Басты бет Мәдениет және руханият Ұлттық би өнерінің негізін қалаушы

Ұлттық би өнерінің негізін қалаушы

0
901

Ел бо­ла­мыз десек, қазақ әдебиеті мен өнері жұл­дыз­дарын ұмытпауымыз керек. Ататүрік айтқан екен«Қызмет­тен тәрбиеленетін ел бас­қару – әркімнің-ақ қолынан келеді, өнер­паз болу – Алладан. Ол – Алланың елін, жұр­тын жал­пақ жалғанға та­ны­ту үшін жа­рат­қан тұлғасы. Тұл­ға­ларды сақтау, қолдау керек!» – деп. Шынында елдің елдігін, ұлттың ұлттығын өнері мен спорты танытатындығы ақиқат. Біз қасиетті домбырамыз бен әніміз, айтысымыз бен сөз шеберлігімен кез келгенмен тартысқа түсе аламыз. Ал би өнері дегенде күмілжіңкіреп қандары қызу кавказдықтарды, ортаға шықса елдің делебесін қоздыратын мексикандықтарды көз алдымызға келтіре қоямыз. Дей тұрсақ та қазақта ән мен күйден кейін кенжелеп қалғандай көрінетін бидің құдіретін бір Шарамыздың өзі дәлелдеп кетті емес пе?.

Бүгінгі жас­тар­дың көбісі Шара Жиенқұлованың кім екенін, немен айналысқанын біл­мейді. Жалған емес. Еміс-еміс білетін бір парасы – аңызға немесе ертегінің кейіпкері деп бағалайтын болуы да мүмкін. Шүкір Кеңестер Одағы, шетелдің түгелге дерлігін би өнерімен тәнті еткен өзіміздің тәуелсіздік алатын жылдың мамыр айына дейін ғұмыр кешкен атақты биші Шара Жиенқұлова буын алмасқан сай­ын ұмыт бола бастағандай көрінеді. Өз баламыз оның кім екенін анық білмейді. Бұл өкінішті әрине. Нағыз таланттарымызды білмей, олардың өмірлерін зерттемей болашағымыздың жарқын болатындығымызға сенім аз. Ұлттық бол­мысымыздан айырыла жаздап, кеше­гі­ні бүгін, бү­гін­гіні ертең дегендей тез ұмы­та­тын қа­сиет­сіздік, рухсыз мінез пайда бол­ды. Рухани жаңғыру деген мемлекеттік бағдарламаның әу бастағы ойы, мәні, маңызы өте зор сияқты еді. Оны да тереңінен қабылдай алмадық-ау деймін.

Әйгілі Шараны ұмытуымызға не себеп деген сұрақ арғы жақтан сумаңдайды. Жауап таппай сарсаңға түсеміз. Ұлттық құндылықтарымызға немқұрайды қарауымыздан болар. Отызыншы жылдардан бастап ұлт­тық халықтың өнер салалары еуро­па­лық өнер үл­гі­лерімен сабақ­та­са дамы­ды. Әдебиет пен өнер­де жаңа жанрлар туды. Опера, балет, хореография дегендей небір өнер үлгілері жасалды. Олар тарих сах­на­сына небір өнер тар­ландарын алып шықты. Жүйелі өнер жа­салды. Өнер жүйелі насихатталды. Тарих толқыны өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ая­ғында, отызыншы жылдардың басында сах­наға алып шыққан тұл­ға­ның біре­гейі – Шара Жиенқұлова. Ол тарих сах­насына өзі ғана шығып қойған жоқ, ұлттық биді балетке ұлас­тыра мәде­ниеті­міздің бір сала­сын аяқтандырды, көне дәстүрді ая­ла­ды, жаңа өнерді негіздеді. Бұл – ұлы тұлға ғана жасай алатын ұланасыр құбылыс! Шара Жиенқұлова – қазақ өнеріндегі бір саланың негізін салушы. Қазақ күйінен би сабақтаған, қазақ тұрмысынан тың би туғызған ұлттық тұлға. Әлемнің әралуан елінің ұлттық билерін тайпалта билеген ұлы тұлға! Шара өнер жұлдызы! Ол қазақ өнері кө­гінде ғана көрініп қалған кісі емес. Өткен ғасыр­да күллі кеңестік кеңістіктің өнер көгінде танылды, қапысыз мойын­далды да, әлемнің әр тарабын шарлады, жиһан биін шыр айналып биледі. Өнеріне қарай – өр­негі, тірлігіне қарай – тірнегі екеніндігін дәлелдеді.

Шара Баймолдақызы Жиенқұлова 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара. Шара Баймолда Жиенқұловтың он төртінші перзенті болған. Орыс мектебінде білім алып, сонда жүріп би өнерімен танысқан. Ол алғаш рет сахнаға жайлауда 13 жасында шыққан. Жайлауда қазақтар мен қырғыздар үлкен той өткізіп, бәйге, көкпар берген, ақындар айтысып, әнші-музыканттар өнерін ортаға салған. Сол уақытта күй төгілген кезде қыздың биге деген әуестігін білгендер «Шара билесін» деп қолқа салған. «Менің алғаш рет ортаға шығып билегенім тұманмен тең. Мен биімде бірде ат жарысын, бірде домбыра шерткен адамдарды немесе кілем өрнегін бейнелеп, қозғалдым. Жан-жақтан мақтау сөз төгіліп жатты, бірақ мен қолыммен көзімді жауып, жазық далаға жүгіріп кеттім», – деп еске алған Шара Жиенқұлова сол күнді. Көпшіліктің мақтауын естіген ата-анасы қызының бұл әуестігіне қарсы болмайды, уақыт өте келе басылады деп ойлайды. Алайда биге, өнерге деген сүйіспеншілік жыл сайын арта түскен. Шара Жиенқұлова 1928 жылы актер, режиссер Құрманбек Жандарбековке тұрмысқа шықты. Талантты адам Шараны үлкен өнерге алып келді.

«1928 жылы менің кәсіби бишілік жолымның басталған жылы десем орынды болар. Құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры өнерінің тұңғыш қарлығаштары – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин, тағы басқалары спектакльдер қойып, озық өнерлеріне жұртшылықты тәнті етті. Қызылордадан астанаға көшіп келеді екен, театр осында қалады екен деген жақсы хабарлар да жүректі қуантып, көңілді өсірді», – дейді Шара Жиенқұлова естелігінде.

Шара Жиенқұлова өнер жолын Әуезов атындағы Қазақ драма театрынан бастаған. Тұңғыш ойнаған рөлі – Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш образы. Алайда кей деректерде Шара Жиенқұлова алғаш рет сахнаға Бейімбет Майлиннің «Шұға» спектаклінде шыққаны айтылады. Содан кейін Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөзінде» басты рөлді сомдады. 1934 жылы жаңа Қазақ мемлекеттік музыка театрының шымылдығы түрілді, Шара Жиенқұлова сонда Әуезовтің «Айман – Шолпан» спектаклінде «Келіншек» деген қазақтың ұлттық биін тұңғыш рет алып шықты. Оны ойлап тапқан да, орындаған да Жиенқұлованың өзі, бұл қазақ хореографиясының бастамасы болды. Шара Жиенқұлова Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ұлттық биді биледі.

1966 жылы Болат Аюханов Шара Жиенқұловамен бірге «Қыз Жібек» балетін қойды. Шара Жиенқұлова осы еңбегі үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ие болды, ал Болат Аюханов «Республиканың еңбек сіңірген әртісі» атағын алды. Осылайша Шара Жиенқұлова 1968 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Шара – арманы көп адам еді. Ол армандарының көбі орындалды, әрине жеке тағдырын бақытты деп айта алмаймыз. Жалғыз ұлы Болаттың сырқаты, оның өмірден өтуі дарынды адамның жан жігерін құм етті. Дегенмен өзі шыңырау шыңына дейін жақсы білетін бидің құдіреті туралы оқулықтар, әдістемеліктер, кітаптар қалдырды ұрпағына. Шара Жиенқұлова мұрасының көп бөлігі қазіргі заманғы балетмейстердің жұмысына негіз болды. Бұл оның орындаушылық шеберлігі, оқыту әдістемесі, балетмейстерлік жетістіктері туралы жазылған еңбектер еді. Ол 1955 жылы «Қазақ билері» және 1980 жылы «Би құпиясы» кітаптарын жазды. Халық әртісі, қазақ би өнерінің негізін салушы Шара Жиенқұлованың еңбегін өзімен замандас болған өнер адамдары жоғары бағалады. «Сахна өнерінде жарқырап көрінген қос жұлдыз: бірі – ән, музыка өнерінде – Күләш, бірі – би өнерінде – Шара! Биде туысқан өзбек халқының мақтанышы – Тамара! Біздің мақтанышымыз – Шара! Әйгілі талант, ғажайып дарын иесі Күләш музыка әлемінің сиқырлы қуат-күшін асқақтата паш етті. Оның өзі нағыз чудо болатын. Осы үлгі, жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын танылды. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас ізтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл – талант иесінің туған халқына қалтқысыз қызмет етуінің тамаша үлгісі» – деп жазды жазушы Ғабит Мүсірепов. Ғабеңнен мынандай баға алудың өзі зор құрмет. Шара Жиенқұлованың педагогы және тәлімгері театрдың тәжірибелі балетмейстері Александр Артемьевич Александров болды. Ол әрдайым биде ұлттық мінез болуы қажет екенін айтып отырған. Осылайша екеуі бірлесіп «Тәттімбет» биін дүниеге әкелді. Шара Жиенқұлова 1940-1962 жылдары Қазақ филармониясында жұмыс істеді.

Қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі, қазақтың музыкалық өнерінің, ұлттық биінің негізін қалаушы, алғашқы драмалық актрисасы, Қазақ КСР-ның халық әртісі, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі, ұстаз Шара Жиенқұлованың өнерін дәріптеу бізге парыз. Шарадай биші қазақта бұрын-соңды болмаған. Ондай өнер адамы енді туа ма, білмейміз. Ол кісі заманның қандай екеніне қарамастан, ділді де, дінді де білді. Бала кезінен халық әндерін естіп өсті. Қазақ биінің неше түрін бір өзі ойлап тапты. Ұлттық билерді былай қойғанда, бір қазақтың биінің өзін неше түрлі етіп жүрегімен жасады. Шара Жиенқұлова елу жасына дейін билеген адам. Бұл ерлікті қайталап жүрген бишілерді естіген емеспіз. Қазақ би өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, биікте қалықтатқан Ару-апамыздың аруағы риза болғай. Биші 1991 жылы 21 мамырда Алматыда 78 жасында өмірден өтті. Артына өлмес мұра, тамаша шәкірттер, бидің жаңаша үлгісін ұлттық нақышта қалдырған бірегей өнер тарланының биыл 110 жылдық мерейтойы. Ұлттық құндылықтарды ұлттық нақышпен ұлттың санасына сынадай қадап, қазақ би өнерін әлемге паш еткен, дүние жүзі халықтарының таңдайын қақтырып, қазақ биі деген осындай болады дегенді саналы адамға ұқтырған Шара апамыздың рухы риза болғай.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…