Біздің бала кезіміз кітапқұмарлықпен,
газет-журнал оқумен тығыз байланыста болғандықтан ба, ішкі жан дүниеміздегі
қалыптасу, өзгерістердің бәрін-бәрін сол кітаптағы кейіпкерлерге ұқсатып сезінетінбіз.
Солардың бойындағы жақсы, сүйкімді қасиеттерді бойымызға сіңіруге тырысатынбыз.
Ал сонан соң нарық дедік, басқасын айттық, рухани құндылықтарды материалдыққа
айырбастап, қарынның қамын алдыңғы орынға шығарып қойдық. Бәріміз бай болғымыз
келді. Экономикамыз мықты болса, өзіміз де мықтымыз деген түсінік там-тұмдап
санамызға сіңе бастады. Бірақ уақыт оның теріс екендігін дәлелдеп берді. Рухани
жан дүниеміздің құлази бастаған сәтінде тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа
бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды.
Тәуелсіздіктің осылайша әр қилы қиындықтарын,
тоқырауларын, дағдарыстарын бастан өткеріп барып, адамзат үшін басты құндылық
рухани жан дүниенің байлығы екендігіне көзіміз анық жеткендей. «Болашаққа
бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың да мән-мағынасы ұлттық код,
ұлттық мәдениет, ұлттық бірегейлік сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайтындығын
дәлелдеген мақала. Әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ
тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім
алуға мүмкіндік жасаймыз деп отырмыз. Оқулықтарымыз, оқитын кітаптарымыз
өзіміздің, қоғамымыздың өркендеуіне септігін тигізер болса кітап оқудан неге
қашқақтаймыз. Ал кітап оқитын жер, әрине кітапхана. Аудандық кітапханамыз облыс
деңгейіндегі мақтаулы мәдениет ошақтарының бірі. Кітап оқуға ғана емес, оны тақырыбына
сай таңдауға да мүмкіндік мол. Бұл мәдениет орны әртүрлі шаралар өтетін алтын
бесікке де айналғаны жасырын емес. Жұмысбасты жандар кейде кітапханаға келуге
уақыт таппай жататыны бар. Осындай келеңсіздіктерден шығатын жолды
кітапханашылар буккроссинг өткізу арқылы тапты. Оқырмандардың кітапқа деген
қызығушылықтарын арттырып, олардың рухани жан дүниелеріне жылулық сыйлау мақсатымен
кітапханашылар Ш.Үмбетжанова мен А.Шаваевалар жаңа келген кітаптармен таныстыру
үшін аудандық пошта торабы мекемесі мен «Халық банкі» аудандық филиалына барып,
«Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты тақырыпта буккроссинг өткізді. Жаңа
кітаптардың ішінде жас буын талапкерлер Айгерім Тұрлықожаның «Тамшылар»,
Мағрипа Сандуғаштың «Балауса сезім», Алмас Нүсіптің «Түтінің өшпесін»
кітаптарын таныстырды.
Ұлт
руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы аясында
осындай шаралардың өтуі құба-құп. Жақсы кітаптар көп. Тек оларды талғаммен оқу
әр адамның өз еркінде. Заманға лайықты психологиялық тұрғыдан адамның өресін,
санасын өрге сүйрейтін білім десек, ол білімді кітап арқылы алатынымыз рас.
Сондықтан кітапханашылардың бұл бастамасы жалғасын тауып, аудандағы барлық
мекеме қызметкерлерінің жаңа кітаптармен танысуларына мүмкіндік жасалатынына
сеніміміз мол.
Әбзелқан
МАЛДЫБЕКОВА, кітапханашы