Басты бет Рухани жаңғыру Қыран қияда самғайды, Талғат та…

Қыран қияда самғайды, Талғат та…

0
757

Талғат Бигелдиновтің есімін қазіргілер біле ме, білмей ме ол жағы бізге белгісіз, бірақ Кеңестер Одағының екі дүркін батыры деген атақты алған жалғыз қазақ екенін және оны бар болғаны 23 жасында алғанын білулері керек деп ойлаймыз. Аға буын мен орта буын оның ерлік ісін, талай өмірді жалмаған Ұлы Отан соғысы деген зұлматтан жақсы біледі деген сеніміміз бар. Бауыржан, Талғат, Мәлік сияқты хас батырлардың есімдері санамызға сіңгені соншалықты біз ойын ойнағанда да соларға ұқсап ба­ға­тынбыз. Үлкендердің әңгімесінен, мұғалімдердің дәрісінен хабардармыз.

Талғат Бигелдинов десе аспан, аспан десе Талғат Бигелдиновті көз алдымызға келтіреміз. Кеңестер Одағының дүркіреп тұрған шағында, билік басында Сталин отырған кезеңде батыр атағын алу қиямет-қайым десек асыра сілтегендік бола қоймас. Ол шынайы көзсіз батырлықпен немесе ешкімге дес бермеген ерлікпен қана жүзеге асатын нәрсе еді. Әдетте, қайсарлық әкенің қаны, ана­ның сүтімен сүйекке сіңеді деп жатамыз. Сол қанында бар қасиетті халқымыз ең алдымен жеті атадан іздейтін әдеті ғой. Талғат Бигелдиновтің жетінші атасы – әйгілі Қанжығалы Бөгенбай батыр. Қоңыраулы найзасын қолға алған баба жолын араға жүздеген жыл салып, жетінші ұрпағы жалғады. Атасына ұқсап ол да елін қорғады, қас дұшпанмен бетпе-бет келді. Ұшқан құстың қанаты талатын биікте самғап, дұшпанына оқ жаудырды. Майдан жылдарында 305 рет шабуылға шығып, жеңіс таңын қар­сы алып, ақыры туған топырағына аман-есен оралды.

Сонау қаһарлы соғыс жылдарында Сталиннің жарлығы бойынша 80 жауынгерлік ұшуды табысты орындаған ұшқышқа батыр атағы берілетін болып белгіленген екен. Ал, біздің Талғат атамыз болса, 305 мәрте жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жауға соншама рет ойран салып шайқасқан, соншама рет өліммен беттесіп, арпалысып айқасқан. Қарапайым арифметикаға салсақ та, төрт немесе кем дегенде үш мәрте Кеңес Одағының Батыры болғандай екен! Әрине, екі Жұлдыз да тақиямызға тар келмес.   Қазақтың текті қыраны, көк аспанда жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бигелдинов туралы кітап та жазылды, кино да түсірілді, деректі құжаттық фильмдер де жасалды. Оның ерлігін хас дұшпан болған фашистер де мойындады. 1942 жылдың желтоқсан айында Талғат Бигелдинов 144-ші гвардиялық деп аталған алғы шептегі 800-ші шабылдаушы авиаполкке келіп қосылып, соның құрамында соғыстың соңғы күндеріне дейінгі бүкіл от-жалынды бастан өткерді.  Сөйтіп, ол кездегі ИЛ-2 дегендеріңіз алапат күш-қару саналып, оларды көргенде жаудың үрейі ұшатын. Талғатты «қара ажал» атады. Өйткені оның шабуылы ешқашан мүлт кеткен емес. Атақтары дардай болған дұшпанның аса тәжірибелі ұшқыштары оның шеберлігіне жете алмады. Бұдан нені байқауға болады. Жігерлі, намысқой, батыл, қадалған жерінен қан алдатын нағыз ер азаматты. Соғыстың алдында ғана ғашық болып үйленген Алмагүлі өзінен бұрын майданға аттанып, дәрігерлік борышын өтеу кезінде жау қолынан қаза табады. Мүмкін соған кеткен кегін қайтарғысы келгендегі мінезі де болар. Атап көрсететін бір жағдай сол, болашақ батырдың ұшу-техникалық даярлығының ғаламат тиянақтылығы мен тыңғылықтылығы. Бигелдиновке берілген сипаттама-мінездемелерден оның қырандық қасиетінің қалыптасқан нышандары байқалғандай. «ИЛ-2 ұшағын меңгеруі тамаша. Ұшуды жақсы көреді, ұшқан кезде шаршамайды. Еңбексүйгіш. Үйренудегі ұғымталдығы ғажап. Әуеде сабырлы, сеніммен ұшады» деген бағаларға лайықтылығын ол соғысқа кірген алғашқы күндерде-ақ дәлелдейді. Алғашқы шайқастан-ақ шын мәнінде жауға жасындай тиді. 292-ші шабуылдаушы авиадивизияның бұрынғы командирі, авиация генерал-полковнигі, Кеңес Одағының Батыры Н.Каманиннің куәлігіне жүгінсек, тұңғыш жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде-ақ оның салған беттен нысанаға сәтті шүйілгендігі сонша, бомбалар бензин қоймасына қолмен қойғандай дәлдікпен түсіп, ал екінші мәрте шүйілгенде қару-жарақ қоймасының күлін көкке ұшырып өртеп жібереді. Кәнігі ұшқыштардың өздерінде де мұндай тас-түйін шалымдылық сирек кездеседі екен. Бұдан біздің қайсар батырдың от кешкен ортасындағы сыйлы-сүйкімділігі де аңғарылғандай. 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып ұрысты деп айтуға ғана оңай. Басты мәселе жан алып, жан берісе жағаласқан сол жанталастарда жеңіп шығу болса, Талғат соғыста 305 рет жеңіске жетті, жауынан мерейін 305 рет үстем етті.

