Өзгенің бақыты үшін алаңдау, аяғын шалыс басқанда демеп жіберу немесе басына қиындық түскенде қасынан табылу ізгілікті жанның бір сипатын білдірсе керек. Күні кеше Қырғызсай ауылында Әбен апамыздың үйі өртеніп, немересі Салтанат екеуі өздері аман қалыпты деген сөз желдей есті. Көзін көрген апамыздың қартайған шағында көрейін дегені осы ма еді,– деп қапаландық. Сосын өздерінің аман қалғанына қуандық. Алладан сабыр сұрадық. Өзі кәріліктен көзі көрмей, аяғын да баса алмай қалған тұсында обал-ай дестік. Жақсы ай, жақсы күн саналатын ораза айының алғашқы күніндегі бұл оқиға ауылдастарды селт еткізбей қоймады. Бұл да Жаратушыдан келген сынақ болар. Апаға ғана емес, жалпы ауыл тұрғындарына. Сол сынақты ауызбірлік пен татулықтың арқасында еңсеріп тастаған ауылдастарыма ризашылығымды жеткізгім келеді.
Өз күндерін өздері көріп, ауылдың қарапайым күйін кешіп отырған кейуана далада қалады-ау деген ой беймаза бір күйге түсірді. Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу қарға тамырлы қазақтың қанында бұрыннан бар жақсы қасиеттердің бірі ғой. Міне сол қасиет қырғызсайлықтардың бойынан бірден табылды. Қазағы бар, ұйғыры бар, дүнгені бар, орысы бар дегендей ауыл болып жиналып, естерін жия алмай қалған апа мен немересіне жылы сөздерін арнап, бірден жарамсыз болып қалған үйінділерді тазалап, уақытша болса да үлкен үй болмаса да кішісін жөндеуді сол күні-ақ қолға алды. Қажетті материалдарды да ақылдаса отырып жинасып, үйлерінде құрылысқа жарамды материалдарын таси бастады. Бас-аяғы екі күннің ішінде үш бөлмелі шағын үйдің төбесін жауып, сыртының сылағын жүргізген ауылдастардың ынтымақты тірлігіне қалай масаттанбассың. Тағы бір қуанарлығы, көрші ауылдан да көмек қолын созып келіп жатқандардың көптігі. Цементі, құмы, тасы да жеткізілген. Ауылымның адамдарының кең пейілдері мен жомарт жүректері үшін, олардың аз ғана уақыт ішінде бірлесіп, апаның басына түскен ауыр жүкті бірге көтерісіп, оны жеңілдетіп тастағаны үшін Алланың шапағатын сұрадым. Ынтымақ пен береке осындай кезде бағаланады емес пе?
Апасын от құрсауынан көтеріп алып шығып, жанып жатқан үйге құжаттары үшін тайсалмай кірген Салтанат қыздың әрекетін ауылдастары жыр қылып айтып жүр. Жігерлі, жүрегінде түгі бар деп осындай қыздарды айту керек шығар. Ылайым осы жігері жасымасын.
Ауыл жастарының басын қосқан жастар ісі жөніндегі нұсқаушы Жәнібек Айғожаев баламыз ұсақ-түйек жұмыстарының барлығын тап-тұйнақтай етіп жинаса, Иса Шорманұлы бастаған топ екі бөлмелі үйдің шатырын жауып, сыртын сылап, әп-сәтте асарлатып жіберді. Мәнел ағамыз, Нұрмұхамет сияқты қолдарынан өнер тамған жігіттер құрылысты шарықтау шегіне жеткізді. «Бақ қайда барасың?» – дегенге «Ынтымағы жарасқан елге» деген ғибратты сөз есіңе еріксіз түседі екен. Қырғызсай ауылының тұрғындары ынтымақтары арқылы баққа қолдарын жеткізді. Ауылдың үлкені, кішісі, баласы мен әйелі біріге қалып еді, барлық шаруа дөңгелене кетті.
Құрылысшыларға әйелдер қауымы алдын ала келісіп, көше-көшеге бөлініп ас-суларын әзірлеп жатыр. Жұмыс істегендер ол еңбектеріне ақы алып жатқан жоқ. Шын ниеттерімен көмек қолын созып, көңілдеріне қаяу түскен жандардың жандарын жадыратайық деген пейілдерін танытуда. Ауылдағы жұмыс істеп жатқан мекемелер де көмектен сырт қалмайық деген ниетпен тамақ пісіруге, қаржылай көмек көрсетуге жұмыла кіріскен. Алматыда, Нұр-Сұлтанда, басқа да қалаларда тұратын ауылдың азаматтары өздерінің қаржылай көмектерін көрсетіп, тілеулес екендіктерін білдіріп жатыр. Қалай десек те, бір сәтте баспанасыз қалып, өзін қайырсыз қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп, еңсесі түсіп, енді қайттым деп жүрген мезетте ауыл адамдарының мынандай бірлігі қуаныш сыйлағаны Алланың құдіретімен, жанашыр ағайынның себімен. Бұл аз қуаныш емес.
Қырғызсайлықтардың Ниязбековтер отбасына түскен ауыртпалықты жұмыла көтеріскендері мақтауға тұрарлық. Кейде өз-өзіңнен түңіліп, өмірге риза болмай, айналаңдағы адамдарға қатыгездікпен қарайтын кездерің болады. Соның өзі күпірлік. Тірнектеп жиғаны, ұқыптап сақтағаны, әдемілеп реттегені бір сәтте от жалынға оранып, күлі көкке ұшқанда адамның ішкі дүниесінде қандай әлемтапырақ болатынын сол адам өзі ғана түсінеді. Салтанат Кенжеақынованың да үлпілдетіп ұстап отырған үйінің әп-сәтте жоқ болғаны қандай соққы екені айтпаса да түсінікті. Бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарған деген осы болар. Жетімін қаңғытпаған, жесірін жылатпаған ел екенімізді тағы бір рет дәлелдедік. Қасиетті ораза айында жасаған жақсылығымыз еселеп Алладан қайтсын.
Баян Мамырбаева