Басты бет Мәдениет және руханият Қарадаланың хан қызы

Қарадаланың хан қызы

0
449

Ақтам ауылында өткен жұмада керемет кеш өтті. Ауыл балалары көбірек қуанған секілді. Өйткені мектеп алды шара басталмастан-ақ сәнді киінген ұл-қыздардың дайындық жасап, әбіржіп, бір айтқан өлеңдерін қайта-қайта қайталап жатқанының үстінен түстік. Кеш кейіпкері кешігіп жатқандықтан мектептің залына қарай бет түзедік. Мәжіліс залына кіретін тұстағы фойе түгелдей дерлік Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы, журналист Сәуле Досжанның құрметіне «Сәулелі ғұмыр» атты көрмеге арналыпты. Керемет жасалған дүние. Кітаптары түгелдей дерлік, аудармаларымен бір стелажды алыпты. Отбасылық, қызметтік фотосуреттері мен кітаптарының үлкен макеті де көз тартарлықтай жасалып, залды шынымен музейге айналдырып, ерекше сән беріпті.

Кішкентай бүлдіршіндер қолдарына домбыраларын алып қаздай тізіліп отыр. Үлкен бір мерекенің болатындығынан хабарды осы сәбилер бергендей. Алыстан келетін қонақтарды күтіп есік алдындағы орындықтарда ауылдың үлкендері қауқылдасып отыр. Сәуле Досжанның кітаптары жайлы айтысып та қалады. Сәуле Мағазбекқызының білім алған мектебінде үлкен той, үлкен шара болады деп жол тосқан адамдар көп-ақ. Кезінде Қазақстан Қарулы Күштерін басқарған, бас штабтың бастығы болған генерал-полковник бүгінде Сәуле Досжанның жан жары Сәт Тоқпақбаев ағамыз бастап, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, жерлес ақын Бақыт Беделхан қоштап, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Қанағат Әбілқайыр дем беріп, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Биғайша Медеуова қолдау көрсетіп мектеп ауласына кірісімен балалар өлең-жырдан шашу шашып қарсы алды. Кеш кейіпкері Сәуле Мағазбекқызы мен Сәт Бесімбайұлы олардың әрқайсысының маңдайынан сүйіп, «бәрекелді, үлкен азамат бол» деген жылы сөздерін айтып, екінші қабатқа көтерілді. Балалар домбыраның шанағынан тамаша күй шертіп қарсы алды. Келген қонақтар Сәуле Досжанның музейімен танысты. Өнеге боларлықтай дүниелердің көптігін айтысты. Қонақтардың кешіккен себебі де белгілі болды. Қоғам қайраткерлері келе жатыр деген хабарды естісімен аудан орталығында оларды аудан әкімі Шухрат Нурахунов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан тутұғырдың қасынан әдемі гүл шоқтарымен қарсы алыпты.

Қонақтар орналасқан соң сахнаға шыққан оқушылар Сәуле Досжанның өлеңдерін оқып, кеш иесіне тарту жасады. Сонан соң «Ауылдан шыққан миллионер» шығармасының желісімен сахналық қойылым көрсетті. Шынайы көрініс, әкенің бала сүю деген арманының орындалуы, оның қуанышы, Жомарт деп ат беруі, бірақ қуанышының ұзаққа бармай өмірден өтуі, баланың еңбекқор болып өсуі, оның әке арманына қол жеткізуі көрерменнің көңілінен шықты. Сәуле Мағазбекқызының да толқып отырғандығын байқадық. Ауыл адамдарының аттары түгелдей кітапқа енгендіктен жиналғандар да бір қомпылдасып қалысты. Құдайдан сұрап алған Жомарт атты жігіттің тағдыры бір сәттік қойылымда толықтай баян етілді.

Шығармашылық кештің алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев алды. Жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» кітабы туралы сыр толғады. Жалпы Сәуле Мағазбекқызының қайраткерлігін, жазушылығы мен ақындығын, ана ретіндегі асқақтығын айтып, шығармашылығына толағай табыс тіледі. Сәт Тоқпақбаевтың ауданымызға басқан қадамына сәттілік тіледі. Сосын залда отырған балалардан сұрақтар жауды. «Поэзия  мен прозаны қатар алып жүру қиын емес пе?» деген сұраққа «жазушы екеуі егіз балаларым сияқты, бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмаймын. Поэзиядан шығармашылық өмірім басталған, проза – өмірім»,– деді. «Балалық шағыңыздағы есте қалған оқиғаңыз» деген сұраққа да тұщымды жауап берді. Адамның ең керемет шағы балалығы, сондықтан ең тәтті, бақытты сәттерім де осы ауылда деп Ақтамы жайында сыр шертті. «Алғашқы өлеңіңіз есіңізде ме?» деген сұраққа шынайы жауап қайтарды. «Есімде жоқ, дегенмен анама арнаған болармын», – деді.

Осы тұста Сәуле Мағазбекқызы өзінің оқыған мектебі, ұстаздары, ата-анасы, көршілері жайында жылы лебізін ақ пейілімен ақтарды. Сахна төріне шыққан Бақыт Беделхан, Қанағат Әбілқайыр, Биғайша Медеуова, Ержан Алаштуған, Бағдат Мүбарак, Нұржан Ахметбектер жазушы апайларына ақжарма тілектерін жаудырды. «Аспантау – Қарадала» сериясымен артынан ерген жастарға демеу көрсеткені, үлкен жобаның авторы болғаны үшін алғыс сезімдерін жеткізді. Биғайша Медеуова жүрекжарды лебізін айтып, қаламдас досының иығына шапан жапты. «Аспан» баспасының басшысы Ержан Алаштуған Сәуле апайына ризашылығын айтып, «ағатайым, апайым» деп елжіреп сөйлеп, өздері қолға алған тарихи тұлғалар сериясымен жарыққа шығып жатқан «Райымбек» энциклопедиясының алғашқы нұсқасын сыйлыққа ұсынды. «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары Қанағат Әбілқайыр сөзін қысқа қайырып, бар көрген-білгенін газетте жария ететіндігіне сендірді. Бағдат Мүбәрәк өзінің тамаша өлеңін оқып, жиылғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Сонан соң ортаға кеш кейіпкері Сәуле Досжан шықты. Өзіне деген ауылдастарының, шәкірттерінің, соңынан ілескен әріптестерінің ниетіне алғысын айтты. Мектептің үлгілі оқушылары, қоғамдық шаралардың белсенділері, әртүрлі олимпиадада жүлдегер болған бес балаға өзінің тағайындаған қаржылай шәкіртақысын ұсынды. Оларға ақшалай сыйлығынан бөлек бағалы дүниелерден тарту жасады. Оның ішінде арнайы жасалған сағат, қыздар ұстайтын қол сөмкелер де бар. Балалардың қуаныштарында шек болмады. «Жерде бала қуанса, көкте періштелер» деген сөздің ақиқатына көзімізді жеткізді жазушы. Мектеп директоры Қарлығаш Диқанбаеваға өзінің иығында болған шетел асып келген шапанын ырымдап жапты. Мектеп кітапханасына кітаптарын ұсынды. Үздік оқушыларға тағайындаған шәкіртақысының ендігі жылы көтерілетіндігін, сондықтан жақсы оқуға тырысу қажеттігін айтып, балаларға дем берді, аналық тілегін арнады. Ауыл әкімі Есбол Манапов ауылынан шыққан осындай қайраткер қызы болғаны үшін мақтанатындығын жасырмады. Ал мектеп директоры Қарлығаш Диқанбаева Сәуле апайының кітаптарын жол үстінде кетіп бара жатып да оқитындығын айтып, «орамал тон болмайды, жол болады» деген ниетпен апайының иығына шапан жапты. Сәт ағамыз барлық қауымға ризашылығын айтып, оқушыларға Сәуле апайларың сияқты сабақты жақсы оқыңдар, атақты болыңдар деп батасын берді. Ауылына деген құрметін, туған жеріне деген махаббатын әдемі сөздерімен ғана емес, арнайы сый-сияпатымен де көрсеткен жазушы Сәуле Мағазбекқызы мектеп музейіне өзінің әр кездері алған алғыс хаттары мен құрмет грамоталарын табыс етті. Балалардың жақсы оқулары үшін үлкен дем берді. Бақыт Беделхан, Қанағат Әбілқайыр, Ержан Алаштуған інілеріне де шапан ретінде сияпатын ұсынды.

Музейдің ашылуына келген жазушы ауылдастарын бір марқайтып тастады. Жүзінен бақыттың табы айтпаса да көрініп тұрған, шығармашылығы шабытпен жазылып жатқан, айналасын нағыз талантты інілері мен сіңлілеріне толтырып, хордың қызындай болып құлпырған жазушыны көрдік, көзайым болдық. Бақыт інісі әпкесіне жылы сөздерін арнады. Өзінің ең алғаш айтысқа қатысқан сәтін есіне түсіріп, жаяулатып домбырасын арқасына асынып Ақтамға бәйгеге түсуге келгендігі жайлы керемет естелік айтты. Жазушыны марқайтатын құрғақ мадақ емес, арқалы ақын інілерінің ыстық ықыласы, ауылдастарының батасы, шәкірттерінің алғысы, оқушылардың құрметі. Бұл күні осының бәрі болды. Қаламгердің шабыт туралы айтқаны да санамызға сақ етіп қадалды. Шабыт деген шығармашылық адамының бойында әркез жүруі керек. Оның келетін уақыты болады деген бос әңгіме, шығармашылықта жүрген жан әркез шабытта, бабында болғанда ғана ол белгілі нәтижеге қол жеткізеді. Мен кілең іс үстінде жүрем, бос уақытым жоқ, мемлекеттік қызметте жүрген кезде де қаламым мен дәптерімді жанымнан тастап көрмедім деп ағынан жарылып, ауылдастарына, жиналған қауымға, еріп келген қаламдастарына ризашылығын жеткізді. Шара соңы Сәуле Мағазбекқызының сөзі мен әніне жазылған «Ақтамым» әнімен мәресіне жетті. Ауылдың гимні болған әнді тұрғындар бірге орындады. Жазушының бағы жанды, бабы келді, еңбегінің жемісін көрді деген осы болар деп бағамдадық.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…