Ата заңымыз біздің елдің зайырлы, белгілі шеңберде дінге шектеу қойылмайтын ел екендігін анық айқындап тұр. Алайда осынау ұлы даланы бағзыдан мекен еткен ата-бабамыздың ұстанып келе жатқан діні хақ Ислам екендігі тарихи шындық.Тіршілігі мен құлшылығын қатар алып жүрген иісі мұсылманның жаратушысы жалғызАлла, ардақты пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с). Сонымен қатар асыл дініміздің өзіне тән көптеген ерекшеліктері мен асылға бермес құндылықтарының да бар екендігі айқын. Исламның қоғамға етене жақын құндылықтарының бірегейі діни мерекелер.Оның ішінде Мәуліттің орны өз алдына бір бөлек. Бүгінгі қоғамның тұрғындары заманымыздың зымырап өтіп жатқан күндері мен апталарын, айлары мен жылдарын қалт жібермей есептеп тұрған күнтізбеде мереке деп қызылмен белгіленген күндердің бірде-бірін құр жібермей думандатып атап өтеміз. Ал бізді руханият пен мейірім, жылулық әлеміне жетелейтіндіни мейрамдарымызды ұмыт қалдырып жататындығымыз ащы ақиқат. Күйбеңмен өткен күнімізден бас көтереалмай, бес күндік жалғанның бітпейтін тіршілігінен мұршалап, дінге көңіл бөлуді ысырып қоятындығымыз үлкен кемшілігіміз деп білемін. Осы олқылықтың орнын толтырып, дүйім жұртты дүниенің ортасынаниман мен парасаттың алаңына қарай бір сәтке болса да алып шығатын ізгі амал жасаған ауданымыздың жаңадан сайланған бас имамы Ахметов Бахтияр Әбуұлының осы жолғы еңбегін елемей кетуге болмайды! Бас имам осы өңірдің тарихында тұңғыш рет Мәуліт мерекесін аудандықкөлемде өтуіне мұрындық болып, бүге-шігесіне дейін ұйымдастырып, аудандық мәдениет үйінде ағайынның басын ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күнінде қосты.
Мәулітті білмейтін мұсылман кемде-кем шығар.Бұл ұлық мейрамның мәні мен маңызы бөлек. Дүниедегі барлық адамдарға пайғамбар ретінде жіберілген, пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед «алейһиссалам» 571 жылы сәуірдің 20-на сай келетін рабиуләууәл айының 12-сі дүйсенбі күні түнде, таңға жақын Меккеде дүниеге келді. Барлық пайғамбардың үмметі өз пайғамбарларының туған күнін тойлайды.Ал әлемдегі мұсылмандар тарапынан жыл сайын бұл түн «мәуліт түні» болып тойланады, барлық жерде мәуліт қасидасы, өлеңдері оқылып, расулуллаһ еске алынады. Мәуліт туған сәтдегенді білдіреді. Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын. Міне осы ұлы күн біздің аудандада ауқымды түрде аталып өтілді. Аталмыш шараға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Мырзабаев Кенжеәлі Қоңыратбайұлы арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар Түркісіб ауданының бас имамы Абдурахманов Ержан да мерекенің қонағы болды. Аудандық мәдениет үйіне Мәулітті тамашалауға көпшілік ерекше ықыласпен жиналып, ине шаншар орын қалмады. Мерекелік шараны Алматы қаласындағы орталық мешіттің наиб имамы Ашимов Қасым жүргізіп, қасиетті күнді қари жігіттер құран бағыштап бастап берді. Діни басқарма төрағасының орынбасары Кенжеәлі Қоңыратбайұлы арнайы сахна төріне шақырылып, сөз кезегі ұсынылды. Барша аудан жұртшылығы мен қонақтарды айтулы мейраммен құттықтап, бұл күннің ерекшеліктері мен тарихына толығырақ тоқталып өтті. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келгені үшін жаратқанға шүкіршілік білдіру мақстаныда әр аптаның дүйсенбісінде ораза тұтқандығын ғибрат етіп, осындай ізгі амалдарынан өнеге алуымыз керектігін айтты. Ауданымыздың бас имамы Бақтияр Әбуұлының бастамасымен марапатқа ұсынылған аудандық орталы мешіттің наиб имамы Рақышев Данияр Қалмақбайұлы мен Тиірмен ауылдық мешітінің бас имамы Савутов Сайфуллин Тохтасунұлына діни басқарманың арнайы алғыс хаты көпшіліктің алдында табыс етілді. Алматы қаласында имамдық қызмет атқарып жүрген Алдияров Мұхаммедразы және Баубек Бердіғалиұлы қарилар араб тілінде және қазақ тілінде мәуліт айтып, жиылған жұртқа мерекенің мәнін ұғындырды. Аудандық «Қарадала» халықтық театры ұжымы да бұл рухани шараның өзектілігіне мән беріп, көрерменнің көзіне жас келтіріп, көкірегіне мейірім мен жүрегіне жылулық бере алатын қойылымын тарту етті.Шараның соңы келген қонақтар мен аудан тұрғындарына арналып жайылған дастарханның басындағы салиқалы әңігме мен уағыз-насихаттармен жалғасын тапты.
“Болар істің басына, жақсы келер қасына”, — деген халықтың айтары осындай ізгі амалдарымен өзіне де көпшіліккеде рухани рақат сыйлай алған адамдарға айтылған екен ғой. Шараның өтуіне мұрындық болған Бахтияр имамға және басқа да қолдаушылар мен демеушілерге халықтың айтар алғысы шексіз. Бастау алған ізгі амал алдағы жылдары да жалғасын тауып, халықтың сағына күтетін мерекесіне айналатындығына кәміл сенімдімін.
Жадыра ЖАҚСЫЛЫҚОВА