Басты бет Әлеумет Көгілдір отын қызығы кімге бұйырмақ? Немесе газ бағасы неге қымбат?

Көгілдір отын қызығы кімге бұйырмақ? Немесе газ бағасы неге қымбат?

0
662

Осыдан 4 жылға жуық уақыт бұрын ауданымызға көгілдір отын келгенде бөркімізді аспанға ата қуанғанбыз. Ақжолтай жаңалықты жар сала жазғанбыз. Бірақ осы уақыт аралығында аудан орталығында небәрі 1800 тұрғын үй ғана көгілдір отынға қосылған.   4833 ауласы бар аудан орталығы үшін бұл 4 жыл ішінде аздық етері айдан анық. Себеп – көгілдір отынға қосылу бағасының жылдан жылға қымбаттауы. 6 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, қолжетімді болған газдың  қызығын ең болмағанда аудан орталығындағы 50 пайыз халық көре алмай отыр. Алғашқы жылы көгілдір отынды әрбір тұрғын үйге кіргізу құны 350 мың теңге болса, бүгінде ол 430 мыңға жеткен. Сол кездің өзінде газға қажетті арнайы пеш алу, онан басқа да қажеттіліктер үшін әрбір отбасы 700 мыңның үстінде қаржы төлеген еді. Ал бұл баға бүгінде 800-900 мың аралығында болып отыр. Осыған дейін қалтасында қаражаты бар, жағдайы жақсы отбасының барлығы көгілдір отынға қосылып болды. Тағы да сол айлығы шайлығынан артылмайтын қарапайым жандардың газға қолы жетпеуде. Қазақ «шоқпар тисе, сорлыға тиеді» дейді емес пе? Көгілдір отынға қосылу бағасы аспандаған сайын жайлылыққа қол жеткіземіз бе деген жандардың үміт оты өшіп бара жатқандай. Сонымен қатар, аудан орталығындағы 5 мектеп ғимараты (24073 м²), аудандық орталық аурухана ғимараты (11871 м²), аудан әкімдігінің екі ғимараты (2500 м²), Райымбек аудандық шекара отряды (22007 м²) және аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасына (1302 м²) мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қажетті құжаттар рәсімделгенімен, әлі күнге газға қосылмай тұр.

Осы мәселеге бей-жай қарамаған аудандық мәслихат депутаттары «АЗИЯГАЗ ЧУНДЖА» ЖШС-ның бас директоры Наханов Роман Балхашұлына хат жолдап, туындаған  қиындықтарды шешіп, тұрғындарға жайлы жағдай жасап, мүмкіндігінше газға қосылу құнын төмендетуді сұраған болатын. Халық қалаулыларының сөзін жерге тастамай аталмыш мекеме атынан «АЗИЯГАЗ ЧУНДЖА» ЖШС бас директорының орынбасары Ибраев Сәкен Еңбекұлы, бас инженер Алкеев Абай Ахметұлы, заңгер Баттал Эльмира, өндірістік техникалық бөлімінің бас маманы Түменбаева Индира Түменбайқызы  және участок бастығы Сасыков Эльмурат Бектемірұлы аудан тұрғындарымен кездесуге келіпті. Бірақ… Бірақ, дейтіндей-ақ. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов, әкім орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары жиналған жиында сөз тізгінін алған «АЗИЯГАЗ ЧУНДЖА» ЖШС бас директорының орынбасары Ибраев Сәкен Еңбекұлы сөзінің басын «мен орысша сөйлеймін, сіздер де маған орысша сұрақ қойыңыздар» деп төтеден бастады. Бұл жиынның басты әрі маңызды мәселесі аудан орталығындағы әлеуметтік нысандар мен ауыл тұрғындарының газбен қамтылуы болғандықтан  мемлекеттік тілді біле тұра, түсіне тұра азамат Ибраевтың «сөйлемеймін» дегеніне көз жұма қарадық. Бірақ ең сорақысы сол тұрғын үйлерге газ қосуда бағаның не себепті қымбаттағанына қанағаттанарлық жауап та ала алмағандығымыз болды. Аудан әкімі де, ауыл ақсақалдары да, қоғамдық ұйым төрағалары да нақты сауалдар қойды. Бірақ өкінішке орай нақты жауап жоқ. Тек ұзын сонар әңгіме ғана айтылды. Ауданның құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз Ноғайбек Дәуренбеков ең әуелі Сәкен Еңбекұлына сол ортада бірде-бір орыстың жоқтығын, мемлекеттік тілде сөйлеуін сұрады. Сонымен қатар елімізде орын алған қаңтар қырғынының басты себебі де осындай шамадан тыс қымбатшылықтың салдарынан болғандығын, тағы да сондай келеңсіздіктердің болуын күтеміз бе деген сауалын қойды.

Ащы да болса шындық. Аспандаған бағаға кез келген ауыл тұрғынының жағдайы келе бермейді. Яғни мұнан соң тұрғындар арасында жікке бөліну мәселесінің туындары хақ. Бірақ байқағанымыз, аталмыш мекеме қызметкерлері бұл мәселеге бас ауыртқысы да келмейді екен. Тек «АЗИЯГАЗ ЧУНДЖА» ЖШС қызметкерлері баға қымбаттауының себебін жазбаша хатта көрсетеміз десіп, тарасты.

Анар Дүйсенбайқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…