Менің еңбек жолым 1991 жылы басталыпты. Яғни Тәуелсіздікпен бірге жұмыс өтіліме 30 жыл толды. Қырғызсай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімімін. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы оқушы мен бүгінгі күнді тіпті салыстыруға келмейді. Осыдан отыз жыл бұрынғы оқушыларым алаңсыз асық ойнап, доп қуалап, сабаққа кешігіп, көбелек қуып жүрсе, бүгінгі баланың бойында ондай қасиеттер мүлдем жоқ.
Қазіргі бала ұялы телефоннан қолдары босамай, үйге берген тапсырманы да әлеуметтік желіден алып, тауып дайын дүниені көшіріп әкеле салады. Ойланбайды. Сосын олардың тапсырмалары да біркелкі, бірсарынды, бір мазмұнды. Оған бола оқушыларды айыптауға болмайды. Цифрлы Қазақстан бағдарламасына өттік. Бұрынғыдай тақта мен борға тәуелді емеспіз. ХХІ ғасыр технология дамыған заманауи дәуір. Сондықтан қазір талап та, жауапкершілік те өскен. Өзіміз де балалармен бірге жаңа технология тілін үйренуге дағдыландық. Абылай хан армандап, ата-бабамыз аңсаған азаттық таңы атып, еліміз егемендік алып, халқымыз еркіндікке қол жеткізіп, әлемде Қазақстан деген жаңа мемлекет пайда болды. Осы күннен бастап тәуелсіз елді басқару тізгіні бүкіл халықтың қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында Елбасы өзінің көрегендігімен көпұлтты Қазақстан халқының тыныштығы мен ынтымағын сақтап, оларды ел бірлігі идеясына біріктіріп, жас мемлекеттің іргетасын қалап қана қоймай, сол кезеңдегі барлық қиыншылықтарды жеңіп шықты. Ол кісінің ұстанған сара саясатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сындарлы түрде жалғастырып келеді.
Президентіміздің ел басқарудағы басты ұстанымы Тыныштық, Тұрақтылық, Ынтымақ пен Бірлік атты ұлы құндылықтарына бүгінгі таңда бүкіл әлем қызыға қарап, осы қағидаттарды үлгі тұтуда. Тарих толқынын артта қалдырған біздің кемеміз мәңгілік үміт жағалауына жақын қалды. Бұндай кезде жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені сын кезең әлі өткен жоқ, тарихтың алдан қанша талқысы тосып тұрғанын ешкім білмейді. Сонда қалтылдақ қайықтың кебіне түспес үшін тәуелсіздік алғаннан бергі аз жыл ішінде жинақталған тағылым мен тәжірибені жете байыптап, әділ бағалағанымыз абзал. Бұдан әрі қарай да тізгінімізді сол талай тығырықтан аман алып өткен саяси реализм мен мемлекеттілігіміздің, демократия мен реформаның мүдделерін қорғаудағы азаматтық табандылықты сенімді һәм бекем ұстағанымыз дұрыс болары сөзсіз.
Осыншама, кең жерді нәсіп еткен Тәңірге тәубе! Ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан-ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келгені ел жадынан өшпек емес. Ендігі міндет сол жерді сақтап қалу. Қазынамызды келешек қамы үшін қадірлеп, берекемізді бұзбау. Сағат сайын сан құбылған дүниенің тілін табу үшін тәуелсіздігімізді қадірлей білуіміз шарт. Кешегі бабалар аңсаған арман бүгінгі ұрпақтың басты мұраты. Егемендік – ел бесігі, ал сол бесікті тербететін сіз бен біз. Тәуелсіздік таңы біз үшін атты.
Кулзия НУРБЕКОВА,
Қырғызсай орта мектебінің мұғалімі