Басты бет Әлеумет ЖАРАСЫМДЫ ЖАНҰЯ

ЖАРАСЫМДЫ ЖАНҰЯ

0
292

Ерте заманда ата-бабаларымыз отбасы, ошақ қасы деген қасиетті ұғымдарға аса мән беріп, бала тәрбиесін бесіктен бастап, отағасы мен отанасының орнын о баста айқындап, ұрпақтың текті болуына мықтап мән берген. Отбасылық өмірге бекем болған осындай рухты елдің ұрпағы болғаннан кейін бүгін де біз осы тектілігімізді сақтап тұруды және оны ұрпаққа жеткізуді ұмытпауымыз керек. Ол үшін әр шаңырақ көтерген жас жанұя отбасылық өмірге қадамды шалыс баспауы тиіс. Айналамызда нағыз үлгі боларлық отбасылар аз емес. Солардың бірін бүгінгі айтылар ойдың басты кейіпкері ретінде қарастырдық. Ол тау етегіндегі Шошанай ауылындағы жас жанұялардың бірі – Қатаевтар отбасы. Жақынырақ таныс болу үшін аталмыш жас отбасының мүшелерімен және бір күндік тыныс-тіршілігімен бірге тыныстап көрдік.

Қатаев Аян Жанасбекұлы Қасиетті Қарадаланың өр жағындағы Шошанайдың киелі топырағында дүниеге келген. Шошанай орта мектебін 2010 жылы аяқтап, сол жылы Алмақаладағы «Қазақ қатынас жолдары университетіне» «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығына түсіп, оқуды сәтті аяқтап шығады. Оқу мен білімді артық санамаған Аян 2015 жылы Алматы қаласындағы «Қазақ спорт және туризм академиясына» «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына екінші оқуға түсіп, 2018 жылы бұл білім ордасында ойдағыдай тамамдайды. 2017 жылы қыркүйек айынан бастап өзінің туған ауылының орта мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа қабылданып, еңбек жолының алғашқы қадамын бастаған. Студенттік жылдар оны өзінің өмірлік серігімен табыстырып, 2016 жылы шаңырақ көтеруіне себепші болады.

Аянның жары Толегенова Балжан Нұрланқызы – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты ауылының тумасы. Ауыл мектебін бітіріп, көп жастың бірі болып, Алатаудың бөктеріндегі арман қалаға білім қуып келген Балжанды тағдыр өзі аңсаған мамандықтың иесі етіп қана қоймай, Аянмен табыстырып, басына қос бақытты бірақ сыйлады. Балжан Алматы қаласындағы «Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің» «Шетел тілі» мамандығын алып шыққан. Шығыстан ұзатылып, шаңырақ көтеріп, оңтүстікке келін болып, Қарадаланың қиясына қонған соң  Шошанай орта мектебіне ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Осылайша отбасы болған екі жас өмірлерін ғана емес, еңбек жолдарын да бір бағытқа ұштастыра білді.

Аян бос уақытында бабалар жолын жалғастырып, дала спорты, ұлттық ойын көкпар тартып, аттың үстінде уақыт өткізгенді ұнатады. Сондай-ақ  садақ атумен де шұғылданатын қырын көрдік. волейбол ойнап, ауыл балаларына «Қазақ күресінен» жаттығу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Сонымен қатар аңшылыққа, саятшылыққа шығуды серік еткен. Жеті қазынаның бірі құмай тазы бағу тағы – бір қыры. Жалпы Аян – ұлттық құндылықтар мен ұлттық спортты бәрінен бірінші орынға қоятын ұлтжанды азамат. Ал отанасы Балжан бос уақытында волейбол спортымен айналысады. Үй тұрмысында гүл өсіреді және бос уақытында өзінің мамандығы бойынша ауыл балаларына ағылшын тілін үйретеді. Жас отбасы бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Бала тәрбиесінде де ұлттық тәрбие мен Отанды сүю, ұлтқа қызмет ету, адамгершілік, адалдық, ардан аттамау сынды басты құндылықтарды бірінші бойға сіңіруді жолға қойған. Отбасылық жетістіктердің атап айтатын ауқымдысы осы мамыр айында отбасы күні қарсаңында Талғар ауданында өткізілген облыстық жас отбасылар байқауында бірінші орынды иеленіп, ауданның мәртебесін бір көтеріп тастады.

Жас болса да тамырын тереңге тартып үлгерген Қатаевтар жанұясы –  өзгеге үлгі боларлық қырларымен және нағыз қажетті отбасылық жақсы қасиеттермен толығысқан жас шаңырақ иелері. Артынан ерген жас ұрпақ пен шаңырағының уығын енді шаншып жатқан жас жанұяларға осындай отбасылық бақыт пен түсіністік тілейміз!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…