Басты бет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Біздің алма шырыны – сапаның кепілі

Біздің алма шырыны – сапаның кепілі

0
852

Егемендіктің адамдары бақытты. Еркін ойлайды, тәуелсіз пікірін айта алады, бастысы есесін ешкімге жібермейді. Өзіміздің бала кезіміздегі қолымыз жетпеген, таңсық дүниелер бұларға емін-еркін, тіпті ағыл-тегіл деуге болады. Әлеуметтік желі деген де жақсы болды. Ақыл да айтады, пікір де қосады. Ненің жақсы, жаман екенін түсіндіреді. Сапасыз тағам түрлері туралы да айтады. Оған сенер болсаңыз, елдің шырын деп ішіп жүргені шырын емес, күріш деп жүргені күріш емес, ал консервіленген өнімдер туралы айтпай-ақ қойыңыз. Құртты да әк тасынан жасай салады-мыс. Жұмыртқаны химиялық қоспалардан әзірлейді. Жұрт сенеді. Себебі сендіретіндей бейнебаяндарын қоса ұсынады. Тіпті бір кездері кәмпиттерді де құрттатып, апельсин мен мандариннің ішінен де жыбырлаған жәндіктерді шығарды. Азық-түліктің қауіпсіздігі қай мемлекеттің болса да тәуелсіздігінің, еркін дамуы мен бостандыққа тербелуінің көрінісі. Лайықты өмір сүру үшін қауіпсіз тамақ өнімдерін пайдалану керек. Сондықтан біздің күнделікті пайдаланып жүрген тағамдарымыздың  сапасы бәрімізді ойландыруы   тиіс. 

     Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел есеңгіреп, қай тұтқаны ұстарымызды білмей дағдарған кезеңдерде шыны керек сападан гөрі азық-түліктің көлеміне қарай көп жүгірдік. Жалаңаш қалып қалмасақ деген ойдың жетегінде Қытайдың іріген-шіріген тауарлары мен арзанқол бұйымдарын да алдық. Сол мезетте тамақтың қай елден, қандай құраммен келгендігіне онша мән бере қоймадық. Өйткені бала-шағаны киіндіріп, қарындарын тойғызу сияқты проблемалар бірінші кезекте тұрды. Шүкір, қазіргі таңда киетін киіміміздің сапасына мән беретін дәрежеге жеттік. Сол сияқты тағамдардың да бағасына емес сапасына көңіл бөлетін болдық.

Өзімнің балалық шағымда тетрапакет, яғни қағаз қораптардағы шырын,сөк дегендерді көрмей өстік. Шындығы сол. Үш литрлік банкіде ақ қайыңның, қызанақтың, алманың шырындары дүкендерде сап түзеп тұратын. Оған сұраныс та онша жоқ болды-ау. Өйткені апаларымыз өздері ет өткізетін мәшинкемен-ақ бақшадағы жемістерді тартып алатын. Ал қазір жаныңа керектің бәрін кез келген сауда нүктесінен тауып ала аласыз. Бірақ оның қалай әзірленіп, құрамында нендей қоспалары бар екендігін біле бермейміз.

Шонжының күнбатыс жағындағы «АгроПросессинг»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шырын шығаратын зауытының салынғанына 2-3 жылдың жүзі болды. Бірақ оның жүйелі түрде жұмыс істеп жатқандығына ешкім сене қоймайды. Солардың қатарында өзім де бармын. Жүз рет естігенше бір рет көрген артық демекші аталмыш кәсіпорынның «Алтын фрукт» деген атпен өндіріп жатқан алма шырынының дәмін татып, ондағы тыныс-тіршілікпен танысқанша бастапқы ойымнан айырыла қоймадым. Алдымыздан Әзиз деген жүзі жылы жігіт шықты. Амандық-саулық сұрасқан соң зауыттың жұмысын баяндай бастады. Сырттан кіретін көліктен бастап, әкелінген жемістерді сақтайтын орындарына дейін көрсетіп шықты. Биыл абрикос үсікке шалдығып, өнім шықпай қалғандығы олардың жұмыстарына біраз кедергі келтіріпті.

Осы жобаға 500 миллион инвестиция тартып, оның болашақта қайтарымын да дәл есептеп қойған зауыттың иесі Абдулминов Бахтияр Баратұлы бұл үлкен істі қолға алмас бұрын жемістерді де сырттан сатып алмай өздері өсіру керектігін мақсат етіпті. Сол жоспарымен Қалғантам, Шырын ауылының сырт жағынан абрикос өсіру үшін жер телімін алған. Ол абрикостар өткен жылдан бері зауытты шикізатпен толықтай қамтып келген. Биыл ауа-райының қолайсыздығынан өнім болмай  қалғандығы өкінішті. Дей тұрғанмен Бахар ауылының алмасы қазірше зауыттың тынысын тарылтпай, сұранысқа ие шырынның шығуына септігін тигізуде. Цех меңгерушісі Әзиз Абдуллаев көрші Еңбекшіқазақ ауданынан келісімшартпен алма әкелінетіндігінен хабардар етті. Әзиз жол бастап алманы жуатын аппаратты, сонан соң іріктелінетін, піскен, піспей қалғандарын сұрыптайтын агрегатты көрсетті. Өзімізден шығып жатқан шырынның дәмін татып көрмейінше бәрібір бір сенімсіздік тұрды көкейде. Бір грамм сусыз, бір грамм қантсыз алманың таза сығындысының дәмі бір замандарда апаларымыз жасап беретін сөктің дәмін есімізге түсірді. Қораптың ерекшелігі де көз тартты. Шонжы ауылында шыққан өнім дегенді оқығанда шыны керек кеудемді қуаныш кернеді. Әдеттегі қораптардан өзгеше ашылатыны да қызықтырды. Самауырдың шүмегіндей өзгеше ойластырылыпты. Үш литрлік шырынның бағасы 3000 теңге. Ауыл үшін қымбаттай боп көрінді. Бірақ сапасына мән берсек өз денсаулығымыз үшін осындай шырынды ішкеніміз абзал. Бахтияр Баратұлының да мақсаты бағасында емес сапасында екендігін түсіндірген аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Муслим Амангелді бұл кәсіпорынның болашағының жарқын екендігіне кәміл сенім білдірді. Сонымен қатар балаларға арналған пюре әзірленіпті. Оны шыны ыдыстарға құю процесі қалыпты. Сапасы жоғары, дәмі керемет пюре балаларымызға таптырмас дәрумен.

Бүгінде химиялық қоспалардан, жасанды дүниелерден жалыққан адамдар үшін таза өнім ауадай қажет. Құрт, қымыз, сүт, ұн, ет өзімізден шығады. Бұлардың дәмін басқалай заттармен шатастыруға мүлдем болмайды. Ал енді «Алтынфрукт» алма шырыны балалық кездің ерекше дәмін тілімізге қайта үйіртті. Мұндай бағаға өтпейтін шығар деген сұрағымызға да лайықты жауап алдық. Өз денсаулығын ойлаған адам қазір бағаға емес сапаға көбірек көңіл бөліп жатқандығы шырынның сөрелерде шаң басып тұрып қалмай өтімді болуымен дәлелденіп жатқандығын да естідік. «Экопарк» шипалы арасан суларында әр пакеттің бағасы 4500 теңгеден сатылады екен және оған сұраныс еш азаймаған. Демалуға келген қалалықтар қайтарларында міндетті түрде қораптарымен алатын көрінеді. Яғни шырынның тазалығына, сапасына көзі жеткендіктен. Әрине қонақ шақырсақ 3000 теңгеге 3 литр шырын алғанша кока-коламызды, сарыағашымызды ала жүгіреміз. Ал таза өнім денсаулығымыздың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Барлығының қолы жете бермейтіндігі де ақиқат. Сондықтан да бұл өнім қазір Алматы қаласы мен демалыс орындары үшін үлкен сұранысқа ие болып отыр екен. Бір сағатта 4 тонна алманы өңдеуге шамасы жететін зауыттың қуаттылығы бір ретте 50 тоннаға дейінгі өнімді қайта өңдей алатын көрінеді. Бұл зауытқа кәсіби мамандар шақырылған. Сағатының мөлшері, қуаттылығының күші бәрі-бәрі өз қалпында болғанда ғана таза өнім шығады.

Біз барғанда оншақты адам өз жұмыстарымен айналысып жүрді. Айнала тап-таза. Есіктен кіргеннен бастап алманың иісі бұрқырап мұрныңды жарады. Цехтің іші де айнадай. Алманы сұрыптаушы қыздардың жылдамдығы да белгілі қалыпқа түсіп алған. Жылжып тұрған цехтың үстінен былғанышын, бұзылғанын алып үлгеріп тұрулары керек. Жұмыс белгілі бір жүйеге келтірілгендігі көпе көрнеу тұр. Қораптың безендірілуі де үлкен кәсібилікті танытты. Алма шырынының пайдасы туралы көп айтылады, жазылады. Дәл біздің зауыттағыдай қантсыз, сусыз өнім аз-ау деген ойға келдік. Жаңалыққа жаны құмар зауыт басшысы Қалжаттың алмасынан шырын шығарғысы келген екен әу баста. Бірақ оның құрамындағы темірдің аздығы және алманың өзінің құрғақтығы сапаға залалын тигізетіндігіне көзі жеткен. А, В, және С дәрумендерінің мол болуымен қатар алма шырынының құрамында сонымен қатар, биотин, пантотен және фолий қышқылы бар. Соңғысы шаш пен тырнақты қатайтып, жақсы әсер етеді. Онымен қоса, алма шырыны темір, магний және фосфор біріккен минералды заттарға бай. Бұл керемет шырынды жиі ішіп тұратын болсаңыз, ұзақ жылдар бойы есте сақтау мен интеллектуалды қабілетіңізге шағымданбауға болады. Жаңа сығылған алма шырыны – арықтау үшін тамаша құрал екендігін де мамандардан білдік. Шонжының шырыны ең сапалы әрі таза. Оны өзіміз ішіп көріп, көзіміз жеткен соң айтып отырмыз. Тәу етер тәуелсіздігіміздің бізге жасаған сыйы өте көп. Шалғай жатқан ауданда осындай шырын зауытының жұмыс жүргізуі біз үшін бақыт.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…