Басты бет Қазақ елі Елдігіміздің белгілері – қасиетті рәміздер

Елдігіміздің белгілері – қасиетті рәміздер

0
239

Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл толады. 1992 жылдың 4 маусым күні ең алғаш рет Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміздің тарихын әр Қазақстан азаматына туғаннан бастап есіне, сана-сезіміне оны қалай ардақтау мен құрметтеу керегін құйып келеміз. Жақында ғана бүкіл әлеуметтік желіні шулатқан әртіссымақтардың Көк Туымызды табанасты еткеніне қатты назаландым. Мақтан тұтатын, қадірлейтін, қастерлеп төрімізге ілетін Туымыздың ту талақайын шығарғаны үшін тиісті жазасын алуы керек. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Жалпы кез келген елдің мемлекеттік рәміздерінің өзіндік мағынасы бар. Қазақстан тарихына келетін болсақ, мемлекеттік рәміздер – ол егемендік пен біртұтастықты бейнелейтін, тәуелсіздігімізді тәу еткізетін, тұғырымызды табанды ететін қасиетті белгілеріміз.

Осы мерекемен тұспа-тұс келетін тағы бір айтулы күн бар. Осыдан 30 жыл бұрын 1992 жылдың 19 маусым күнінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі – армия генералы, Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерін құру туралы Директиваға қол қойған күні. Сол сәттен бастап бұл күн «Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің күні» ретінде Қазақстан Республикасының көлемінде аталып өтіледі. Кәсіби мерекемізге орай 97617 «Е» әскери бөлімі жеке құрамының арасынан 25 (жиырма бес) әскери қызметші Алматы қаласында орналасқан ӘШҚҚК басқармасының атынан мерейтойға арнайы жасалған төсбелгілермен марапатталмақ. Бұл біздің бөлімше үшін үлкен жетістік деп мақтанышпен айта аламыз. Өйткені бұл  құрмет әр әскери қызметшінің өз адал еңбегі мен маңдай теріне көрсетілген бағасы.  Сөз соңында осы 30 жылдық мерейтоймен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы әскери қызметшілері мен ардагерлерін, сондай-ақ Мемлекеттік Рәміздерге 30 жыл толуымен барша жұртшылықты 97617 «Е» әскери бөлімінің ұжымы атынан құттықтағымыз келеді! Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Айбек ТАҢАТҚАНҰЛЫ,

97617 «Е» әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмысы жөніндегі орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ

Ел арасында қазір баласын әскерге жіберуге қорқатындар саны артқан. Бойларын үрей билеген.…