Өткен 2021 жылы еліміздің егемендік алғанына 30 жыл толып, айтулы датаны тәуелсіз елдің байтақ даласында қазан қайнатып, ат шаптырып атап өтіп, тарихтың қойнауына естелік етіп енгіздік. Ең қастерлі құндылық Тәуелсіздігімізге қол жеткізген кезеңде түйінін тарқатып, күрмеуін шешетін маңызды мәселелер аз болған жоқ. Соның бірегейі мемлекеттің ішкі және сыртқы қауіпсіздігі, мықты әскер мен қарулы күштерді қалыптастыру мәселесі болды.
Тәуелсіздік – Тәңірдің сыйы. Дегенмен оған жету үшін төгілген қан мен аққан тер телегей болды. Елдің қорғанысы мен қарулы күшін қалыптастыру да егемендік алар тұстағы түйткілді тақырып еді. Сол кезеңдегі аузынан от шашқан Кеңес үкіметі ыдырағанда Қазақстан әскеріндегі ұлттық кадрдың үлесі екі-ақ пайыз болды. Ал одақтың әр түкпірінде жалпы алғанда 2803 қазақ офицері ғана бар еді. Қазақстандағы қарулы күштерді құру 1991 жылдың 25-қазанында жасақталған Қорғаныс Комитетінен басталды. Дәл осы комитет жер жердегі қазақ офицерлерін шақырумен, әскери-құқықтық құжаттарды дайындаумен айналысты.
Сонымен, Тәуелсіз ел тарихында 1992 жылдың 7-мамыры Қазақстан Қарулы күштерін құру туралы жарлықтың шығуымен есте қалды. Осылайша ағымдағы жылы Қазақстан Қарулы күштеріне табаны күректей 30 жыл тола шықты.
Бүгінгі айтылар әңгіменің арқауы да қарулы күштердің мерейлі датасына орай дәл осы қорғаныс саласында болмақ. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай тер төгіп, әскердің шебін Отан алдындағы борышын өтеймін деген өр намысты жігіттермен толықтырып, өз қызметтерін ел алдында абыроймен атқарып жүрген қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ауданда алар орны орасан. Бүгінде өз ісінің білікті маманы қорғаныс істері саласының майоры Гапаров Султанмурат Султанұлы басқарған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі аудандағы қорғаныс істер бағытындағы атқарылатын жұмыстарды жоғарғы деңгейде жүргізіп келеді. Аудан жұртшылығының назарына үнемі іліне бермейтін, көпшіліктің көз алдында жүре бермейтін мекеме болғандықтан сырт көзге жария жұмыстары жарқырап көріне бермегейтіндігі де рас. Алайда осы аталмыш бөлімнің ішінде қайнап жатқан жұмыс пен тындырылып жатқан шаруаларды көзімізбен көріп еліміздің қорғаныс саласы сенімді қолда екендігіне тағы да бір көзімізді нақты жеткіздік.
Аудандық қорғаныс істер бөлімінің тарихына үңілсек, ең алғаш 1965 жылы «Әскери комиссарият» деген атаумен құрылып, еліміз тәуелсіздігін алған соң бертін келе 2004 жылдың 5 наурыз күні облыс, қалаларда қорғаныс істер жөніндегі департаменті, ал аудандарда қорғаныс сітер бөлімі деп өзгертілген. Аталмыш аудандық бөлімде басшы бастаған «Қолбасшылық бөлімі», «Жұмылдыру бөлімшесі» және «Жасақтау бөлімшесі» өз бағыттары бойынша қызмет етіп отыр. Жалпы штаттық бірлік бойынша аудандық қорғаныс істер бөлімінде 3 әскери қызметші 13 азаматтық персонал еңбек етіп келеді. Әскери салада айтарлықтай тәжірибесі бар мамандар басқарып отырған бөлімшелер әскери тәртіпке әбден үйренген жұмысына тыңғылықты азаматтық персонал қызметкерлерімен жасақталған. Айтар болсақ «Жұмылдыру бөлімшесі» жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау яғни, болашақ отан қорғаушыларды есепке алу мен жас сарбаздарды тіркеуден бастап, запастағы офицерлерді есепке алу жұмыстарына дейінгі қорғаныс қызметтерін бұлжытпай орындап келеді. Ал «Жасақтау бөлімі» әскери даярлық, әскерден тыс жұмыс, бастапқы әскери даярлық және әскери-техникалық мектептер жөніндегі жұмыстар мен әскери қызметке шақырту сондай-ақ, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау бағыты бойынша өз миссияларын тиянақты түрде атқарып отыр. Осының барлығын үйлестіріп, қорғаныс саласындағы байыпты әрі байсалды және ең жауапты жұмысты мойнына алып, еңбек жолындағы жинаған тәжірибесімен басқарып отырған «Қолбасшылық бөлімі» екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Білікті басшы Султанмурат Султанұлы аудандық қорғаныс істер бөлімін 2017 жылдан бері тізгіндеп келеді. Алматы қалалық қорғаныс істер департаментінде шыңдалған әскери қызметші өзінің еңбек даңғылындағы жиған-тергенін қанатының астындағы ұжымдастарына үйретіп, білгенімен бөлісіп келетіндігіне куә болдық.
Жалпы осы орайда қозғай кететін ой бейбітшілік – өте терең ұғым. Бейбітшіліктің қадір-қасиеті өткен ғасырдың тұрғындары үшін ерекше маңызды. Кез келген мемлекеттің беріктігі мен әскери күш-қуаты, шекарасының шегенделгендігі және ең бастысы халықтың отан қорғауға жауапты әрі жарамды топтарын үнемі есепке алып, реттеп отыратын қорғаныс істер саласының сапалы қызметі оның бейбітшілігінің нақты кепілі. Еліміздің қорғаныс саласы қалқандай қауқарлы, әскеріміз болаттай берік болсын! Ел шетін жау, ел ішін дау алмасын ағайын!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