Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2013 жылдың 9 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Үкіметі және «Атамекен» Одағы қазақстандық үкіметтік емес ұйымның бірлескен шешімімен құрылған. 2015 жылы 27 наурызда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып ресми қайта тіркелді. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің Қазақстан Республикасы Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Палата өз қызметінде кәсіпкерлік саласының, оның ішінде ішкі және сыртқы сауда салаларын қамтиды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнес құқығын және мүдделерін қорғау, бизнестің қызметіне қатысты заңнамалық және басқа да нормативтік қағидаларды қалыптастыру үрдісіне барлық кәсіпкерлердің кең көлемде қамтылуы мен осы үрдістерге кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ете алады.
Ауданда өз қызметін жүргізіп отырған кәсіпкерлер палатасы тәуелсіздік жылдар жемісінің ең бағалысы деуге болады. Өйткені осы уақытқа дейін сауда-саттығы бар, өндіріс орны, өнім өндірушісі, базары, көптеген кәсіпкерліктің тұтқасын ұстап отырған жандар үшін көмек көрсете алды деп айта аламыз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жұмысын бастаған сәттен бастап Муслим Амангелді оның директоры болып тағайындалды. Аудандық мәслихаттың депутаты. Өзінің іскерлігі, білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бүгінгі күнге дейін осы палатаны басқарып келеді. Облыста алдыңғы қатарда. Тың идеялар мен жаңа бастамалардың ұйытқысы болып, заман талабына сай өркениеттен кенже қалып қоймайық деген принципті ұстанған жігіт ауданға тиімді жобалардың ешқайсысын қалт жібермеуге тырысады. Мәселен цифрларды сөйлетер болсақ аудан аумағында 2015 жылы 3928 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, 2020 жылы оның саны 5066-ға жеткен, мұнда 8350 адам қолдарынан келген істерімен айналысып, өз кәсіптері-нің жемісін көріп отыр. Өндіріс-тік кооперативтер саны 53, ЖШС 401, АҚ 2, жеке кәсіпкерлер саны 1916, ша-руа қо-жалық-тары 2694.
Аудандық кәсіпкерлер палатасы жұмысын бастаған тұста тұрғындардың көбісі өтініштерін несие алуға бағыттаған болса, ал қазір бизнестің құқығы қорғалуына байланысты, сондай-ақ тың ұсыныстар түсіп отыр екен. Бұл ілгері басудың белгісі болар. Ауданның табиғат жағдайы мал өсіруге, сүйекті жеміс-жидекке және жүгеріге өте қолайлы. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы осы жағынан аудан жұртшылығына тиімді жобаларды қолға алған. Мәселен біздің топырағымыз, суымыз мен күніміз абрикос, шабдалы, қараөрік өсіруге өте ыңғайлы. Оны нақты дәйектермен дәлелдей жүріп мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарламаға енгізіп, бүгінгі таңда ауданымызда өндірілетін абрикос, шабдалы, қараөрік алқабы кеңейген. Оның пайдасы мен түсетін табысына көзі жеткен жұрт енді бұл жеміс ағаштарының санын арттыруда. Абрикосымыздың атағы шетелге дейін жетіп, әсіресе ресейліктердің келісімшартпен алатын өніміне айналғандығын мақтанышпен айтуға болар. Муслим Амангелдінің айтуынша бір гектар жерге абрикос өсірген кәсіпкер бір маусымда 10 мың доллар кіріс көреді екен, яғни 4500 миллионға жуық теңге, бұл ауыл тұрғыны үшін өте жақсы табыс екені даусыз. Тек қана абрикос емес, шабдалы мен қараөрік алқабы да соңғы кезде ұлғайып, онымен айналысатын адамдардың қатары көбейіп отырғаны да көңілге қуаныш ұялатады. Бахар мен Тасқарасу ауылдарында 5 гектар жерге абрикос өсіріп, оның өнімін шетелге өткізіп, бір жазда 50 000 доллар тауып жүрген кәсіпкерлер үшін марқаясың. Қазіргі үлкен сұранысқа ие мәселе – сұрыпты абрикос түрлерінің көшеттері. Бұл да өз деңгейінде қолға алынып, қазір тек мейізі арқылы көбейтіп, одан көшет шығарып отырғандар бар екен. Өйткені абрикос көшетіне сұраныс артқан. Оның пайдасын, тиімділігін, тіпті сатылымға шығармаса да бала-шағасына тосап, қақ, шырын, сөк жасап, отандық өнімді пай-да-ла-ну-дың жақсы жақтарын түсінгендердің саны артқандығы да жақсылықтың нышаны.
