Аудандық орталық аурухананың конференция залында атақтары дардай, танымал дәрігер, профессорлармен кездесу болды. Шынайы талантты адамдар өте қарапайым келеді деген тәмсіл бар ғой. Осы сөздің шындығына көз жеткіздік. Жиылғандармен жылы амандасып, олардың хал-жағдайларын сұрап, сырттағы ауарайының кереметтігін, аппақ қардың мамықтай болып жауып тұрғандығын ауылымызға деген аппақ пейіліндей етіп жеткізіп, төрден орындарын алды.
Конференцияның шымылдығын ашқан емхананың меңгерушісі Әлия Ақжолтаева биыл аудандық аурухана үшін тарихи оқиғаларға толы болғандығын, Алматы қаласы мен Алматы облысының хирургтер қауымдастығы келіп үлкен конференция өткізіп, атақты хирургтер келіп күрделі ота жасалғандығын айтып, ауданымызда тағы да осындай айтулы күн туғандығын жеткізді. Ат арылтып киелі шаңырақ С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінен келген ұстаздарды, доценттер мен профессорларды таныстырды. Ұлттық медицина университеті акционерлік қоғамы урология кафедрасының професоры Дәуренбек Сеңгірбаев, аталмыш білім ордасының доценті Сұраншиев Аманжол Жалауұлы, Қ.Сағадиев атындағы халықаралық бизнес университеті медицина факультетінің деканы Айнұр Муфтиева, С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университеті балалар кафедрасының профессоры Жанар Нұрғалиевалардың конференция қонақтары екендігін айтып өтті.
Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев алды. Пандемия кезіндегі адам денсаулығының қаншалықты бағаланғандығын, сол тұстағы ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегін жиылғандардың есіне түсірді. Ауданымызға ат басын бұрып келген дәрігерлердің бүгінгі ғылыми конференцияларына сәттілік тілеп, аудандық аурухананың келесі жылы күрделі жөндеуден өтетіндігін, материалдық-техникалық базасының жақсаратындығын, заманауи қондырғылармен қамтылатындығын тіліне тиек етті. Қуық безі мен бүйрек ауруларының ер адамдар мен қазіргі кезде жастар арасында да артып бара жатқандығын, осы салаға көп көңіл бөлу керектігін түсіндірді.
Сонан соң сөз алған аудандық аурухананың директоры Елікбаев Айдын Молдашұлы бәсекелестік көбейіп, денсаулық сақтау жүйесі заманауи әдіске өткен тұста әлі де жүзеге асатын жұмыстардың көптігін ескертіп өтті. 11 маусым күні Алматы қаласы мен облысының хирургтер қауымдастығы ұйымдастырған үлкен ғылыми конференцияның біздің аудандық мәдениет үйінде кең көлемде өткендігін мақтанышпен жеткізді. Мықты мамандардың озық тәжірибелерінен үйрену мақсатында өтетін осындай конференциялардың маңыздылығын түсіндірді. Келген қонақтарға алғысын айтып, олардың жұмыстарының табысты өтетіндігіне сенім білдірді.
Аманжол Сұраншиев жиын тізгінін қолына алып: «Осы ауданға бет алған бізге Қазақстан урологтар Қауымдастығының Президенті Мырзакәрім Алшынбаевтың өзі сәт сапар тілеп, сіздерге сәлем жолдады. Аудандық ауруханаларыңызда заманауи қондырғылардың болуы өте жағымды нәрсе. Сырқаттар үлкен қалаларға сабылмай осы жерден ем-домдарын ала алатын дәрежеге жетудің өзі үлкен бақыт», – деп ойын түйіндеді.
«Урология ауруларының диагностикасы және оны емдеудің жолдары» атты конференцияның алғашқы баяндамасын уролог, профессор Дәуренбек Сеңгірбаев оқыды. «Пиелонефритті емдеудегі өсімдік терапиясының рөлі» атты тақырыпта сырқаттың пайда болуы, оны емдеу жолдары туралы кеңінен сарапталған баяндама жасады. Пиелонефрит немесе цистит – бүйректің және бүйрек түбегінің көбінесе интерстициялық талшығының қабынуы. Бұл – бүйректің ең жиі кездесетін ауруы. Бүйректің осындай қабыну ауруларының дамуынан қазіргі заманда ешбір адам сақтандырылмағандығын айта келе, аурудың себеп, салдарын, пайда болуы мен асқыну себептерін талдады. Көптеген адамдар мұндай аурумен ауыратындарын ойламаған жерден біледі. Несептің зертханалық зерттеу нәтижесі нашар шыққанда немесе денсаулықтың нашарлауы кезінде осы диагнозды қояды. Бұл көптеген адамдардың дер кезінде ауруды анықтауына кедергі келтіреді. Бүйрек инфекциясы жасырын тәртіпте жүреді және тек ауыр жағдайларда ғана сезілетіндігін, бұл зәр шығару жолында патологиялық сипаттағы процестер белсенді болған кезде орын алатындығын түсіндірді. Қарапайым тілмен жиналғандардың, тіпті біз сияқты медицинадан мүлдем хабары жоқ адамдарға да жететіндей етіп ұғынықты тілмен жеткізді. Емдіктің, дәріліктің біздің қанымызда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан басталатындығын тіліне тиек етіп, қазақтың әйгілі шипагер ғалымы жөнінде тағылымды әңгіме өрбітті. Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын сарп еткен. Яғни шөптердің емдік қасиеттерін жақсы меңгерген, зерттеген. Осы тұста тоғыз түрлі шөптен әзірленген, эфир майы бар «Фитолизин» дәрісі туралы толық мәлімет беріп, оның урологияда қаншалықты тиімді екендігін түсіндірді.
Сонан соң «Бауырдың холестатикалық зақымдануы» атты тақырыпта Айнұр Ислямқызы бауырдың холестаз ауруы туралы баяндама жасады. Өттің қабынуы, толуы, жалпы аурудың себеп, салдары туралы әңгімеледі. Дұрыс диетаны қалыптастырып, ем-домды тиімді қолданса, хируриялық отасыз емдеуге болатындығын да нақты дәйектермен жеткізді. Оған әрине залда отырған хирургтер өз болжамдарымен қарсылық білдірді. Өт ағынын тоқтатуға ең тиімді деген «Нормобакт» дәрісінің пайдасын түсіндірді. Жүкті әйелдерге қажетті мөлшерін де айтты. Жалпы бұл дәрі де пайдалы шөптерден жинақталғандықтан оның бауырдың жұмысын жақсартудағы тиімділігін адамның салмағына қарай қолдануды түсіндірді.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жанар Нұрғалиева «Метоболикалық синдромдағы Д витаминінің жетіспеушілігі, түзету жолдары» атты тақырыпта кеңейтілген баяндама жасады. Адам баласы – бір-бірімен қым-қуыт байланысып жатқан мына тұтас дүниенің бір ғана бөлшегі. Сондықтан осы тізбекті байланыстардың бір жеріне зақым келсе, жүрісінен жаңылса, я үзілсе, адам ағзасы да оның әсерінен дағдарып, ауырып қалып жатады. Сондай қажеттіліктің бірі – қалыпты тіршілік етудегі аса маңызды рөлге ие дәрумендер тобы. Олардың әрқайсысы өзіне тән жұмысын атқарады, ал солардың ішіндегі «күн дәрумені» аталатын «Д» дәруменінің қызметі ерекше. «Д» дәруменінің бұлайша аталуының себебі – оның адам терісінде күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен түзілетінінде. Әрине, күнделікті ішетін тағамдардан да бұл дәрумен алынады, бірақ ол көбіне жеткілікті болмай жатады. Ол балық майында, бауырында, уылдырығында, жұмыртқаның сарысында, жануарлардың бауырында, сүт өнімдерінде мол екендігін жиналған қауымға тамаша деректермен жеткізді. «Д» жетіспеушілігі балаларды мешелдікке әкелсе, ересектерге де тигізетін салқыны мол екендігін дәлелдеп бақты. Ғылыми конференцияда баяндама оқыған ғалымдарға сұрақтар да қойылды. Олардың барлығына тұщымды жауаптар қайтарылды.
Ғалым-дәрігерлер түскі үзілістен соң телеота жасады. Оны бүкіл қазақстандықтар бақылап отырды. Біздің ауданда осындай конференцияның өтуі алға басқандық, ілгері өскендік деп бағаладық. Урологиялық оталардың алдағы уақытта өзімізде жасалатыны тұрғындар үшін жағымды жаңалық деп қабылдадық. Қалаға бару үшін қосымша қаражат, тұратын жай деген сияқты көптеген кедергілер кездесетіні тағы бар. Сондықтан алтын қолды дәрігерлердің аудан деңгейіндегі осындай шарасы халыққа көрсетілген адал қызметі деп қабылдап, сырқаттарымыздың мейлінше азаюын тіледік.
Баян МАМЫРБАЕВА