Бағым мен барым – азаттық

0
365

Мен – тәуелсіз елдің ұланымын! Азияның кіндігінде орын тепкен, жер көлемі әлем бойынша 9 орын алатын егемен елдің  азаматымын. Осындай сөздерді айтқан кезде көкірегімді мақтаныш сезімі кернейді. Ұлтыммен мақтанамын, еліммен марқаямын.  Тәуелсіздігіме тәубе етіп, ертеңгі күніме үмітпен көз саламын.

Өзім Қызылорда облысында дүниеге келсем де, Алланың жазуымен Қарадалаға келін болып қадам бастым. Осы топырақта өмір сүрудемін. Өзім қалаған оқу орны – қазақтың  қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология факультетінде білім алдым. Магистратураны да тамамдадым. Бүгінде Абай атындағы орта мектепте жұмыс істеп жатырмын. Балаларым да өздері қалаған мектеп қабырғасында білім алуда. Әртүрлі үйірмелер мен өздері қызығатын өнер түрлеріне қатысып, шыңдалуда. Жалпы айтқанда, бейбіт күннің аясында, тыныштықтың саясында бақытты да баянды ғұмыр кешудеміз. Елімнің шетін жау таптайды деп алаңдамаймын. Өйткені біздің еліміз – бейбітшілікті ту еткен, дүниежүзі елдерімен достық қарым-қатынаста өмір сүретін, шекарасын шегендеген, ұлттық әскерін жасақтаған, тілі мен дінін дәріптеген, салтын сақтап, ғұрпын ұлықтаған, мәдениетін әспеттеп, әдебиетін әдіптеген азат мемлекет. Мен осындай тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқаныма тәубе етемін. Ұрпағымның болашағының жарқын болатынына сенемін.

Биыл сол егемендік алғанымызға 30 жыл толып отыр. 30 жылда Қазақстан атты жас мемлекет талай саяси ареналарда алыптармен қатар тұрды. Еліміздің тізгінін ұстаған тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл ішінде еліміздің еңсесін тіктеді. Ғасырлар бойы бабалар аңсаған тәуелсіздіктің әрбір қазақ елінде тұратын азамат үшін құнды, баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Ендігі меже – алдыңғы қатарлы 30 елдің сабына қосылу. Ол үшін әрбір қазақстандық тер төгуі қажет. Мен елімнен не аламын емес, мен еліме не беремін деген қағиданы ұстануы шарт. Өз ұрпағымызды осы елдің патриоты етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Жалпақ сөз, жалаң ұран емес, іс жүзінде осы мемлекеттің өркендеуіне, дамуына, мәңгілік ел болуына үлес қосатын салиқалы ұрпақ тәрбиелесек, егемен еліміздің дамуына өз үлесімізді қосқан болып саналамыз. Мен осы жолда еңбек етпекпін.

Тәуелсіздік – қазақ халқына тәңірінің берген тәтті сыйы. Тәуелсіздік – қазақтың бағы мен бары, баға жетпес байлығы, асылы. Енді мақсат – бабалар арманы болған егемендігімізді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету. Оған сіз бен біз жауаптымыз. Ендеше тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын!

Әсел НҰРҒАЛИЕВА,

Абай атындағы орта мектеп менеджері

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…