Тәуелсіздік күні қарсаңында һәм «2022 жыл – Балалар жылы» аясында қасиетті Қарадала өңіріне қарасты Сүмбе ауылында 8 жас пен 16 жас аралығындағы бокстан Алматы облысының ашық біріншілігі өтті. Спорттық іс-шараның өтуіне балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы Нұрғанат Тұрбеков мұрындық болып, Сүмбе орта мектебінің директоры Құралай Доғалова мен ауылдың атқамінер азаматы, муай-тай спортының шебері Айбол Күреңбаев ағамыз қолдау көрсеткен. Жарыс Сүмбе орта мектебінің спорт залында өтті. Сонымен қатар жасөспірімдер арасынан өткен бокс біріншілігіне Алматы қаласынан, Нарынқол өңірінен білікті төрешілер тартылды. Облыс көлемінде жасөспірімдер арасындағы біріншілікте Райымбек ауданына қарасты Қарасаз, Нарынқол, Сүмбе, Саржаз, Сарбастау ауылдарынан бес команда, Кеген ауданының округтері Ұзынбұлақ, Ақсай, Жылысай, Кеген ауылдарынан төрт команда, Еңбекшіқазаққа қарасты Нұра, Шелек, Қаражота ауылдарынан үш команда, Жетісу облысы Панфилов ауданының Айдарлы, Шолақай елді мекендерінен екі команда, Алматы қаласынан бір команда, ауданымыздың Сүмбе, Сұңқар, Үлкен Диқан ауылдарынан үш команда, жалпы саны 18 команда, 200-ден аса бала сынға түсті.
Ашылу салтанаты барысында Сүмбе ауылының әкімі Бекболат Солтанбаев жарысқа қатысып жатқан жасөспірімдерге ақжарма тілегін ақтарса, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жиһангер Мәжитов осы шараға ұйытқы болған ауыл тұрғындары мен спорттың дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген барша азаматтарға өзінің алғысын білдірді. Келесі кезекте сөз алған Сүмбе орта мектебінің директоры Құралай Доғалова осы мектептен де әлі талай чемпиондар шығатынына сенімі кәміл екенін тілге тиек етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, ауылдың наиб имамы Еркін Шәденұлы жастарға Гена мен Жәнібектей болыңдар деп өзінің ақ батасын берді.
Үш күнге созылған жарыс тартысты да бәсекеге толы болды. Спорттық іс-шара барысында ауыл азаматтары алыс өңірлерден келген бапкерлер мен қонақтарға ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін ақтарып, арқа-жарқа болып қалуды да ұмыт қалдырған жоқ. Жарыстың алғашқы күні ширек финалда 65 жұп өнер көрсетсе, екінші күні жартылай финалда 75 жұп бақ сынады. Жарыстың соңғы күні болаттай шыңдалған шымыр денелі сен тұр мен атайын деп тұрған 50 жұп финалда өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойыншы командалық есепте Кеген ауданы алғашқы орынға табан тіресе, Қарадаланың сайыпқырандары екінші тұғырдан көрінді, үздік үштікті Райымбек ауданының жасөспірімдері түйіндеді. Жеңіс тұғырынан көрінген балғын боксшылар медальдармен, алғыс хаттармен және де ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ауданымыздың атын асқақтатып Әли Құсай, Рауан Ғалымұлы, Ержанат Тоқтасын, Ақжүрек Ерғали, Нұрбосын Әбіләкім, Шәмші Серікбай, Ақарыс Жақсыбек есімді батырларымыз жеңістің биік тұғырынан көрінсе, олардан бөлек он баламыз екінші орын, он баламыз үшінші орынға қол жеткізді. Қарадаланың қара домалақ балаларына жарайсыңдар дегеннен артық сөз таппадық!!!
Санжар КЕЛЕКЕ