«Nur Otan» партиясының негізін салушы және оның көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Оның асқан беделінің, көрегендігінің және саяси ерік-жігерінің арқасында «Nur Otan» жалпыұлттық күшті партияға айналды, ол қазақстандықтардың кең әрі тұрақты қолдауына ие. Олай дейтінім кез келген бастаманың басында жүретін партия биылғы пандемия кезінде адамдарды қорқыныш пен үрейге бой алдырмаулары үшін барынша бірлікке, ынтымаққа шақырды. «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастыруға мұрындық болды. Мақтаралды су басқанда да бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіруге ықпал етті. Партияның басшысы көреген болғандықтан біз бүгін соғысы, атыс-керісі жоқ бейбіт елде өмір сүріп отырмыз.
10 қаңтар 2021 жылы – еліміз үшін таңдау жасалатын сәт. Көпшіліктің қалауы, таңдауы «Nur Otan» партиясына түсіп отырғаны заңдылық деп ойлаймын. Өйткені негізін тұңғыш Президентіміз қалаған партияның бағдарламасы ел дамуының ұзақ мерзімдік басымдықтарын басшылыққа ала отырып жасалғандығын бәріміз білеміз, Сондықтан өткен онжылдықта біз Қазақстанның болашақта табысты дамуының негізін салуға қол жеткіздік. Ол елдің экономикалық әлеуетін ұлғайту, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, азаматтардың әлеуметтік саламаттығын қамтамасыз ету, сыртқы саясатта ғаламдық жаңа бастамаларды іске асыру уақыты болды. Бізде атқарылған игі істер мол. Бұл – еліміздің әр азаматының сіңірген еңбегінің нәтижесі. Экономиканы, әлеуметтік саланы, мәдениетті реформалау сияқты алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтаған жағдайда ғана іске асады. Партия төрағасының діттегені де осы. Республиканың барлық азаматтарының қазақ халқы төңірегіне одан әрі топтасуы этносаралық келісім мен ұлттық бірліктің негізгі факторы болып табылады, бұл мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға, біздің басты байлықтарымыз – тәуелсіздікке, бірлік пен тұрақтылыққа ұқыпты қарауға бағытталған. Елдегі бірлік пен келісімді сақтау – бұл мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғам институттарының, Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. «Nur Otan» партиясының басты ұстанымы да осында. Әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымдарының өзегінде бірлік, келісім, сияқты дәстүрлі құндылықтармен қатар бәсекеге қабілетті болу – сапалы білім алу, салауатты өмір салтын ұстану, биік мәдениеттілік пен адамгершілікке ұмтылу, табысқа және өзін-өзі жетілдіруге, ұқыптылық пен үнемшілдікке талпыныс болуға тиіс. Қазақстандықтардың осы құндылықтарды қастерлеуі алға қойған мақсаттарға қол жеткізудің кепілі болмақ.
Алайда, жай ғана ұмтылыс жеткіліксіз. Барша халықтың және әркімнің, күллі қоғамның тікелей және белсенді атсалысуы қажет. Қазақстан Республикасының Тұң-ғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған стратегиясы біздің бірлігіміздің негізіне айналуға тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа бағыттың рухани дем берушісі ғана емес, сонымен қатар алға қойған міндеттерді шешу үшін қоғамды топтастырудың шынайы ұйытқысы болып табылады. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев – біздің Елбасымыз, партияның көшбасшысы. Партия Қазақстанды құру ісінде қоғамдық белсенділіктің топтастырушы өзегіне айналды. Бұл бұлтартпас шындық. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту жолында атқарған жұмыстарын айтып тауысу мүмкін емес. Таза ауыз су, шалғай ауылдардың арасындағы жолдардың жасалуы, балалардың заманауи мектептерде білім алулары, мектепке дейінгі мекемелердің жұмысының жандануы – «Nur Otan» партиясының арқасы.
Өзім білім саласында жұмыс істейтіндіктен маған бұл сала етене жақын. Зейнеткерлік жасқа жеттім, енді өзіме-өзім есеп беретін кезім келді. Өткеніміз бен бүгінімізді салыстырар болсам аражігі жер мен көктей. Білім бөлімінде басшы, мектеп директоры болған кезеңдердегі қаржыландыру, сол кездегі мектептердің жағдайын қазіргімен тіпті салыстыруға келмейді. Бір мектепке бір компьютер келсе төбеміз көкке жетіп қуанатынбыз. Ал қазір ше, әр оқушының алдында соңғы үлгідегі компьютер. Осының бәрі бір сәтте бола қалғаны жоқ. Ұзақ мерзімге жасалған арнайы жоспар, бағдарламалар арқылы іске асты. «Nur Otan» партиясының онжылдыққа жасаған бағдарламасында әр сала жөнінде жеке-жеке тарау бар. Білім, мәдениет, денсаулық, спорт, туризм, әлеуметтік сала, руханият дейсіз бе бәрі қамтылған. Бұлардың барлығы бір адамның қолынан келе қоятын шаруа емес десек те, бір партияның қанатының астында іске асқан дүниелер. Бүкіл білім беру жүйесін жаңғырту, жаңа нысандар салу, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен толық қамту, материалдық-техникалық базаны жақсарту, оқытудың жаңа стандарттарын, әдістері мен технологияларын әзірлеу мен енгізу арқылы барлық деңгейде білім беру сапасын арттыру, педагог мамандарының кәсіби даярлығының жоғары сапасын қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік мәртебесі мен еңбекақысын көтеру де – Елбасымыздың алға қойған жоспарларының арқасында қол жеткізілген шаруалар.
