Басты бет Заң және қоғам Жемқорлық – қоғамға кедергі күш

Жемқорлық – қоғамға кедергі күш

0
1,734

Тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдан асты. Шүкір көптеген елдерді басып озып, кейбірінен кейін қалып жатсақ та осы жылдары азаттығымызды көздің қарашығындай қорғап, оның іргесінің бүлінбеуі үшін әрқайсысымыз атсалысып келеміз. Әсіресе мемлекеттік қызметте жүргендердің жауапкершілігі биік. Пенде болғасын олардың сана-сезімі де, білім, біліктілігі де әрқилы болуы заңдылық. Сол үшін де мемлекеттік деңгейде әртүрлі арам пиғылдардан қорғау үшін заңдар қабылданды. Соның бірі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң. Қоғамды ілгері басқызбайтын, оның жұмысына кері әсерін тигізетін үлкен кедергі – ол сыбайластық. Жең ұшынан жалғасып кете баратын жемқорлық дегеніміз – қоғамның ең үлкен жауы. Сондықтан да арнайы заң қабылданып, оны орындамағандар жазаға тартылып, талай жоғары лауазымда отырған адамдардың қызметтерінен айырылып, қылмысқа тартылғандарын да білеміз.

Аудандық қазынашылық басқармасындағы мамандары өз жұмысында осы заңдарды негізге алып отырады. Қазіргі таңда 40 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетеміз. Басты міндетіміз бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалау. Осы жақында ғана аудандық «Аманат» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Тиләпжан Рахмаевтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Оны өткізудегі мақсат – мемлекеттік қызметкердің өз жұмысына деген адалдығы, арының, қолының тазалығы. Тиләпжан Ашимұлы нақты деректер мен дәйектерді келтіре отырып, жемқорлықтың аяғы немен тынатындығын түсіндірді.

Бiз қазір мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамды, жаңа Қазақстанды жаны таза, ары таза адамдар құруы керек. Әрине шешімі күрделі болып тұрған үлкен проблема – жемқорлық. Онымен жалпы халық болып күрескенде ғана белгілі бір нәтиже шығары анық. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып тұрғаны да жасырын емес. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын тереңге жайып кеткендігі өкінішті. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарға баруы және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себептері көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондықтан мемлекеттік қызметте отырған кез келген азамат ең алдымен өзінің бас пайдасы емес, елінің, қоғамның мүддесін жоғары қойғанда мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейді.

Еркебұлан НҰРҚАЛИЕВ,

аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…