2020 жыл біз үшін үлкен сынақ жылы болды. Коронавирустық пандемия біздің өмірімізді, басымдықтарды өзгертті, көптеген мәселелерге басқаша қарауға мәжбүр етті және біздің мемлекетіміздің басты құндылығы адамның өмірі мен денсаулығы екенін тағы бір дәлелдеді.
Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты ұзақ мерзімді карантинге және шектеу шараларына байланысты үлкен қиындықтарға тап болды.
Осы сын-қатерлерге қарамастан, «Nur Otan» партиясы экономиканы дамытудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін, жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру, біздің ауданды өмір сүру үшін қауіпсіз әрі жайлы ету үшін бар күш-жігерін салды. Біз бұған қалай қол жеткізуге болатынын нақты білеміз. Бүгінде барлық азаматтар партиядан нақты мәселелерді шешуді және бастамаларды ілгерілетуді күтуде. Ол үшін біз жүйелі партиялық қайта жүктеуді және партия ішіндегі ашық сайлауды – праймеризді өткіздік.
Партия барлығы үшін ашық! Біз Сіздердің сындарлы ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз және сенімдеріңізді бағалаймыз. Сондықтан да «Біз біргеміз» ұранын ұстандық. Әлемдік коронавирустық пандемия біздің еліміздегі экономикалық жағдайға теріс әсер етті, сондықтан 2020 жылы Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды әзірледі. Карантиндік шаралар дың енгізілуіне байланысты көмек көрсетілді. Елбасымыздың бастамасымен өткен «Біз біргеміз» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының мүшелері мен еріктілер республика деңгейінде 1114-тен астам отбасына 7,8 млн.теңгеге азық-түлік себеттерін жеткізді, 1314 адамға әрқайсысы 50000 теңгеден берілді.
COVID-19 жағдайы еңбек нарығына түзетулер енгізді, жұмыспен қамту және халықтың табысы саласындағы белсенділікті айтарлықтай әлсіретті. Біліктілігі төмен және тұрақсыз жұмыс істейтін жұмысшылар: даяшылар, жүк тиеушілер, тазалаушылар, сатушылар, ас үй жұмысшылары және басқалар ең көп зардап шеккендігін бәріміз жақсы білеміз.
Біздің аудан аймағының артықшылықтары мен әлеуетін, ыстық су көздеріндегі туризм потенциалын халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін қолдандық десек болады. Негізгі бағыт – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарды дамыту, сонымен қатар сауданы дамыту, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Ол үшін «Nur Otan» партиясы 6 ауылдық округтегі ұзындығы 332 шақырым болатын суармалы каналдарды қайта құру және күрделі жөндеуден өткізу арқылы суармалы жер көлемін 28,2 мың гектарға дейін жеткізіп, біртіндеп кеңейтуге ықпал ету және оларды 2025 жылға дейін аяқтауды алдына мақсат етіп қойды. 2025 жылға дейін Тиірмен ауылдық округі Ұзынтам ауылында 1 сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін жаңа өндіріс орындарының ашылуына мұрындық болып отырмыз.
2025 жылға дейін жеке инвестициялар есебінен 36,6 мың тонна қайта өңдеу қуаттылығы бар тағы бір ірі құс фабрикасын салу жоспарда бар. Жемістер мен көкөністерді қайта өңдейтін «Шонжы Агро» — 2021, Шонжы және Бахар ауылдық округтерінде «Агропроцессинг» ЖШС жеміс-жидек зауыты» — 2022 жылы іске қосылмақшы.
Бұл шаралар 4,5 мың жаңа жұмыс орындарын құруға және жұмыссыздық деңгейінің 2025 жылға қарай 4,0% -ға дейін төмендеуіне және еңбек өнімділігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. СOVID-19 пандемиясының салдарынан аудан экономикасының ең көп зардап шеккен саласы – туризм. Аймақтың ішкі туризмі Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен ыстық термалды сулары десек бұл бағытта да қолжетімді жоспарларымыз бар. Туристер санын 75 мыңнан 90 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік жасаймыз деп отырмыз. Біздің партияның тарихы Кеңес Одағының ыдырауынан басталады, ел үшін қиын әрі күрделі экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайлардағы кезеңнен басталады. Ел үшін қиын кезеңдердің туған шағы еді. Осы кезеңде еліміздің жаңа сыртқы және ішкі жағдайларға бейімделу үрдісі басталды.
Осыған дейін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын алға тарта отырып, Елбасы халыққа алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың нақты бағдарламасын ұсынды.
