Тәуелсіздік қарсаңында өскелең жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, өз елінің ерекшеліктерін таныту, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптей отырып сақтап қалу мақсатында Илья Бахтия (Молутов) атындағы №3 орта мектептің мәжіліс залында «Ашық есік күні» өтті.
Аталмыш іс-шараға мектеп әкімшілігі, әдістемелік бірлестік жетекшілері, педагог-психологтармен қатар қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандағы мектептердің директорлары мен орынбасарлары қатысты.
Мінбеге көтерілген аталмыш мектеп директоры Шерзат Бабаханов баяндама жасап, мектептің алдағы оқу жоспарларымен, алға қойған арман-мақсаттарымен, одан да өзге мектеппен тығыз байланысты дүниелермен таныстырып өтті.
Атап айтар болсақ, Шерзат Бабаханов өмір бойы білім алуға дайын, өзін және өзгені бағалай білетін, зиялы да табысты тұлға дамытуға ықпал ету өзінің ғана емес жалпы мектеп ұстаздарының миссиясы екендігін, мемлекет пен әлемнің алдында мектеп қауымдастығының жауапкершілігі мол екендігін айтты. Сонымен қатар қауіпсіздік, ынтымақтастық, сенім, мақсаттылық, адалдық, өмір бойына білім іздеу сияқты құндылығымызды жоғалтпауға ұстаздармен қатар қоғам болып атсалысу керек екендігін алға тартып, 2022-2023 жылғы оқу тақырыбына ойысты.
Жаңа оқу жылының мақсат-міндеттерін айқындаған мекеме басшысы өмір бойы білім алу, оқушының санасын жаңғырту арқылы қоғамның жаңғыруына мүмкіндік жасау, оқушылардың саламатты өмір салтын қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп, тер төгетінін жеткізді.
Келесі кезектерде мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Гульмира Изимова білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар барысында баяндама жасаса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Пазилям Турсунова құндылықтарға негізделген тәрбие жұмыстарынан хабардар етті.
Одан кейін барлық білім беру мекемелерінің ұстаздары Илья Бахтия атындағы мектеп ұстаздарының сабақ беру тәсілдерімен, оқушыларды оқыту бағытымен танысып тәжірибе алмасты.
«Ашық есік күні» аясында оқушылардың білімі, үлгерімі, тәрбиесі, ең аяғы өнері мен дарындары жайында біраз тақырыптар қаузалды. Сонымен қатар іс-шара барысында мектеп оқушыларының арнайы дайындаған көрмелерімен таныстық. Көрмелерге оқушылардың қазақ халқы мен ұйғыр ұлтының сал-дәстүрлерін дәріптейтін ұлттық аспаптар мен қатар қамшы, бесік, құрақ, асықтан жасалған шахмат тастары, табиғатты аялау мақсатында жасалған көркем макеттер, зиянды шылым мен ішімдікке қарсылықтан туындаған плакаттар, көркем суреттер мен әлемдік әдеби кітаптар, түрлі роботтар қойылды. Әдістемелік бірлестік жетекшілері арнайы ұйымдастырған «ашық есік күні» өз мәресіне жетті.
Санжар КЕЛЕКЕ