Ермек Құралбекұлы, 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы болмаса, оның
орнын қандай құжат басады? Енді тұрғылықты жері бойынша тіркеу қажет емес пе?
Азаматтар қай мекенжайда тіркелгенін қайдан біле алады?
— Иә, Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы
талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болды.
Яғни, еш мемлекеттік орган, мектеп немесе медициналық ұйым азаматтардан
мекенжай анықтамасын сұрата алмайды. Тіпті халыққа қызмет көрсету орталығынан
да, электронды үкімет порталынан да анықтама алу мүмкіндігі болмайды. Енді қазақстандықтар
мекенжай мәліметін тек egov.kz электронды үкімет порталы және eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере
алады. Ал осы анықтамаларды сұратушы мелекеттік органдар мекенжай тіркеуі
туралы мәліметтіішкі істер
министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы өздері
алатын болады. Жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші
тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдаланады. Бұл тек
азамат ақпарат алуға рұқсат беретін бір
реттік SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция.
Осы мекенжай анықтамасын айналымнан алып тастау халыққа, мемлекетке қаншалықты
тиімді?
«Азаматтарға
арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы сараптама жүргізіп,
қазақстандықтардың жыл сайын әртүрлі ұйымдарға ұсыну үшін 20 миллионнан астам
анықтаманы басып шығаратынын анықтаған болатын. Оның жартысына жуығы – мекенжай
анықтамалары екен. Көбіне бұл анықтаманы жұмысқа орналасу, балаларды мектеп пен
балабақшаға тіркеу, банк қызметтерін алу кезінде, сондай-ақ әртүрлі мемлекеттік
бағдарламаларға қатысу үшін сұратқан. Осылайша, мекенжай анықтамаларының күші
жойылған кезде азаматтардың ХҚО-ға келу саны 10 миллион есе азаймақ. Сондай-ақ
қағаз айналымы да қысқарады.
Жаңа жоғарыда азаматтар eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тіркеуге
тұрған мекенжайларын тексере алады деп айтып өттіңіз. Бұл жүйеге тіркелу үшін
не керек?
Ағымдағы жылдың қазан айының басында электрондық
үкіметтің жаңартылған eGovmobile мобильдік қосымшасы іске қосылды. Қосымшаны
AppStore және PlayMarket-тен жүктеп алуға болады. Қосымша мемлекеттік
қызметтерді алу процесін айтарлықтай жеңілдетті, жетілдірілген
eGovmobile қолданыстағы электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) 4 таңбалы PIN-кодқа
немесе биометрия құрылғыларына (Face ID, Touch ID) тіркеп қоюға мүмкіндік
береді. Бір рет электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) PIN-кодқа немесе биометрия
құрылғыларына тіркеп алған қолданушы, жүйеге кіру және мемлекеттік қызмет алу
кезінде ЭЦҚ таңдап немесе пароль енгізіп әуре болмайды.
Сонда енді мелекеттік қызметтерді алуда ЭЦҚ-ның қажеттілігі жоқ па?
Иә, енді азаматтарға ЭЦҚ-ның қажеттілігі жоқ. Бүгінде біз
ұялы телефонымыздың бұғатын саусақ ізімен немесе Face ID-мен шешуді үйреніп
алдық. Дәл осылай бұл қосымшада да ЭЦҚ-ңызды өзіңіздің биометрияңызға тіркеп
алып, мемлекеттік қызмет алу барысында сұрауды өзіңіздің Touch ID немесе Face
ID-іңізбен растауға болады. Қазіргі уақытта бұл қосымшада 28 қызметтер
қолжетімді. Олар: базалық зейнетақы төлемін есептеу мөлшері туралы анықтама,
бала тууына байланысты төлемдер және бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы,
соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама, жылжымайтын мүліктің бар/жоғы
туралы анықтама және т.б.
Алдағы уақытта тағы қандай анықтамалар мен қызметтер қысқаруы мүмкін?
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш
өнеркісібі министрлігінің ұйымдастыруымен Astana Hub алаңында өткен «Цифрлық
күз басталды» кездесуінде «Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрайымы
Әсемгүл Балташева мекенжай анықтамасынан кейін жылжымайтын мүліктің бар-жоғы,
псих-нарко, туберкулезге қарсы диспансерлердің анықтамасы, жұмыссыз ретінде
тіркелу сияқты және т.б. анықтамалар да жойылуы туралы мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» композитті
түрде көрсетілетін қызмет түрлерін арттырмақ. Бұдан былай қандайда бір
мемлекеттік қызметті алу үшін толтырылатын өтініш саны азайтылатын болады.
Келесі жылы қызмет көрсету процесін оңтайландыру үшін 55 түрлі мемлекеттік
қызмет 21 түрлі композиттік қызметке біріктіріледі деп жоспарланып отыр.
Мысалы, бұрын зейнет жасындағы азаматтар құжаттарын
дайындау үшін ХҚО-ға келіп жасына байланысты және базалық зейнетақыны төлеу
бойынша 2 өтініш беретін, бір айдан кейін қайтадан мемлекеттік кепіл төлем
жасау туралы өтініш жазатын. Одан кейін
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып, тағы бір өтініш толтыратын.
Ал бір жыл бұрын жоғары сұранысқа ие бұл қызмет композиттік әдіспен рәсімделе
бастады. Қазір азаматтар осы 4 қызмет үшін ХҚО-ға бір-ақ рет барып, бір ғана
өтініш жазатын болды. Одан бөлек, жер актісін алу қызметі де үлкен сұранысқа
ие. Қызметті алу үшін 4 түрлі өтініш жазу керек. Сондықтан мемлекеттік
корпорация басшылығы 2020 жылдан бастап бұл актілердің барлығы біріктіріп,
«Сәйкестендіру құжаттарын әзірлеу және беру» сияқты бір қызмет арқылы
қолжетімді етуді жоспарлауда.
Сұхбатыңызға
рақмет!