Басты бет Қазақ елі Тұтастығымыз бен тыныштығымыз үшін

Тұтастығымыз бен тыныштығымыз үшін

0
496

Егемен еліміздің тұтастығы мен тыныштығын сақтау жолында бәріміз де тер төгіп жүрміз. Дегенмен әскери қызметкерлердің еңбегін ерекше айтуға болады. Өйткені олар шекара шебінен шыбын өтпеуін қадағалап, тәуелсіздігіміздің тұғырының тайқымауы жолында түнді түн демей егемен еліміздің бақыты үшін қызмет етуде. Мамыр айы кіл мерекелерден басталады. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, 7 мамыр Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр Жеңіс тойы. Бұл біздің де қуанышты сәтіміз, біз үшін маңызы зор күн.

Шонжы ауылына орналасқан 97617«Е» әскери бөлімінің жеке құрамы бұл мерекелерді өз табыстарымен қарсы алды. Қазақстан Республикасы әскерлерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қарулы Күштердің 30 жылдығына – біздің ерен еңбегіміз!» атты ұранмен жұмысымыздың мұқият, тиянақты орындалуы жолында қызметімізге адалдық танытып келеміз. Бұл жалаң сөз немесе жалған ұран емес, шын мәнінде әрқайсысымыз өзімізге бөлінген міндеттерімізді адал атқарып, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосып келеміз. Бөлімнің жеке құрамы отансүйгіштік сезімі мен әскери қызметіне деген қызығушылығының арқасында сәуір айының соңында бірінші  оқу-жаттығуды «үздік» деген бағаға тапсырып, бөлімнің қорғаныс қабілетін тағы бір сатыға жоғары көтерді деп есептеймін. Ауыл тұрғындарының арасында біздің бөлімше туралы сұрақтар туындап тұрады. Оларға біз барлық құпияны жария ете алмаймыз. Оларды да түсінеміз, немен айналысып, не бітіріп жүр деген қызығушылықтары заңды да. Біздің бөлімшеге өзіміз орналасқан ауылды және алдын-ала белгіленген әуе кеңістігін әуе соққысынан қорғау, әуе қарсыласына қарсы күрес жүргізу, орналасу пунктері мен жылжыту бағытындағы Құрлық әскерлерінің топтарын, маңызды әскери және басқа да нысандарды авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққыларынан қорғау міндеттері жүктелген. Осыған байланысты 97617 «Е» әскери бөлімінің жеке құрамы тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікті қырағы атқарып, әуе кеңістігін пайдалану ережесін сақтауды үздіксіз бақылайды. Бөлім жеке құрамның біліктілігін арттыру үшін жоспар бойынша тиісті сабақтар жоғары басшылықтың бұйрықтарына сәйкес жүргізіліп тұрады. Бөлімшеміздің әр әскери қызметшісі қойылған тапсырмаларын бұлжытпай орындайды және өзінің міндеттерін нақты біледі. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің әуе шекарасын күзету, халықтың тыныштығы мен әл-ауқатын қорғау – ол оның әрбір азаматының қасиетті борышы және міндеті болып табылады.

Бұл жұмыстарға бас-көз боп жүрген бөлім командирі майор Н.Шүленовтің ұйымдастырушылық қабілеті мен басшылықтағы ерекше қасиетін айту орынды. Өте талапшыл, өз жұмысына ұқыпты, салғырттықты, жалқаулықты кешірмейтін жан. Командирдің басқаруымен бүгінгі таңда жұмыстар жанданып, әскери тәртіп пен қырағылық айшықтала түсті десек артық айтқандық емес. Өйткені Нұрболат Тәңірбергенұлы өз ісінің нағыз майталманы. Жауапкершілігі өте жоғары, қызмет жолында әріптестерінен оқ бойы озық болып, үздік командирлер қатарынан түскен емес.

Мереке болғандықтан аталмыш бөлімдегі барлық жігіттерімізге амандық, денсаулық тілейміз. Еңселеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болсын. Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, қайратты, мақсатты болыңыздар. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, ел тыныштығын сақтауда әскери сарбаздарымыздың атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміз айбынды болсын!

Айбек ТАҢАТҚАНҰЛЫ,

97617 «Е» әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмысы жөніндегі орынбасары

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ

Ел арасында қазір баласын әскерге жіберуге қорқатындар саны артқан. Бойларын үрей билеген.…