Ағаның жүрегі таза, ақкөңіл, қа­ра­пайым, ешкімге жаманшылық ойла­майтын, атаққұмарлығы жоқ адам еке­нін байқадым. Намысшылдығы да бір төбе, – деген сипаттама берді ол туралы жазған адамдар.

Талғат Бигелдинов 1922 жылы 6 тамызда Ақмола қаласына жақын Майбұлақ деген жерде дүниеге келеді. Кейін Біш­кек қаласындағы орыс мектебінде бі­лім алады. Көршінің баласы Мишкамен дос­таса жүріп, ұшқыш болуды армандайды. Мишка ұшақтың моделін жасаумен айна­лысыпты. Одан «схематичка» деп ата­латын бөлшектерді жинауды үйренеді. Ал енді аспанға ұшар алдында біресе бойының қысқалығын сылтауратып, тағы басқа да себептерді айтып оған бірден келісім берілмеген. Сонда да жігері жаншылмай, мінезі тапталмай керісінше қайсарлана түскен батырымыз нағыз кәсіби ұшқыш дегендердің өзін шаң қаптырып, мықтылығын дәлелдеді. Сынақтан сүрінбей өткен оған №13 ұшақ бұйырады. Алайда бұл ұшақ сан мәрте нысанаға ілігіп, оқ тескен, шұрқ-шұрқ болған көрінеді. Кабинадан механик шығып, «бұл ұшақпен ешкім ұшпайды. Сен Құдайға сенесің бе?» деген екен. Сонда атамыз «Құдайға да, сайтанға да сенемін», – дейді. Командир Митрофанов «Ұш!»деп бұйырады. Аспан кеңістігін бір айналып шыққанда командир «тағы да» деп белгі береді. Бірнеше рет айналған соң ұшақты асқан дәлдікпен қондырады. Сонда командир Митрофанов аэродромдағыларды жинап алып, сапқа тұрғызып «Сержант Бигелдинов екі адым алға» деп бұйрық береді. «Өте жақсы айналып шыққаның үшін алғыс жариялаймын», дейді. Кейін «Осы №13 ұшақпен бірінші рет жауынгерлік тапсырманы орындауға шықтым. Дәл сондай санмен Берлин мен Праганың үстінен ұшқан едім» деп есіне алған еді батырымыз.

Осыдан бастап Талғат атамыз Жеңіс күнін жа­қын­дата түсіп, небір қиыншылықты бас­тан өткерді. Эскадрилья коман­дирінің бұйрығын тыңдамай, әуеде жал­ғыздан-жалғыз қалып, паровозды талқан­дады. Дәл осылай жүріп немістің жойғыш «Мес­сершмитін» де зеңбірекпен атып тү­сірді. Бұл тіпті ғажап оқиға болды. Осы оқи­ғадан соң Кеңес Одағының Батыры, генерал Каманин дереу штабқа шақырып алып, журналистерге «Сіздер мына аға сержанттың не істегенін ой таразысынан өткізіп көріңіздерші? Ол бір қимылымен біздің «ИЛ»-дер жөніндегі ұғымды теріске шығарды. Біз және конструкторлар «ИЛ»-ді тек барлау ісіне ғана жарайды деп жүрміз. Ұшқыштарымызға қашыңдар, құтылыңыздар дейміз. Ал мына ұшқыш немістің жойғыш ұшағымен жекпе-жек ұрысқа шығып, оны атып түсірді. Жай ұшқыш емес, немістің ең мықты ұш­қы­шы, капитан Фон Дитрихты атып түсір­ді. Ол Испания, Франция, Балқанда 200 рет жауынгерлік шабуыл жасап, бір­неше ұшақты жойып, «Крест»-пен ма­рапатталған ұшқыш еді», деп Талғат аға­­ны ерлігі, штурмовиктердің тарихына жа­ңа жол ашқаны үшін ІІ дәрежелі «Отан со­ғы­сы» орденіне ұсынады. Авиа­полк­тің командирі генерал Рязанов Талғат Бигел­диновке кіші лейтенант шенін табыс етті.

Авиация генерал майоры, Кеңес одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдинов кішкентайынан еңбекқор болып өскен. Үйдің үлкендері жаз бойы түгелдей егістік басында болады. Сонда әжесімен бірге қалып, үйді қарап, бие мен сиырды бағып, сауады екен. Талғат жан-тәнімен аспанға берілген адам. Ол бала күнінен ұшқыш болуды армандады. Орыс тілін білмесе де, 13 жасында барлық қиындықтарға қарамастан, арманына қол жеткізу үшін өз еркімен орыс тілді мектепке ауысады. Өжет жігіт 16 жасында «Екі капитан» романының кітабындағы кейіпкерлерге қызығып, ұшақты, жауынгерлік ұшуларды және аспанды армандай бастаған. Жас жігіт аспан әлеміне әуестеніп жүргенін әкесінен ұзақ уақыт бойы жасырып жүрді, себебі ол ұлының дәрігер болғанын қалады. Алайда, көп ұзамай Талғат ата-анасы мен нұсқаушыларына тек ұшқыш қана емес, сондай-ақ батыл әрі, алға қойған мақсатынан қайтпайтын адам екенін дәлелдей алды.

Бигелдинов әскерилер арасында ұшқыш танк деп аталып кеткен «Илюша» ұшағымен басы бүтін бауырбас көк жүзінде 500 сағат болады. Жау ұясы Берлинді алуға бірінші болып қатысады.

23 жасында Кеңес одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыста небір көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралды. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде ол оқуын жалғастырып, Мәскеудегі Қызыл Ту әуе күштері Академиясына түседі.

Талғат Бигелдинов ұзақ та, жарқын өмір сүрді. Ол ешқашан қиындықтарға мойымай, әрдайым соңына дейін баратын. Оның жолы жас ұрпаққа үлгі болуға лайық, ұшқыштың өзі де бірнеше рет жастармен кездесіп, әскери ерліктері мен сол кездегі кеңестік халықтың рухы туралы әңгімелеп берген еді. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Тараз сынды көптеген қалаларда аэропорт салу ісіне өлшеусіз үлес қосты.

2014 жылдың 10 қарашасында белгілі ұшқыш бұл дүниеден озды. Көк аспанда қалықтап ұшқанды жаны сүйген аспан адамы енді қайтадан аспанда…

Талғат атамыздың достары мен әріптестерінің естеліктеріне сүйенсек, ол өмірде ақ жарқын, қарапайым, өзінен көмек сұрап келгендеге әрдайым қол ұшын созып, көмектесетін кеңпейілді адам болған. Талғат Бигелдинов қоғамдық танылу мен халықтың махаббатын тірі кезінде сезініп кеткен жан. Оның ерлігінің құрметіне және 9 мамырдағы жалпы жеңістің құрметіне 2000 жылы Көкшетау қаласында Ұлы Отан соғысының даңқты батырының қола мүсіні қойылды.

Сонымен қатар, бүгінде Ақтөбелік жоғары азаматтық ұшқыш авиациясына, сондай-ақ батырдың өзі қайырымдылық іс-шаралары аясында жиі көмек көрсеткен Қарағандыдағы республикалық әскери мектеп-интернатқа Талғат Бигелдиновтың есімі берілді. Сондай-ақ, авиация генерал-майорының өмірінің соңғы жылдары өткен Алматыдағы Қонаев көшесіндегі үйіне батырға арнап ескерткіш тақта қойылды.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…