Шонжы ауылынан күншығысқа қарай қара жолмен құйғытып, Қарадаланы бетке алсаңыз,100 шақырым жүрген соң, «Кіші Дихан» деген жазудан оңға бұрылып тауға тартсаңыз, таудың салқын самалы алдыңыздан қарсы алып саф ауасын ұсынады. Кіші Диханнан 10 шақырым жерде, 150 шақты отбасы ғұмыр кешіп жатқан «Үлкен Дихан» дейтін алақандай ауыл бар.
Иә.. алақандай ғана ауыл болғанымен таза ауасынан еркін тыныс ап, мөлдір бұлағының суынан қана ішіп, таудың бүлдіргені мен өзен жағасынан қарақатын жеп өскен талай тау тұлғалы алыптарды өмірге әкелген ауыл. Атап айтар болсақ, ақын, драматург Н.Оразалин, биология ғылымдарының докторы М.Тойшыбеков, Халық қаһарманы М.Тайпов, ұйғырдың атақты ақыны И.Бахтия, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Жолдасбеков, соғыс ардагері З.Батталханов тағы да көптеген тұлғаларды дүниеге әкелген біздің қасиетті топырақ осындай тұлғаларымен мақтана алады. Бүгінгі әңгіме арқауы Ұлы отан соғысының ардагері, еңбек майталманы, қоғам қайраткері Заманбек Батталханов жайында болмақ.
Заманбек Батталханов 1922 жылы 22 желтоқсанда Ұйғыр ауданы, Үлкен Диқан ауылында дүниеге келген. 1929 жылы «Шақырма» деген қыстақтағы үш бөлмесі ғана бар мектептің бірінші сыныбына барады. 1935 жылы Ашаноқыдағы мектептің 4 сыныбын бітіреді. Ал 1936 жылы Бірлік Сүмбедегі мектептің 5 сыныбына қабылданып, оның 7 сыныбын бітіріп шығады. 1941 жылы Қалжат орта мектебін тамамдап, 1942 жылдың қаңтарында әскерге алынады. Осы жылдың ақпан айында Орлов облысында тұрған бірінші гвардиялық Ленин орденді атқыштар дивизиясында бөлімше командирі, 1942 жылы қараша айында Свердлов қаласындағы танкі жүргізушілер курсын бітіргеннен кейін, Саратов облысы Аткарский қаласында тұрған бірінші гвардиялық Ленин орденді механикалық корпустағы ерекше танк батальонында Т-34 танкісінің жүргізушісі болады. Білімі мен мінезінің қайсарлығының арқасында соғыстан кейінгі жылдары қоғамдық істердің басында болып, елдің дамуына белсене атсалысты.
1955 жылдан 1957 жылға дейін аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі,1957 жылдың басынан 1965 жылдың қазанына дейін Ұйғыр, Панфилов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1965 жылдан 1972 жылдың аяғына дейін Іле аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1972 жылдың басынан 1985 жылдың ақпанына дейін Іле аудандық партия комитетінің І-ші хатшысы, 1970-1980 жылдары екі рет Іле аудандық Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясының ХV съезінің делегаты, 1981 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының ХХVІ съезінің делегаты болды.
Жетісу өңірінде суармалы егіншілік пен интенсивті мал шаруашылығын дамытудың тиімді жаңа бағыттарын ұсынып, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеп іс жүзіне асырды. Алматы облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін ұзақ жыл атқарды.
«Жарыс мұраты – жеңіс» (1978), «Басшы-тәрбиеші» (1979), «Өмірім-өнегем» (1980), «Өнегелі өмір» (1986), «Жаңғырықты жылдарда» (1993), «Ақсақалдар алқасы» (1996), «Оразбақ батыр» (2002) атты кітаптар жазып, өзінің басынан өткергендерінен сыр шертті. Алматы облысының құрметті азаматы атанып, облыстың экономикалық дамуына өзінің салмақты үлесін қосты.
Атасы Тоқсанбай Кеңес өкіметі орнағанға дейін Үлкен Диханда екі рет болыс болған, елге елеулі, халқына қалаулы кісі болған соң елі құрметтеп, Кетпен тауының биік шыңының бірін Тоқсанбай шыңы деп атаған. Яғни Заманбек атамыздың бойындағы барлық жақсы қасиеттер әкенің қанымен берілген деуге толық негіз бар. З.Батталхановтың жігіттік шағы,талай шаңырақты шайқалтқан, баланы әкесіз, ананы баласыз қалдырған сұм соғыспен тұспа-тұс келеді. От пен оқтың ортасында жүріп отанын қорғап, аман-есен елге оралады. Келе салысымен соғыстан кейінгі қаңырап қалған ауылды қайта тіктеу үшін білек сыбана іске араласады.
Соғыс жылдары ол екі рет жарақат алды.Әскери атағы – гвардия полковнигі. «Қызыл жұлдыз», 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысының ордендері және жауынгерлік медальдармен марапатталды. 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін тамамдап шығады.1946-1954 жылдары Ұйғыр ауданының әртүрлі мектептерінде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Біздің ауданда ғана емес оның іскерлігі облыс деңгейіне де жоғары бағаланды. Сондықтан Іле, Талғар, Ұйғыр аудандарының және Қапшағай қаласының «Құрметті азаматы» атанды. Басшылық лауазымдарда жүрсе де қолынан қаламы түспеді. Жүріп өткен жолын, өнегелі өмірін жазған, қаламынан туған «Өмірім өнегем», «Оразбақ», «Өмірдерек» сияқты еңбектері бар. Еңбектерін оқысаңыз, Заманбек атамызды жаңа қырынан тани түсесіз, шежіреші, тарихшы болғанын байқайсыз. Заманбек атамыз елімізге есімдері әйгілі тұлғалармен араласып-құраласып шығармашылық байланыста болған. Әбдіжәмил Нұрпейісов, Сафуан Шәймерденов, Тахауи Ахтанов, Мұқағали Мақатаев, Илья Бахтия, Тұманбай Молдағалиевтермен қоян-қолтық араласып, олардың шығармашылығымен ғана емес, аға-інілі бауыр бола білді.
З.Батталханов егіз қозыдай екі інім бар – Мұқағали мен Тұманбайды ажырата алмаймын, – деп отырады екен жарықтық. Қос інісі де әдебиет әлемінен ойып тұрып орын алған тұлғалар. Бұл туралы «Мен білетін Мұқағали» атты естелігінде өзі мазмұнды естелік жазған. Ағасына құрмет ретінде Мұқаң өзінің 1975 жылы баспадан жарық көрген «Шуағым менің» поэмасы мен өлеңдер жинағын қолтаңбасымен сыйға тартқан. Онда Мұқағали:
Аға деген тілекпен,
Тілекпен ізгі жүрекпен.
Шуағымды ұсындым,
Күн көзінен дір еткен.
(М.Мақатаев, 10 қазан,1975 жыл.)
Тұманбай Молдағалиев ағасына деген ыстық ықыласын «Заманбек аға» деген арнау өлеңінде;
Аман бол, Димекеңнің арлы інісі,
Бастайтын жақсылыққа әрбір ісі.
Мәңгі өмір сүрем-ау деп ойлағанмен,
Жүрмейді ау, жер бетінде мәңгі кісі.
..Алыстан осы күнге аман жеткен,
Бір өзі жаңа өріс, жаңа көктем.
Бойыңа құйылады алтын сәуле,
Сырлассаң Батталханов Заманбекпен, – деп тебірене жыр толғаған.
«Елдің баласы бола алмаған, ағасы да бола алмайды» – демекші бұл өлең жолдардан аға мен іні арасындағы байланысты көреміз. Асыл аға мен алғыр іні үйлесім тапқанын байқаймыз.
Бейнеттің зейнетін көрер жаста, зейнетке шыққан соң да елдің, ұрпақтың қамын ойлады.Зейнетке шыққаннан соң 2003жылға дейін Алматы облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін (қоғамдық негізде) атқарып келді. Онда да облыстың бар игі-жақсыларының басын жиі қосып, ақылдасып, әр ауданның тарихына қарай сол өңірге қатысты мәселелерді көтеріп отырды. Бар болмысына тән байсалдылық, табандылықты істеген ісінен көреміз. Саналы ғұмырында талай қызметтер атқарды, асқақтап, көкірегін көтерген пенде емес, сол қарапайым да қазақы қалпын сақтап қалды. Бар ғұмырында атқарған қызметтері атан түйеге жүк болардай. «Жақсының аты өлмейді» демекші туған ауылында ол кісінің құрметіне мешіт, мектеп атаулары берілді. Заңғар тұлғаның атын арқалаған мектептен талай дарынды балалар өсіп, шығатындығына сенімім мол.
Елеусіз ҚҰЛАНБАЕВ,
тарих пәнінің мұғалімі