«Nur Otan» партиясы биліктің партиясы екендігі рас. Сондықтан оның мүшелері де, жақтастары да көп. Ал көп жүрген жерде белестерді бағындыру – жеңіл, жеңіске жету – оңай. Біз көппіз, сондықтан біздің соңымыздан еретіндер де көп. Кез келген адам үшін ең құнды нәрсе отбасы десек, партия үшін де ең үлкен құндылық – отбасы. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасы да елдің бірлігін, отбасының татулығын, беріктігін сақтауға арналған құнды дүние. Құтты мекен саналатын әр ауыл тұрғынының тұрмыс жағдайының жақсарып, олардың да қалалықтар сияқты әр үйінде ыстық суы, жуынатын жері болуы үшін партия барлық мүмкіндіктерді жүзеге асыруда. «Nur Otan» – қоғамға қажетті жобалардың ұйытқысы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық бастамалардың тиянақты жүзеге асуын үнемі бақылауда ұстайтын партия. Себебі елдің игілігіне бөлінген қаржы орта жолда ортаймай, кәдеге жарауы үшін де көптеген шаралардың басы-қасында жүр.
Өзім «Nur Otan» партиясының алғашқы мүшелерінің бірімін. Қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтардан өзімді бөліп-жарып қарай алмаймын. Саясаттан да сырт айнала алмаймын. Табиғатым, тумысым сондай. Сондықтан да қазан айында өткен партияішілік праймеризге қатыстым. Көрсеткішім жаман болмады. Енді алдағы сайлауда «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуіне тілекшімін. Кейде бір партияның аясында қалдық, демократиялық даму жолынан алыстап кеттік деген сынды пікірлерді естіп қаламыз. Әр адам өз таңдауын өзі жасауға құқық берілгендіктен ол өзіне байланысты. Ал «Nur Otan» партиясының еліміздің тәуелсіздігін сақтауда, мемлекетте тұрып жатқан көптеген ұлттардың бір үйдің баласындай татулығын қорғауда атқарған жұмыстары бір төбе. Нұрсұлтандай көшбасшысы бар партияның өмірі ұзақ, жұмысы тиянақты, табысы толағай болары даусыз.
Партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды тұғырнамасы жаныма майдай жақты. Бұл – бүгінгі күрделі ахуалға қатысты шынайы көзқарас. Құжатта азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылған. Партияның өз сайлауалды тұғырнамасын тиімді іске асыру еліміздің өркендеуін, әділдіктің үстемдігін, заңдылықтар мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететініне сенім мол. Партиямыздың басты құндылықтарының бірі – отбасы дедім ғой сөз басында. Партия отбасыларды қолдауға бағытталған барлық әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылардың уақытында төленуін қамтамасыз етеді. Инфляция жағдайын ескере отырып әлеуметтік төлемдерді индекстенну жүргізілмекші. Бұл мақсатқа 3 триллионнан астам теңге бөлінген.
«Nur Otan» партиясы «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл сайын 700 мың адамды жұмыспен қамтып отыруға қол жеткізеді деп күтілуде. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру, олардың қабілеттерін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер жасау да партияның назарында. Қазірдің өзінде әйелдерді өкілдік етуші органдарға ұсыну үшін «Nur Otan» партиясы өзінің қатарына кем дегенде 30 пайыз әйелдерді қосты. Бұл да – жасампаздықтың көрінісі.
Халық аузында «Ауыл – ұлт бесігі» деген ұлағатты сөз бар. «Nur Otan» партиясы ауыл әлеуетін барынша іске асыру үшін ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасайтын болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жас ұрпақтың санасын жаңғырту және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үшін негіз болады. Ұлттық мүддені қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбітшілікті нығайту және барлық елдермен өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық орнату да партияның басты мақсаттарының бірі.
Біздің сайлауалды бағдарламамыз елімізді алдағы бес жылда дамудың жаңа шыңына шығарудың нақты жол картасы. «Nur Otan» партиясы өзінің сөзін әрқашан дәлелдеп отырады. Әрбір қазақстандық жақсы, болашағына алаңсыз өмір сүретін бақытты қоғам құру үшін біз жұдырықтай жұмыла бірігуіміз керек. Сынақтардан сүрінбей өтіп, бірге жеңеміз. «Nur Otan» партиясына дауыс береміз, сіз де дауыс беріңіз!
Жәнет КЕРІМҚҰЛОВ,
аудандық мәслихат депутаттығына үміткер