ұлтшылдық, түркішілдікке қатысты айыптау толқыны басталды. Бұл жала Мағжан 1923-26 жылдары Мәскеудегі әдеби-көркемсурет институтында оқып жүрген кезінде де артынан қалмады.1929 жылы Жұмабаев жалған айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Солтүстікте өтеп жүрген Мағжан 1935 жылы Максим Горькийдің өтініші бойынша босатылып, бостандыққа шығады. Алайда даңқты ақынның бостандығы ұзаққа созылмады. 1937 жылы 30 желтоқсанда ақынға жала жабылып, Жұмабаев қайтадан қамауға алынып, Ежов зынданында ату жазасына кесілді. 45 жасқа толар толмасында атылған Мағжанның артынан өшпес мұрасы шығармашылығы мен руханиятқа азық болар қомақты дүниелері қалды.
Баян МАМЫРБАЕВА