Өз ауқымы бойынша теңдесі жоқ реформаларды іске асыру қоғамның барлық құрылымдық күштерінің күш-жігерін шоғырландыруды талап етті. Сонымен қатар, сол кезде елде болған саяси партиялар қазақстандықтардың нақты сұраныстары мен үміттеріне жауап берген күн тәртібін ұсынуға және жүзеге асыруға қабілетсіз және халықтың кең қолдауына ие болған жоқ. Сондықтан жаңа пәрменді саяси күш – ел Президентінің партиясын құру қоғамдық-саяси жағдай мен халықтың үміттерімен объективті түрде байланысты болды.
Күрделі экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайларда партия өзінің басты мақсаты ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруды белгіледі және оны бұлжытпай жалғастырып келеді.
Біздің партияның көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Гүлденген Қазақстан – бұл, ең алдымен, мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын, қорғауын сезінген өзіне сенімді адамдар» деп айқындап берген болатын.
Осы жылдар ішінде партия өзінің қалыптасуы мен дамуы үдерісінде жеңістерге жетелеген қиын жолдардан өтті, соған қарамастан елдің жетекші саяси күшіне айналды. Жалпыұлттық көшбасшының партиясы және елдің ең ірі бұқаралық және ықпалды саяси күші ретінде қалыптасты.
«Nur Otan» партиясы – қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отыр. 1999 жылдың 1 наурызында жаңа партияның І құрылтай съезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның Төрағасы болып сайланды. Одан бөлек, Саяси кеңес пен Орталық тексеру комиссиясының құрамдары бекітіліп, партияның Жарғысы қабылданды.
Сондай-ақ, съезд делегаттары «Отан» республикалық саяси партиясы, Қазақстанның Халықтық бірлік партиясы, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан либералдық қозғалысы және «Қазақстан-2030 үшін» қозғалысының бірігуі туралы тарихи маңызға ие Резолюцияны қабылдады. Осы жылдар ішінде партия Елбасының басшылығымен Қазақстанымыз сенімді түрде алға жылжу үшін, Тәуелсіздігіміз нығая түсу үшін, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін, барлық қазақстандықтардың игілігінің арта түсуі үшін халықпен бірге қажымай-талмай жұмыс істеуде.
Партияның негізін қалаушы – Елбасы саясатының арқасында Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан қолайлы қоғам мен демократиялық мемлекет құрды. Партияны халықтың көпшілігі қолдайды – 2016 жылғы парламенттік сайлауда халықтың 82%-ы «Nur Otan» үшін дауыс берді. «Nur Otan» Қазақстанның стратегиялық бағытын жүзеге асыру төңірегінде халықтың бірігуінің өзегі болды. Бүгінде партияның белсенді мүшелерінің саны 1 млн-ға жуық адамды құрайды. Партияның 17 өңірлік және 247 аумақтық филиалы жұмыс істейді. БПҰ-ның саны – 6 мың. Бұл Қазақстанның әрбір ауылдық ауданында өздерінің бастапқы ұйымдары бар елдің жалғыз партиясы.
Осыған сәйкес көшбасшы партиямыздың аудандық филиалында бүгінгі күнде 20 бастауыш партия ұйымы, 3501 партия мүшесі жасақталған. Партияның аудандық филиалында партия жарғысына және ішкі ережелеріне сәйкес Саяси Кеңесі, Саяси кеңес бюросы, Партиялық бақылау комиссиясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі және депутаттық фракция сынды партия органдары жан-жақты қоғамдық қызметтер атқарып келеді. Партиялық бақылау комиссиясы мемлекет есебінен халықтың игілігі үшін бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалап, маңызды әлеуметтік нысандардың құрылыстары мен күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бастан аяқ бақылау арқылы оның сапалы әрі уақтылы қолданысқа берілуіне ықпал жасайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі де «Бармақ басты көз қысты» мәселелердің барлығын назардан тыс қалдырмай заң аясында талқылап отыруға тер төгеді.
Алдағы сайлау «Nur Otan» партиясының беделі мен абыройын тағы бір дәлелдейтіндігінде күмәнім жоқ. Өйткені дауыс беретін сайлаушылардың басым көпшілігі біздің партияластарымыз. Сондықтан алдағы сайлауда басым болатындығымызға сенімім мол.
Мәулен НҰРОВ,
«Nur Otan» партиясы Ұйғыр аудандық филиалының сайлауалды штабының төрағасы