Егеменді еліміз өз тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Содан бері тәуелсіздіктің дәмін татып жүргенімізге 30 жыл болды. «Жантебіреніс: Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік — енді бүгін теңелдік!», – деген Әлихан Бөкейхановтың бұл сөзінен халқымыздың қаншама жыл бостандықты аңсағанын байқаймыз. Тәуелсіздікке күрес жолында Әлихан Бөкейхановтың еңбегі зор. Семей қаласындағы университет 2021 жылы Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановтың атына ауыстырылды. Қаншама ұлт зиялыларының атында көшелер, мектептер бар. Ендігі тәуелсіз елдің ұстазы ретінде біздің міндет оқушыларға осы атаулар жайлы терең түсінік беру. Бүтіндей бір мектеп немесе университеттің атауын жай адамның атымен атамайтындығын, атауы берілсе, демек тарихымыз үшін алатын орны зор екенін балалардың санасына сіңіре алуымыз керек. Бастауыш сыныптың балаларына патриоттық сезім, өз Отанына деген сүйіспеншілікті жеткізе алғанда болашақ иелеріне еліміздің тағдырын сеніп тапсыра аламыз. Әрине бес саусақ бірдей емес кейде үлкендер жағынан да еліміздің басып өткен тағдырлы өмірі жайлы жаңсақ пікірлер кетіп жавтады. Бұл дұрыс емес. Қаншама ұлт пен ұлыс өз тәуелсіздігіне қол жеткізе алмай арманда жүр. Ал біз сол бақытқа кенелгендерміз. Ұлтым – ұйғыр, Отаным – Қазақстан. Осы елде туып-өстім, білім алдым, қызмет етіп келемін. Шүкір, еңбегіме қарай жалақымды алып, отбасымды асырауға толық мүмкіндік жасалған. Бұдан артық қандай бақыт керек адамға.
Тәуелсіздік сөзін естігенде көз алдымызға болашағы жарқын ел, арманы асқақ жастар елестейді. Иә, біз болашағы зор елміз. Себебі, алдымызда 2030, 2050 стратегиялары, «Мәңгілік ел идеясы» жатыр. Мәңгілік ел болып қалу үшін барлығымыз жұмыла жұмыс істеп, бірлесе күш жұмсауымыз керек. Тәуелсіздіктің бізге оңай келмегені, ата-бабамыздың, әсіресе Алаш арыстарының жылдар бойғы күресінен кейін ғана қолымыздың жеткені бәрімізге мәлім. Оңай келмегендіктен бұл сөз бізге асыл ұғым болып қала бермек.
Тәуелсіздік жолында күрескен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты есімі тарихта алтын әріппен жазылатындай тұлғаларымыз бар. Тәуелсіздік туралы айтылғанда бұл тұлғаларымыздың есімін атап өтпесек болмайды. Қазір алаңсыз, бақытты өмір сүріп жүргеніміз – солардың арқасы. Бұл жандар – халқының бақытын ойлаған хас батырлар.
Тұңғыш президентіміз «Тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша», – деген болатын. Тәуелсіздік күні тек 16 желтоқсан емес, біздің әрбір күніміз тәуелсіз күн.
Румилям АЙСАРОВА,
Ғ.Садвақасов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі