А.Ж. 9 қазанында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасы Алик Шпекбаевтың Алматы облысына жұмыс сапары аясында қоғаммен, блогерлермен, бизнес-қоғамдастықпен және БАҚ өкілдерімен ашық диалогтық кездесу өтті.
Іс-шара Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде азаматтық қоғаммен сындарлы диалог құру мақсатында өткізілді.
Алик Шпекбаев бүгінде қоғамның белсенді қатысуынсыз сыбайлас жемқорлықты азайту, жою мүмкін емес екенін атап өтті, сондықтан бүгінде әрбір азамат, әрбір қоғам қайраткері, оның ішінде блогерлер мен журналистер парасаттылық идеологиясын ілгерілетуде және жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда ерекше рөл атқарады.
Кездесу барысында Агенттік Төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен Агенттіктің 2020 жылдың 9 айындағы қызметінің негізгі нәтижелерімен таныстырды.
Атап айтқанда, Алик Жатқамбайұлы қатысушыларға Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының үш пакетін жеткізді, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған трансформациялық процестермен, бюджет шығыстарын оңтайландыру жөніндегі алдын алу жұмысының нәтижелерімен, сондай-ақ парасаттылық идеологиясын ілгерілету жөніндегі жаңа тәсілдерімен таныстырды.
«Ашық диалог» түріндегі кездесу форматын ескере отырып, қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша, оның ішінде қоғамды саяси жаңғырту және демократияландыру призмасы арқылы өз пікірлерін білдіре алды.
Іс-шара барысында айтылған барлық мәселелер бойынша Агенттік Төрағасы толық түсініктемелер беріп, бірқатар нақты өтініштерді бақылауға алды.
Одан әрі Агенттік Төрағасы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 288 орындық жаңа «Студенттер Үйіне» барып, «Саналы ұрпақ» клубының көшбасшыларымен және «Ізгілік елшілері» еріктілер қозғалысының белсенділерімен кездесті.
А.Ж. Шпекбаев өңірге жұмыс сапар барысында «Open Талдықорған сервистік әкімдігі» және жаңа Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болды.
Іле ауданы Өтеген батыр кентінде Алик Жатқамбайұлы қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Агенттік жанындағы Республикалық арнайы мониторинг тобының төрайымы А.С. Соловьеваның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы аймақтық жобалық топтардың жетекшілерінің делегациясымен бірге Оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының ресми ашылуына қатысты. Ауданаралық бөлімшенің жаңартылған ғимараты Open Space форматында орындалған, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ашықтығын, қолжетімділігі мен транспаренттілігін айғақтайды.
Аталған іс-шара барысында Алик Шпекбаев Агенттіктің оңтүстік кореялық серіктестерінің атынан Балалар аймақтық ауруханасы мен Орталық аудандық ауруханаға 2 дана концентраторлар аппаратын тапсырды. Атап өткенде, бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің оңтүстік кореялық серіктестерімен коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күрестегі гуманитарлық көмектің екінші траншы.
Кездесу соңында Агенттік төрағасына Іле ауданы сервистік әкімдігінің жұмысы таныстырылды, қазақ қайраткерлері Абай Құнанбаев пен Шоқан Уәлиханов бейнеленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы муралдар көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті