Басты бет Тағзым Тектінің тұяғы

Тектінің тұяғы

0
3,538

Бала кезімізде діндар адамдар жайында әңгіме көп айтылмайтын. Саясат солай болды ма, заманның ағысы басқаша жүрді ме, әйтеуір намаз, молда деген сөздер өте сирек айтылатын. Бірақ сол кездің өзінде бес мезгіл намаздарын қаза етпей, тасбиықтарын санамалап, тілек тілеп отыратын үлкендер кездесетін. Өзімнің әкем мен шешем солардың қатарында. Балалықпен інім Нұрлан екеуміз олар намазға жығылғанда солармен бірге оң жаққа, сол жаққа қарап ыржыңдап, жайнамаздың шетіне бетіміздің тигеніне мәз болатынбыз. Әке-шешеміз бұл қылығымыз үшін ұрыспайтын.

Үлкен ағамның балаларын менің анам бақты. Ұлдары кішкентай кездерінде әлжуаздау, тез ауырып қала беретін. Анам шырылдап жүріп орыс кемпірлерге апарып өзінше ем-дом жасайтын. Олар талықсыған сәтте әкем бірден Мұхаметжан молдаға қарай құстай ұшыратын. Біз келгенше кейде  балалар демдерін ала алмай көгеріп жататын. Мұхаметжан атам беттеріне су бүркіп, бірдеңелерді оқып, жан шақыртатын. Содан менің балалық санамда Мұхаметжан атам үлкен молда, ол Алладан сұраған нәрсенің бәрі орындалады деген түсінік қалыптасып қалған. Сол үйдегі Әлиша апамның көмбе нанының дәмі әлі аузымнан кетпейді. Ол кісілер мал бағатын. Өз анамның тандырға пісірген нанын жақтырмай әкемнің құлағына сыбырлап Әлиша апамның көмбе нанына барайықшы дейтінмін. Кенжесі болғандықтан ба әкем менің тілегімді жерге тастамайтын. Содан есегін ерттеп, маған көмбе нан әкелу үшін бәленбай шақырым жерде отырған малды ауылға кететін жарықтық. Мұхаметжан атамды мен әкемнің бірге туған бауыры деп қабылдайтынмын. Кейін есейген соң ол кісінің бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, ешқандай туыстығымыз жоқ екендігін білдім. Бірақ тамағымыз бір үйден болатын. Оларсыз әкем дастарқанға отырмайтын. Ол үйдің балалары мен біздің ағаларымыз ет жақын достарға айналған.  Мұхаметжан атамның үлкен ұлы Дәулетханды мен бірге туған ағам деп жүрдім. Ол кісі әскерден келгенде маған деп сары шарф сыйлыққа әкелді. Оны анам мойныма салдырмай отыз жыл бойы сақтады. Алыс жақтан келгендіктен бе, көрмеге қойғандай телевизордың жапқышы ретінде ұстағанын жақсы білемін. Ниеттес адамдардың достығы деген осы болар, бәлкім.

Дәулетхан ағам Мұхаметжанов әскерден келген соң мектепке математика пәнінен мұғалім болып орналасты. Есепке жүйрік, жауапкершілігі мол болғандықтан болар. Жоғарғы оқуын жұмыс істеп жүріп тамамдады. Менің класс жетекшім болды. Артық сөзі жоқ, мінезі биязы, күлімсіреп жүретін қалыптан еш танған емес. Қатты ашуланып тұрса да аузынан ауыр сөз шықпайтын. «Түсінбеген адамға қиын екен». Одан әріге бармайды. Ағайды бәріміз жақсы көрдік. Оның жүрегінің жұмсақтығын пайдаландық. Сабақтан бөлек өмірлік ситуацияларда ол кісіге жүгінетінбіз. Дәулетхан ағай Мұхаметжанов Қырғызсай орта мектебінде зейнетке шыққанша абыройлы қызмет атқарды. Әріптестерінің алдында қашанда жүзі жарқын. Біреудің артынан ғайбат сөз айтып немесе біреуге ренішін білдірген жан емес. Өзге ғаламшардың адамы сияқты қазіргі бағаммен саралар болсақ. Анам ол кісі келгенде қазанына бізден тыққан еттерін салып жік-жапар болатын. Текті тұқымның тұяғы деп қатты құрметтейтін.

Өзіміз де бірталай жасқа келдік, ақыл тоқтаттық. Мектеп бітіргенімізге қырық жылдан асқан соң ағайымызбен кездестік. Сол баяғы қалпы. Жылы жымиып, бәріміздің маңдайымыздан сүйіп, балаша мәз болды. Шаштарын ақ шалмаған, дауысы да өзгермеген, қартайып қапты деуге ауыз бармайды. Тағдырдың қатаң сынынан өтсе де сағы сынбаған. Маңдайдағы жазудан әрі аса алмасын жақсы білгендіктен болар, сабырлы қалпынан танбаған. Нағыз жігіттіктің төріне шыққан шағында өмірлік серігі, бес баласының анасы ауыр сырқаттан көз жұмады. Өмір-өзеннің ағысы бірде баяу сырғыса, бірде арындап келіп жағаға лақтыра салатын мінезіне де төтеп берді. Ұзақ жыл жалғыздықтың жан аздырар азабын да көтерді. Құдайдың қалауы болар өзімен тағдырлас Рысбике апайымызбен тіл табысып, қазір шаңырақтың шырағын қайта жаққандарына да оншақты жылдың жүзі болды. Мұхаметжан молданың баласы екендігін дәлелдеп бес уақыт намазын қаза етпей, құдайға құлшылық етуде.

Өзімнің балалық кезімнің керемет елесі іспетті болған Мұхаметжан атамның шаңырағындағы жақсы күндер жүрегіме жылулық сыйлайды. Ал Дәулетхан ағамның адалдығы, тазалығы маған кейіпкер болып келе қалды. Қазір Қырғызсай ауылына жолыңыз түсе қалып алдыңыздан шыққан кез келген жаннан Дәулетхан Мұхаметжанов қандай адам деп сұрай қалыңызшы. Ешкім ол кісі туралы артық ауыс сөз айтпайды. Өйткені ол шындығында жақсы адам. Ниеті, пейілі пәк, кісі баласына қиянат жасай алмайтын таза жан. Көңілім жабырқап, туғандарымды, ата-анамды сағынғанда Мұхаметжан атамның үй-іші есіме түгелдей түседі. Олардың сыпайы, қарапайым тіршіліктері көз алдыма келе қалады. Ықылас, Ілияс, Бауыржан, Гауһар, Іңкәр дейтін ұятты ұл, қылықты қыздарды тәрбиелеп, бүгінде олардан өрбіген немерелерінің тілекшісі болып отырған ауылымыздың ең жақсы адамы Дәулетхан Мұхаметжанұлы менің ең сыйлы ағам. Ар тазалығын, биік парасаттылықты көргіңіз келсе сол кісіге жолығып қайтыңыз. Сөзімнің шындығына көзіңіз жетеді.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …