Еліміз тәуелсіздік бесігінде тербелгелі 30 жыл. Осы уақыт аралығында еліміз етек жеңін жиып, өз шекарасын мықтап бекітіп, өз алдына зайырлы ел болды. Егемендігін алды, бостандығын иеленді, еркіндікке қол жеткізді. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы – осы тәуелсіздікті сақтау. Ащы термен келген баға жетпес азаттықты қастерлеу әрбір ұрпақтың парызы деп санаймын. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Отан да сол сияқты. Өз туы, елтаңбасы, гимнімен, ұлттық валютасымен мақтана алатын қазағымның ұлттық тойы құтты болсын. Ендігі ұрпақтың мақсаты – мол біліммен қаруланып, кең-байтақ жерімізді теріс пиғылды басқыншылардан қорғау. Орда бұзар жасқа келген тәуелсіздігімізді пәле жаладан аман сақтайық, ғұмыры ұзақ болғай. Ынтымағымыз жарасқан, бірліктегі ел болайық. Қазақстан азаматы ретінде еліміздің болашағы зор, жан-жағына нұрын шашып, алдағы уақытта озық елдердің қатарына қосылатынына мен кәміл сенемін.
Жанна ТАДЖИЕВА,
Абай атындағы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі