Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында атқарылатын шаралар тыңғылықты әзірленді. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі отырыс мазмұнды өтті деуге болады. Отырыста негізінен Елбасының мақаласында көтерілген үлкен ойларды, ұсыныстарды жүзеге асырудың нақты жоспарлары талқыланды. Осыған байланысты ұлтты комиссия аясында бірнеше жұмыс тобы құрылған болатын. Сол жұмыс топтары әрбір бағыт бойынша ғалымдарды, сарапшыларды тарта отырып, бірнеше апта бойы жақсы жұмыс істеді, нақты жоспар әзірледі», — деп атап өтті Әшімбаев.
Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу, Туған жер, киелі жерлер, ұлттық мәдениетімізді шетелдерде таныту, қазақ тілінде 100 танымал оқулықты аудару бағыттары бойынша әзірленген жоспарлар комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан.
«Бұл жоспарлар жан-жақты ойластырып, егжей-тегжейлі пысықталып, дайындалған. Енді осы құжатқа сәйкес Ұлттық комиссия, мемлекеттік органдар, зиялы қауым өкілдері жұмыстар жүргізетін болады. Жалпы бүгінгі отырыстың негізгі қорытындысы — нақты жоспарлар қарастырылып, мақұлданды», — деді Мәулен Әшімбаев.