Өткен жексенбі күні Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл шараға ант қабылдайтын 496 сарбаздан бөлек олардың ата-аналары, туыстары, достары қатысты. Қалыптасқан дәстүрге сай мерзімді міндеттерін өтеуге келгендер әскери өмірдің әліппесімен танысып, шекара қызметінің қыр-сырын көріп, ең әсерлі сәт Отан алдында адал қызмет етуге ант берді. ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюпов салтанатты сапқа тұруға бұйрық берген соң, Жауынгерлік Ту көтеріліп, Мемлекеттік Гимн орындалды.
Полковник мырза жиналғандарды салтанатты күнмен құттықтап, болашақ әскери міндетін өтеуші сарбаздарға ақ жол тілеп, Отан алдындағы борыштарын кіршіксіз атқаруға тілегін жеткізді. Сонан соң құттықтау сөзге шыққан аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев, ауған соғысының ардагері Қазақбай Ертісбаев, ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері В.Анацкий, ардагер шекарашы, полковник Д.Мамырқанов, қатардағы жауынгер Жанат Темірбекұлының әжесі Райда Құлынтаева, қатардағы жауынгер Айдос Қайратұлының әкесі Қайрат Ізтілеуов, қатардағы жауынгерлер Бағдат Елеусіз, Темирлан Мұхиденовтер ақжарма тілектерін жайып салды. Олардың барлығының да айтқандары сарбаздардың абыройлы міндеті мен отбасыларына аман оралулары. 500-ге жуық сарбаз анттарын қабылдап, Отан қорғауға дайын екендіктерін білдірісті.
Бүгінгі салтанатты түрде берген анттарына берік болатын сарбаздар ертеңнен бастап өздерінің нағыз қызметтеріне кірісетіндіктеріне сенімді. Шекара қорғау – қастерлі міндет. Сол дүние маңдайларына бұйырған сарбаздардың шекара шебін көздің қарашығындай қорғайтындықтарына сеніміміз кәміл. Мұнда олар ҰҚК Шекара қызметінің қолданысындағы барлық қару түрлерімен танысып, өздерінің әскери шеберліктерін шыңдауға кіріседі.
Маңызды шараның соңында шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сайыпқырандары қалың жұртшылықтың назарына шекара бұзушыларды құрықтау операциясынан сахналық көрсетілім ұсынды. Сондай-ақ, сайдың тасындай іріктелген әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыстан тамаша өнер көрсетті. Ант қабылдау рәсімін салтанатты сапқа тұрған шекарашылар «Мен қазақпын» атты патриоттық рухтағы тамаша әнмен аяқтады.
Раушан ЖАҢАБАЕВА,
Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының клуб бастығы