Тоғызқұмалақ қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі екені баршамызға мәлім. Бұл ойын – шахмат, шашки ойындары сияқты ақыл ойдың дамуына арналған ойын. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласында ең кең тараған ойын болып табылады. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарға сүйенсек, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан.
Тәуелсіздік күні қарсаңында тоғызқұмалақтан Есік қаласында Алматы облысының чемпионаты өтті. Жастар арасында өткен чемпионатқа ауданымыздың балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен 9 спортшы қатысты. Облыс көлемінде өткен біріншілікте командалық есепте әйелдер құрамасы екінші орын алса, жалпы жастар құрама командасы бірінші орынға табан тіреді. Тоғызқұмалық спортынан Әйгерім Шаяхмет, Қанат Құралбек, Қайсар Болатұлы, Бағлан Ерболұлы, Қадыр Бақытұлы, Ақниет Оңғарбай, Аружан Қуанышқызы спорт шеберінің үміткерлігін орындады.
Озық білім, ақыл-парасатының арқасында мерейлері үстем болып, жеңістің биік тұғырынан көрінген балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушыларын шын жүректен құттықтай отырып, жеңісті күндерің көп болсын дегіміз келеді.
Санжар КЕЛЕКЕ