Кәсіпкерлер палатасының қолға алған үлкен жобаларының бірі – жылыжайлар. 2014 жылы ауданның біраз іскер азаматтары Қытай халық республикасына тәжірибе алмасу мақсатымен барып, олардың тіршілігіне таңғалысып қайтқан еді. Арада 6-7 жыл өткен соң сол қытайлар біздің жылыжайда өсірген көкөністерге сұраныс жасап жатыр десе сенесіз бе? Ал шын мәнінде Қытайдан әкелінген қиярдың бағасын 100 теңге деп қоялық, ал біздікі – 200 теңге. Қанымызға сіңген әдетпен көбірек, бірақ бағасы арзанына жүгіретін «жаман» әдетіміз бар екендігі тағы рас. Ал көршілеріміз біздің өнімді екі есе бағасына алуға құлықты. Себебі біздің өніміміздің сапасы әлдеқайда жоғары. Осы жерде отандық өнім, ішкі өнім туралы Елбасының арнайы тапсырмасы болғандығын есімізге сала кетсек. Сырттан біреудің таңсы-ғы-на құмар-лығы-мыз кейде денсаулығымызға залал келтіріп, зиянын тигізіп жатқанына мән бермейтініміз өкінішті. Сондықтан өз топырағымызға, өз суымызға қанып өскен жемістің дәмінен тәтті нәрсе бар деп ойламаймыз. Жылыжайдың табысы көл-көсір екендігін онда еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер жақсы біледі. Бір гектар жылыжайдан 260 мың доллар таза кіріс көреді екен. Мемлекет тарапынан субсидияланған жылыжайлардың ауқымы кеңейе түсетіндігіне сеніміміз мол.
Балық шаруашылығы да кәсіпкерлердің оңтайлы жобасы деуге болады. «Тенгри фиш» балық шаруашылығы 2016 жылы қолға алынған. Бес жылда ол өз өнімінің қызығын көріп отыр. Бүгінде осы іспеттес 9 шаруашылық өз жұмысын жолға қойған. 7-еуі Арасан елдің мекенінде болса, біреуі Шырын ауылының төменгі жағында, тағы біреуі «Деревянное озеро» аумағында. Олар өндіретін балық граммдап сатылады, қалалардың ірі мейрамханалары арнайы тапсырыспен алады. Бұл жерде де ауылдық менталитетіміз өзінің басымдығын танытуда. Бізге бағасы арзандау, бірақ өзі көлемді, семіз балық жегеніміз тиімді. Бірақ сұраныс болғандықтан бұл жоба да өз деңгейінде, өз тұтынушылары үшін қызмет көрсетуде.
Аудан мал шаруашылығына да өте ыңғайлы. Жүгері өсетін алқапта мал өсірмеу үлкен қателік болар. Оның үстіне табиғи шөптеріміз де, басқа да мал азығы үшін өсіретін өсімдіктеріміз де жетерлік. Бір күнде 35 литр сүт беретін асыл тұқымды сиырларды аудан аумағында өсіріп жатырмыз десек біреу сенер, біреу сенбес. Шарын ауылындағы «Вин», Ұзынтам ауылында «Зунун» шаруашылықтары аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы тиісті несиелерін алып, малдарының тұқымын асылдандыру жолына түскен. «Қазмалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалмақ тұқымды сиыр, ангус, сүтті бағыттағы малдармен айналысқандарына біраз жыл болды. Олардың да өнімдері ірі қалаларға шығарылып жатыр. Ал асыл тұқымды бұқаларын арнайы паспорттарымен сатады, оның тұқымы әрине етті бағытта.
«Атамекен» аудандық филиалы «Старшие сеньоры» атты халықаралық жобасына қатысқан. Солардың алғашқылары жекеменшік балабақша директоры Арай Сейдахметова. Мемлекет қаржысына Германияға барып білімін жетілдіріп, кәсібін шыңдап қайтты. Ал қазір Арай Сейдахметова кез келген мемлекетке барып өзінің жекеменшік балабақшадағы тәжірибесімен бөлісе алатын деңгейге жеткендігін мақтауға болар.
Кооперативтердің жұмысын жандандыру мәселесі осыдан біраз жыл бұрын қолға алынып, ол уақыт өте елеусіз қалғандай болды. Дәл қазір «Алатау асылдары» өндірістік кооперативі жанынан оқу орталығы ашылып, онда жасанды жолмен ұрықтандыру бағытында мамандарды дайындау мен үйрету жұмыстары қолға алынғандығын айту орынды. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жаңалық. Мал басын асылдандыру, ұсақталып бара жатқан ірі қара басын ірілендіру – бүгінгі күн талабы.
Жалпы ауданның кәсіпкерлері өз жобаларын жүзеге асыру жолында біраз шаруаның басын қайырған. Өзі үшін, ауданның өркендеуі үшін жаңа кәсіпті үйренуден еш қашпайтын жандар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек ынта мен жігер, оған құлық пен жауапкершілік деген қасиеттерді қоссақ кәсіпкерлер палатасы арқылы ауылшаруашылығын өркендетуге болады. «Атамекен» деп аты айтып тұрғандай атамекеннің гүлденуі мен көркеюі жолында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырған палата – тәуелсіздіктің жемісі. Сол жемісіміз тәтті, бағалы болсын…
Баян
МАМЫРБАЕВА