Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасындағы ұшы-қиырсыз ұлан-ғайыр даланың төсінде осыдан 5 ғасырдан астам уақыт бұрын Қазақ хандығының ірге тасы қаланып, елдік пен егемендікке ұмтылған Керей мен Жәнібек ханның Мәңгілік Ел болу идеясы бастау алды. Одан бертінгі кезеңде қазақ даласы Тәуелсіздікке жету жолында заманның зары мен тағдырдың талай тәлкегін бастан өткерді. «Ақтабан шұбырынып», «Тар жол, тайғақты кешіп», «Орбұлақ» пен «Аңырақайда» қанға бөккен, ашаршылықта қынадай қырылып, қуғын-сүргіннің қасіретін көрген, желтоқсанның ызғарына тоңған қазақ даласына Тәуелсіздіктің қалай келгеніне тарихтың өзі куә. Осы қасиетті Тәуелсіздікке қол жеткізгенімзге 30 жылдан асып, еліміз орда бұзар жастағы ақыл тоқтатқан жігіттің жасына жетіп, қамал алатын қырыққа қарай қадам басып бара жатқанын көріп, өзіміздің бақытты ұрпақ екендігімізді сезіндік. Бодандықтан босаған ел егемендіктің көгінде қырағы мінез қыранын еркін қалықтатып, алтын күннің арайын алты атырапқа асыра шаштырып, бейбітшілік пен жомарт аспанның түсіндей көк түске ұлттық құндылығын ұлықтай оюын өрнектеп, өзінің ел екендігін айқындайтын көк туын желбіретті. Ат үстінде күн кешкен көшпелі елдің киелі жануары жаугершілік заманды көрген қазақ тарихымен тағдыры тікелей байланысты кешегі батыр бабаларымыздың айнымас серігіне айналған жылқыны қадірлеп, оған қос қанат бітіріп ерекше қастерлеп, маңдайына жұлдызын жарқыратып, берекелі шаңырағынан уықтары күн сәулесіндей шуағын таратып, дербестігін дәріптеген алтын түсті елтаңбасын жария етті. Осылайша осыдан тура отыз жыл бұрын Тәуелсіздігіміздің ең бірінші айқын белгісі біздің қастерлі рәміздеріміз дүниеге келді. Әр елдің тарихи ерекшелігін айқындап, өзгелерден бөлектеп тұратын елтаңба, туы, гимні болатыны белгілі. Біздің еліміз де Тәуелсіздіктің баспалдағын басып, әлемдік елдермен бірге тарих сахнасына көтерілгенде ұлттық руханиятымызды ерекшелейтін мемлекеттік ту, елтаңба гимн, Ата заңымыз және ұлттық теңгеміз жарыққа шықты.
Мемлекеттік рәміздердің қабылдану тарихына тоқталар болсақ, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері туралы заңы қабылданып, алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Осы айтулы дата күнтізбемізден ойып тұрып орын алғаннан кейін Қазақстан халқы әр жыл сайын 4 маусым мемлекеттік рәміздер күнін арнайы мереке ретінде атап өтіп келеді. Еліміздің мемлекеттік туын жасаумен 600 адам шұғылданып, комиссия қарауына 1200 рәміздер нұсқасы ұсынылған екен. Соның ішінен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі суретші Шәкен Ниязбековтің ұсынған бүгінгі көк туымыздың нұсқасы қабылданғандығы әрбір отандастың есінде. Елтаңбаның ұсынылған жүздеген нұсқаларының арасынан да Тәуелсіз елдің жарқын болашағының мәңгілік таңбасы ретінде белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов ұсынған бүгінгі елтаңба қабылданып бекітілген. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жатқа айтып, ерекше қадірлейтін мемлекеттік Гимн де Тәуелсіз елдің байрақты бәсекелерінде, жеңісті күндерінде және мемлекеттік мерекелерінде шырқалып, рухымызды асқақтатып тұратын ең қастерлі әуен. Бұл біздің және келешек ұрпақтың жүрегімен шырқалатын мәңгілік гимн болуы тиіс. Осы аталған ұлы құндылықтарымыз бүгінде еліміздің барлық өлкесінде өзіндік дәрежесіне сәйкес тек төр мен биіктерден орын алып, алыстан мен мұндалап тұрады. Тәуелсіз мемлекетіміздің өзге елдермен терезесі теңесіп, түтіні түзу шығып, бірлігі бекіп, татулығы тұрақтап, дамыған озық отыз елдің қатарына қарай қарқынды қадам жасап бара жатыр. Осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жаймашуақ заманда, егемен елде өсіп келе жатқан ұрпақтың көңілінде тек Отанға деген патриоттық сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарға деген қамқорлық ең бірінші орында тұруы керек. Анамның жасы, бабамның қаны сіңген жусан аңқыған қасиетті туған жерде бейбіт күннің астында қайғысыз күн кешіп, уайымсыз өмір сүрген біз бақытты ұрпақпыз. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздеріне биыл 30 жыл толып, өткенге салауат айтып, болашағына үлкен үмітпен қарап, Мәңгілік елдің мәртебелі рәміздері болса екен деген елдің тілеуіне тілекшіміз. Қас-қағым сәтте өте шыққан осынау жылдардың еліміз үшін әр минуты баға жетпес байлық, әр сағаты мен ай-күні асылға бермес құндылық болғандығы айтпаса да түсінікті. Көк туымыз қашанда тек биікте желбіреп, елтаңбамыз жанында жарқырап, гимніміз бабалар аңсаған Тәуелсіз көк аспанда мәңгілік шырқала берсін.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Көк туымыз – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты рәмізі. Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Қазақтың тарихы «Туың жығылмасын!» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр», – деп топшылаған болатын. Ендеше Туымыз жығылмасын алты Алаш! Тәуелсіздіктің символы – мемлекеттік рәміздер Мәңгілік Елмен бірге мәңгілік болсын!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