Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөнінде ауылдық округ бойынша ақпараттық насихаттау тобы жұмыс істейді. Ауылдық округ аумағында 3 мешіт бар. Оларға намаз оқуға, дәріс алуға келетін азаматтар әркез бақылауда. Бүгінде әртүрлі себептермен жат ағымдардың жетегіне кетіп жатқан жандардың кездесуі жасырын емес. Осының салдарынан шаңырақтар шайқалып, кейбір отбасыларда отағасы сенімнің сергелдеңіне түссе, енді біреулерінде бесік тербетіп отырған аналарымыз үй-жайын, бала-шағасын тастап кетіп жатыр. Ұл, қыздары ата-аналарын тыңдамай зар илетіп жатқандары да кездесуде. Мұның бәрі дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетудің себебінен. Округ аумағында діни ахуалға байланысты «Діни экстремизм және терроризм», « Жастардың көзқарасы», «Дінің тұрсын дін аман» атты сауалнамалар онлайн арқылы жүргізілді. Сауалнамаға 60-тан астам тұрғындар, олардың басым бөлігі жастар қатысты.
Сонымен қатар теріс діни ағым жетегінде адасып жүрген азаматтармен жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда округте мұндай адамдар туралы мәлімет базасы жинақталып, олармен нағыз мамандар жұмыс істеуде. Облыстық Дін істері басқармасының дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының оңалту және кеңесшілік қызмет бөлімінің мамандары Үсіпбек Нұрсейіт мен Матаев Ерлан олармен әңгімелесіп, бағыттарын дұрыстап, дұрыс жолға түсулеріне түрткі болды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде теріс, жат ағымда жүрген азаматтардың саны азайды. Қазір олардың саны 31. Аудандық ішкі істер бөлімімен тығыз байланыс жасап, олар да бұл жұмыста өзіндік көмектерін көрсетіп, тұрғындардың мекенжайларын анықтауда, басқа да деректерге қол ұштарын беріп келе жатқанлығын айтуға болады.
Ауылдық округ аумағында терроризм, экстремизммен күрес, оның алдын алу тек өкілетті органдардың, мемлекеттік мекемелердің ғана айналысатын мәселесі емес, әрбір азаматтың тікелей міндеті екенін түсіну керек. Өзіміздің ұстанған дәстүрлі дінімізді бұрмалаушыларға жол бермей, басқа ағым жетегінде жүргендерді дұрыс жолға салу тек теолог немесе имамдардың жұмысы деген түсініктен де арылған жөн. Оңай олжаға, жеңіл пайдаға үйренген кейбір жастар, үлкендер де бар жат ағымдарды насихаттап, саналарды улап жүргендері жасырын емес. Осындай әрекеттерден барып діни экстремизм мен терроризм туындайды. Әрқайсысымыз отбасында, дастарқан басында балаларымызға дәстүрлі дінді түсіндіріп, басқа ағымдарға кетпеуді үйретіп отыруымыз керек. Сонда ғана жамандықтан аулақ боламыз.
Бақытгүл АҚАДИЕВА,
Шонжы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы