Ауданымыз аграрлы саналады. Халықтың басым бөлігі төрт түлік мал мен бау-бақша өнімдері және жеміс-жидек өсірумен айналысады. Түгін тартса май шығатын құнарлы топырағымыз ауылшаруашылығы дақылдарын өсіруге де, мал басын көбейтуге де қолайлы. Тек соның көзін таба біліп, оған атүсті қарамай, тиімді жақтарын дұрыс ойластыра білсек. Оның үстіне жалқаулық деген жаман қасиеттен бойымызды аулақ салып, жер-ананың берген сыйын тиімді пайдалана білсек нұр үстіне нұр.
Ауылшаруашылығы саласының басым бағыттарының бірі азық-түлік тауарлары екені белгілі. Өздерін сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында көптеген тұрғындар азын-аулақ жерлеріне бақша өнімдері мен жеміс ағаштарын өсіреді. Көбінің күнкөрісі де осы – бау-бақша мен мал. Жыл бойы отбасына жететін азық-түлікті өндіріп алады. Қысқа жасайтын тосабы бар, салаты бар, шырыны бар дегендей өз бақшалығынан шыққан өнімнің пайдасын көру де берекелі өмірдің белгісі. Ал жер телімдері жоқ, көп қабатты үйлерде тұратындар базардан сырттан келген өнімдерді емес, өзіміздің топырақтан өніп шыққан дүниелерді іздейтіні де рас. Өйткені сапасы да, дәмі де ерекше. Дей тұрғанмен қазір Алматының «Алтын орда» көтерме баға базарынан бұрын қол жетпейтін, тіпті иісін сезбейтін, көз көрмеген жемістердің бәрі қолжетімді болғандықтан, саудада жүрген ағайындар жеміс-жидектің түр-түрін үйіп-төгіп әкеп тастаған. Тек қалтаңда ақшаң болса болғаны.
Әр нәрсе өз кезеңімен демекші баяғыда тек жаз айларында қолымыз жететін, көретін жемістерді бүгінде жыл он екі ай жеуге мүмкіндігіміз бар. Кезінде жаңа жылдық сыйлықтың ішінен шығатын бір тал апельсинге бір үйдің көп баласы жәутеңдеп қарап, теңдей бөліп жейтінбіз. Сол бір тал апельсиннің дәмі бүкіл үйдің ішін алатын. Қазір балаларымыз не жегілері келеді бәрі бар. Өзімізден өнетіні, сырттан әкелінетіні бар. Шынын айтсақ сырттан келетіні көп. Оған өзіміз де, етіміз де үйреніп кетті. Дегенмен соңғы жылдары мемлекеттен қомақты несие алып бау-бақша алқабын кеңейтіп жатқандар саны арта түсуде. Жылыжай салу жұмысы да ілгері басуда. Бахар ауылы жеміс-жидектің, әсіресе алма мен абрикостың отанына айналды десек, Арасан ыстық сулары жылыжайлардың мекені болды.
Жаңашыл технологиялардың көмегімен қызанақ пен қиярдың түр-түрі өзімізде өсіріліп жатыр. Құлпынайды да баптап көрдік. Елдің сұранысын қанағаттандыру үшін бүгінде ең өтімді тауар – қияр мен қызанақ, әртүрлі салат жапырақтары, аскөк. Баситов Рамил Тохтиғожаұлының басшылығымен «ЭкоПродуктПлюс» атты тағы бір жылыжай қызанақтың екі түрлі сортын өсіріп, оның табысын да көріп отыр. Бүгінгі таңда тұрақты жұмыспен он екі адам қамтылған. Ал науқан мезгілінде 120 адамға дейін көбейеді екен. Орташа жалақылары – 90 000 теңге. Әсіресе суық түскен соң өнім екі рет жиналады. Көшеттерді күтіп баптаудың өзі үлкен жауапкершілік. Екі маусымның арасындағы уақытта олар көшеттерді көшіріп, тазалық жұмыстары мен дезинфекциялаумен айналысады. Сонда әр өнім жиналып біткен соң 30 күн, яғни екі маусымда 60-65 күн каникул болады. Өкініштісі өзімізден шыққан қызанақтардың Алматы қаласына тасылатындығы. Өйткені онда ол бар-жоғы жарты сағаттың ішінде көтерме бағамен өтеді. Ал өзімізде күндеп, апталап жатып қалуы мүмкін. Қаладағыдай сұраныс жоқ. Сондықтан да таза өнімді сол жиналған күні саудаға шығару өте тиімді. Табиғаттың сыйға тартқан ыстық суының қасиеті, Қарадаланың киелі топырағының құдіреті жыл сайын жылыжайлардың санын артқызып, туризмнің дамуына ықпал етуде. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына түрткі болары анық. Ауданымыз байыса тұрғындардың да тұрмысы түзеледі.
Тағы бір жағымды жаңалық «Жетісу» Акционерлік Қоғамының жанынан ұйымдастырылған «Бірлік» жылыжайының бүгінгі қол жеткізген жетістіктері. Президенті – Стақан Белғожаев ағамыз. Онда қияр өсіріліп, оның өнімі де үлкен қалаларға сатылуда. Көзін тапсаң қазір бәрі кәсіп. Тек оған ниет пен талап керек. Қыс мезгілінде жылыжайда өсірілген қызанақ пен қияр кез келген сұранысты өтеуі тиіс. Аталмыш жылыжайдың техникалық жабдықтарына тек таңданыспен қарауға болады. Мынандай алпауыт қондырғылармен кез келген адам істеуі мүмкін емес деген сұрақ көкейімізге келгенін жасырмаймыз. Әр істің өз майталманы, өз шебері болғанда ғана оның жұмысы жанданатындығы рас. Украина мемлекетінен арнайы шақыртылған шебер «Бірліктің» заманауи сапалы жылыжай болуына тер төккен. Оның жемісін де көріп отыр. Сырттан келген қонақтар жылыжайдың көрінісі мен жабдықталуына таңдай қағудан жалыққан емес. Нағыз маман жылыжайдың жұмысын белгілі бір шыңға шығарған. Бір жылда құрылысы аяқталған жылыжай жұмысын 2017 жылы бастаған. Қазір тұтынушылардың сұраныстарына орай өнім көлемі көбейген. Негізінен – қызанақ пен қияр. Дамыған мемлекеттер қатарына кіреміз деген ниет, пейілді кейде кержақ адамдардың кейін кететін кертартпа ойлары бұзып жіберетіні бар. Дәл осындай жұмыс орнын көргенде шүкір дейсің. Ертеңгі күнге жақсы үмітпен қарайтын, болашағына зор сенім артатын адамдар үшін мынандай ғаламат құрылысты көрудің өзі бір бақыт. Бұл жоба 2016 жылы қолға алынған екен. 2017 жылы құрылыс толықтай аяқталған. Сол жылдан бастап алғашқы өнім өндіріліпті. Қазір 26 адам жұмыс істейді. Орташа өнім көлемі жылына қиярдан 250 тонна. Алматы қаласына ғана емес, Нұр-Сұлтаннан тапсырыс қабылдап, тіпті шетелге де шығыпты. Экспорт мәселесі бүгінде жақсы жолға қойылған. Салықтың көлемі де артып отырғандығын естідік. Жалпы біздің ауданда осындай жұмыстар атқарылып жатқандығын біреу білсе, біреу біле бермес. Бірақ бұл біздің жердегі тіршілік.
Жылыжайлар жөнінде мемлекеттік деңгейде мәселе көтеріліп жатқанымен, дамытатын тұстары көп. Соңғы бес жылда елімізде жылыжай шаруашылығы 746 га өсіпті ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенер болсақ. Олардың 89 пайызы Түркістан облысына тиеселі екен. Жабық жерде ерте пісетін көкөністер өнімі 132 мың тоннаға жеткен. 1062 га жылыжайдың 1035 га көкөніс, 25 га гүл өсірілетін көрінеді. Польшада жылыжай шаруашылықтарының алқабы 6 000 га асады, Голландияда – 10 000, Түркияда – 41 000, ал Қытайда – шамамен 1,5 млн га жерді алып жатыр. Олардың көлемі үлкен, әрі жаңа технологиямен жабдықталған. Сондықтан едәуір алда тұр. Қияр, қызанақ сияқты бір жылдық жапырақты өсімдіктер жылуды, жарықты, ылғалды жақсы көреді. Ал оған біздің табиғат жағдайымыз өте ыңғайлы. Сондықтан бізде жылыжайлардың көлемін ұлғайту қазіргі таңдағы қолға алатын үлкен мәселелердің біріне айналуы керек деп ойлаймыз.
Баян МАМЫРБАЕВА