Басты бет Көкжиек Білім саласына айрықша көңіл бөлінеді

Білім саласына айрықша көңіл бөлінеді

0
260

Биылғы мектеп бітіруші түлектердің асығы алшысынан түспек. Олай деуіміздің бір емес бірнеше себебі бар. Мәселен жақында ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы жылдан бастап кейбір абитуриенттердің ҰБТ тапсырмай-ақ грант иелену мүмкіндіктері барын айтты. Министр бұл жайында үкімет отырысында: «Білім саласына айрықша көңіл бөлу қажет. Ол туралы Президенттің тапсырмасы бар. Биылдан бастап халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздарына конкурсқа қатыспай, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына грант алу мәселесі қарастырылып отыр», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ елімізде білім гранттарының саны 2025-ші жылға дейін кезең-кезеңімен 15 мыңға дейін арттырылады деп жоспарлануда. Тиісінше былтырғы жылмен салыстырғанда биыл гранттар саны тағы да 5 мыңға дейін артпақ. Грант пен бірге азаматтардың әлеуметтік осал топтары үшін де квоталар санын көбейту де көзделіп отыр.

Биылғы мектеп бітіруші түлектер үшін сүйінші жаңалықтар тек бұл емес. Себебі 2022-ші жылдың қыркүйек айынан бастап студенттердің шәкіртақылары көбейтіледі деп күтілуде. Бұл- тек абитуриенттер үшін ғана емес, барша студенттер қауымы үшін елең еткізер жаңалық болды. Атап айтқанда, алдағы уақытта ЖОО-ның түлектерінің шәкіртақылары 20% , ал магистранттар мен доктаранттардыкі 15%-ға өсуі ықтимал.

Жалпы дәл қазіргі уақытта министрлік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім саласына айрықша көңіл бөлуді қолға алып отыр. Оған 2025-ші жылға дейін елімізде беделді 5 шетелдік университеттің филиалын ашу туралы жоспары дәлел бола алады. Қазірдің өзінде Ұлыбританиялық ЖОО-ның филиалын ашу жұмыстары басталып  кетті. Сонымен бірге білім саласында оқытушылардың жетіспеушілігі мәселесі де қарастырылып отыр. Әсіресе орта мектептерде математика, орыс тілі және сол секілді т.б пәндердің ұстаздары жетіспей жатқандығы баршамызға мәлім. Министрлер тек бұл мәселені қолға алып қана қоймай, ұлағатты ұстаздарды қайта даярлау бағдарламасын әзірлеп, тиісінше жалақыларын да еселеуді ескерді.

Мұғалімдердің айлығын, ал студенттердің шәкіртақыларын көбейту олардың оқытушылық пен оқуға деген ынта-жігерлерін арттыратыны сөзсіз. Мен өзім де жоғары оқу орнына енді ғана қадам басқан студент болғандықтан министрліктің жоғарыда аталған шараларын құптаймын. Бүгінгі студенттер – ертеңгі еліміздің жас мамандары әрі болашағы. Сондықтан мемлекет ең бірінші кезекте білім сапасына айрықша көңіл аударуға міндетті деп санаймын!

Ақтоты НҰРСҰЛТАН,

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің журналистика факультеті бойынша 1 курс студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…